«Tesla-ның басты активі – Маск». Сарапшылар әлсіз есепке қандай реакция білдірді?

Инвестбанктер тоқсандық есептен кейін Tesla акциялары бойынша ағымдағы негізгі бағалауларын сақтап қалды. Акцияларды сатуға кеңес бергендер жаңа оптимизмге себеп көрмегенін, ал сатып алуға кеңес бергендер компанияға сенімін жоғалтпағанын және робот-такси жобасы мен Optimus роботтарына қатысты жаңалықтарды күтетінін айтты. Tesla алдыңғы кеште соңғы 10 жылдағы табыстың ең ірі төмендеуін хабарлағанынан кейін 24 шілдедегі сауда-саттықта акциялары 9,5% құлдырады. Сонымен қатар, бас директор Илон Маск инвесторларды алда бірнеше «ауыр тоқсанға» дайын болуға шақырды.
Уолл‑стрит есепке қандай реакция білдірді?
Tesla-ға қатысты ең оптимист мамандардың бірі Wedbush сарапшысы Дэн Айвз компания акцияларын «сатып алуға» кеңес беруді жалғастыруда және Уолл-стриттегі ең жоғары таргетті — $500 деп ұсынды. Бұл ағымдағы котировкадан 65% жоғары. «Мен Tesla-ны жай ғана автокомпания деп қарастырмаймын және қысқа мерзімді жеткізілімдер мен электромобильдерге берілетін салықтық жеңілдіктерге байланып қалмаймын. Бұл — автономды технологиялар мен роботтар туралы әңгіме. Жасанды интеллект революциясы енді ғана басталды», — деді Айвз Bloomberg эфирінде.
Оның айтуынша, Tesla-ны $1 трлн капитализацияға жеткізетін жалғыз жол — робот-такси мен автономды басқару технологиялары. Айвз: егер компания бір жыл ішінде 25 қалада робот-такси қызметін іске қосып, гуманоидты Optimus роботтарын шығара бастаса, Tesla-ның болашақтағы құнының 90%-ы автомобиль жеткізілімінде емес, дәл ЖИ саласында шоғырланады. Сонымен қатар, Айвз есептен кейін өткен конференц-колл тарихтағы ең сәтті кездесу болмағанын мойындайды. Маск сол кезде алда бірнеше «ауыр тоқсан» бар екенін айтқан.
«Әрине, конференц-коллды сынауға болады — уәде көп болды. Бірақ меніңше, егер Маск айтқандарының тек 20–30%-ы ғана жүзеге асса да, акциялар қазіргі деңгейден 70–80%-ға дейін өсуі мүмкін», — деді Айвз.
Сарапшының пікірінше, дағдарысты еңсеру үшін мемлекеттік қызметтен кеткен Илон Маск қазір Tesla-ға толықтай назар аударуы қажет, өйткені Tesla-ның басты активі — Масктың өзі.
— Goldman Sachs сарапшысы Марк Делани Tesla акцияларының таңдалған баға деңгейін $285-тен $300-ге дейін көтеріп, бейтарап рейтингін сақтады. Ол 2026 жылы Tesla-ның табыс пен пайданың өсу қарқыны жақсарады деп күтеді, дегенмен 2025–2027 жылдарға арналған болжамдары FactSet консенсусынан төмен күйінде қалды.
«Біз үшін әрі қарай инвесторлар үшін басты мәселе — Tesla-ның табыс пен пайданы ЖИ негізіндегі өнімдер есебінен арттыра алуы, атап айтқанда, робот-такси, автономды басқару жүйесі (FSD) және жаңа модельдер, әсіресе бәсекелестік пен саясаттың күшеюі жағдайында», — деп жазды Делани CNBC келтірген жазбасында.
Сондай-ақ сарапшы электромобильдерге берілетін субсидиялардың төртінші тоқсанда аяқталуы қысқа мерзімді сату көлеміне қысым жасауы мүмкін екенін атап өтті. Бірақ ЖИ өнімдеріне, соның ішінде робот-такси, FSD және Optimus бағыттарына көшу — ұзақ мерзімді перспективада күшті драйвер болады, деп есептейді Делани.
