Tesla екінші тоқсан қатарынан Уолл-стритті көңілден шығара алмады

Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, бұл есеп кейінгі жылдардағы ең сәтсіз бірі саналады. Сарапшылар бұған бәсекелестердің қысымы мен Tesla бас директоры Илон Масктың әрекеттеріне тұтынушылардың теріс көзқарасы себеп болды деп санайды.
Егжей-тегжейі
Tesla компаниясының автокөлік сегментінен түскен табысы екінші тоқсанда 16%-ға төмендеп, 16,7 млрд долларды құрады. Сатылым қатарынан екінші тоқсанда азайып отыр. Бұл инвесторлар үшін күтпеген жаңалық болмады, себебі шілденің басында компания жеткізілім көлемінің 13%-ға азайып, 384 мың данаға жеткенін хабарлаған болатын.
Сонымен қатар, көмірқышқыл квоталарын сатудан түскен табыс 26%-ға, яғни 439 млн долларға дейін азайды. Бұған Дональд Трамптың бұл квота талаптарын сақтамаған автокомпанияларға айыппұлдарды жою туралы шешімі себеп болды. Салыстыру үшін: бірінші тоқсандағы табыс 595 млн долларды, ал бір жыл бұрын — 890 млн долларды құраған. Bloomberg бұл көрсеткіштің төмендеуі жалғасуы мүмкін деп болжайды.
Tesla Energy бағытындағы (энергия өндіру және сақтау) табыс та азайды. Алайда «қызметтер мен басқа» сегментінде, атап айтқанда Supercharger зарядтау станциялары желісінде өсім байқалды. Компания есебінде бұл табыстың жылдық өсімі 17%-ды құрағаны, бұл өсім зарядтау көлемінің артуымен байланысты екені айтылған. Бір жыл ішінде Tesla 2900-ден астам жаңа зарядтау құрылғысын іске қосқан, бұл өткен жылмен салыстырғанда 18%-ға көп. Қазір Supercharger желісінде бүкіл әлем бойынша 7377 станция бар.
Нәтижесінде, Bloomberg бұл тоқсанды соңғы он жылдағы ең әлсіз кезең деп атады. Жалпы табыс 12%-ға азайып, 22,5 млрд долларды құрады. Ал LSEG болжамы 22,74 млрд болған. EPS (бір акцияға шаққандағы түзетілген табыс) $0,4 болды, ал Уолл-стрит $0,43 күтті . Tesla-ның таза табысы екінші тоқсанда $1,17 млрд-қа (0,33 $ акция) төмендеді. Былтыр бұл көрсеткіш 1,4 млрд $ (0,4/акция) болған.
Есеп жарияланғаннан кейін Tesla акциялары постмаркетте 3%-ға төмендеп, 322,8 $болды. 23 шілдедегі негізгі сауда сессиясында олар 1%-ға өсіп, кейін қайта арзандады. Жыл басынан бері компания акциялары 18%-ға құлдыраған.
Tesla табысына не әсер етуде?
Tesla бас директоры Илон Масктың саяси белсенділігі брендтің беделіне нұқсан келтірді. Былтыр Маск Дональд Трамптың сайлауалды науқанын қолдаған еді. Трамп президент болған соң, Маск мемлекеттік қызметке тағайындалып, мемлекеттік шығындарды қысқартуға күш салды. Бұл әрекеттер дәстүрлі түрде Tesla-ны қолдайтын солшыл аудиторияның наразылығын тудырды, деп жазады Bloomberg.
Маск Германияның ультраоңшыл AfD антимигранттық партиясын қолдаған соң, Еуропада Tesla-ға қарсы наразылықтар басталды. Мамыр айында Маск мемлекеттік қызметтен кеткенімен, жуырда оның жеке компаниясы SpaceX инвесторларға оның саясатқа қайта оралу қаупі барын ескертті. Трамп пен Маск арасындағы келіспеушіліктерден кейін Трамп Tesla-ны мемлекеттік субсидиялар мен келісім-шарттардан айыруға уәде берді. Ал Маск өз саяси партиясын құратынын айтты.
Сатылымға сонымен қатар бәсекелестердің қысымы да әсер етуде. Әсіресе Қытай нарығында жергілікті компаниялар арзанырақ электромобильдер шығарып жатыр. Бұл көліктерде автопилот функциясы стандартты болып табылады, ал Tesla-да ол тек премиум пакетпен ұсынылады, деп жазады CNBC.
Тоқсан нәтижелеріне арналған конференцияда Маск инвесторларға алдағы бірнеше тоқсан қиын болатынын ескертті. Себебі АҚШ-та электромобильдерге берілетін салық жеңілдіктері жойылып жатыр.
Tesla қандай бағыттарға үміт артады?
Компания Tesla Robotaxi және арзанырақ модель жобаларымен алға жылжып жатқанын айтты. Бұл мәлімдеме инвесторларды сәл де болса сабырға түсірді. Акционерлерге жолдаған хатында Tesla маусым айында қолжетімді көлік моделін құрастыра бастағанын, ал жаппай өндіріс 2025 жылдың екінші жартысында басталатынын жазды. Тоқсандық есеп беру конференциясында Маск бұл қолжетімді модель Model Y-дің жеңілдетілген нұсқасы болатынын айтты. Бұл кейбір инвесторлар үшін көңілсіз жаңалық, себебі олар Model 2-ні күткен еді.
Кейбір инвесторлар әлсіз қаржылық есептерге қарамай, Масктың болашаққа жасаған уәделеріне сенеді. Олар Tesla-ны жасанды интеллект, гуманоид робот Optimus және автономды көліктер арқылы болашаққа бастайтын компания ретінде көреді.
«Егер Tesla-ны жай ғана автокөлік компаниясы деп қарасақ, тоқсан сәтсіз өтті, – деп жазды Vital Knowledge компаниясының негізін қалаушы Адам Крисалуффи. – Бірақ егер оны жасанды интеллект пен робототехника алыбы ретінде қарастырсақ, екінші тоқсаннан кейін де оның болашағына деген көзқарасыңыз өзгермейді».
Инвесторлар әлі де роботакси жобасының болашағына қатысты көбірек ақпарат күтуде. Қызметтің Техастың Остин қаласында қаншалықты тез дамып, басқа нарықтарға қанша уақытта шығатыны маңызды. Tesla бұл қызметті жетілдіріп, кеңейтуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді, бірақ нақты мерзім мен аймақтарды атаған жоқ.
Оптимистер роботакси сынақтарын жақсы белгі ретінде қабылдап отыр. Бірақ Bank of America сарапшылары CNBC-ге берген пікірінде, бұл жоба жақын арада елеулі қаржылық табыс әкелмейді деп ескертті.