— Wells Fargo сарапшысы Колин Ланган Tesla акцияларына «нарықтан төмен» деген рейтингті және $120 көлеміндегі мақсатты бағаны сақтады, бұл ағымдағы котировкадан 60% төмен. «Операциялық маржа күткеннен жоғары болғанына қарамастан, есептен кейін акциялар құлдырады — екінші жартыжылдықта іргелі көрсеткіштер нашарлап барады. Tesla жеткізу бойынша жаңа ақпарат ұсынған жоқ және баж салығының өсуі, жаңа салық заңын қабылдау және электромобильдерге субсидияның жойылуы салдарынан қосымша қысым болатынын ескертті», — деп жазды Ланган.
Ол Масктың оптимистік мәлімдемелеріне қарамастан, робот-такси қызметіне қатысты сақтық ұстанып отыр. Маск бұл сервистің «жыл соңына дейін АҚШ халқының жартысын қамтуы мүмкін» екенін және Optimus 3 прототипін де сол уақытқа дейін таныстыратынын айтқан болатын. Алайда Ланганның пікірінше, робот-таксиді және Optimus гуманоидтарын ауқымды түрде енгізу күткендегіден ұзаққа созылуы мүмкін, бұл негізгі бизнестің әлсіреуі жағдайында тәуекелдерді арттырады, деп жазады CNBC.
— Tesla-ға қатысты бұқалы көзқарасымен танымал Morgan Stanley сарапшысы Адам Джонас компания акцияларына «нарықтан жоғары» деген ұсынымды растады және $410 көлеміндегі мақсатты бағасын өзгертпей қалдырды. Алайда ол 2025 жылға арналған акцияға шаққандағы пайда өсімі бойынша болжамын 14% төмендетті, себебі жеткізілімнің қысқаруы және операциялық шығындардың артуы байқалады.
«Екінші тоқсан бойынша есеп күткеннен сәл жақсы шықты, ал еркін ақша ағымы нөлге жақын. Tesla автономды жүргізуге көшіп жатыр, бірақ сонымен қатар көлемдердің төмендеуімен, электромобиль сатып алуға берілетін субсидиялардың жойылуымен, баж салығымен және жақын арада рентабельді болмайтын ұзақмерзімді жобаларға салынатын инвестициялармен бетпе-бет келуде», — деп жазды Джонас. «Біз деректер, робототехника, жасанды интеллект, өндіріс пен инфрақұрылым салаларында дәл осындай әлеуеті бар басқа компанияны атай алмаймыз», — деді ол.
— Bank of America сарапшысы Федерико Меренди Tesla акцияларына бейтарап рейтингін және $341 мақсатты бағасын сақтап қалды. Ол Масктың болжамымен келісіп, «ауыр тоқсандар алда» деп есептейді. «Tesla жасанды интеллект бағытын дамытуға қатысты, атап айтқанда автономды көлік, робот-такси және Optimus жобаларына байланысты оптимизмін сақтады. Бірақ сонымен қатар компания елеулі қиындықтарға тап болып отыр», — деп жазды Меренди.
Сондай-ақ ол баж салығының ықпалы күшеюі мүмкін, бірақ 2026 жылдың соңына қарай автономды жүргізудің жаппай енгізілуі жағдайында Tesla-ның экономикалық моделі әлдеқайда сенімді көрінуі мүмкін екенін атап өтті.
— Evercore ISI сарапшысы Крис Макнелли Tesla акцияларына бейтарап рейтингін сақтап, $235 көлемінде таргет белгіледі. Ол үшінші тоқсандағы есепте жаңа модельдердің баяу іске қосылуы мен баж салығының қысымы көрініс табады деп күтеді. «Пайда бойынша болжамдарды төмендету ұзақмерзімді үрдіске айналды, — деп атап өтті ол. — Біз үшінші тоқсаннан кейін консенсус түзеледі деп есептейміз»,
Baird сарапшысы Бен Калло Tesla акцияларына «ұстау» рейтингін беріп, ағымдағы деңгейдегі $320 таргетті бекітті. «Робот-такси жобасы басты назарда, бірақ әлі де белгісіздік басым, — деп жазды ол есеп жарияланардың алдында Barron’s келтірген жазбасында. — Біз Tesla-ның жоспарларын уақытылы жүзеге асырып, шығындарды ұстап, жобаны қажетті көлемде жүзеге асыруға сенімді емеспіз».








