Трамп Tesla мен SpaceX субсидиядан қағылады деп ескерту жасады

АҚШ президенті Дональд Трамп шағын үзілістен кейін Илон Маскқа қатысты сынын қайта жандандырып, Tesla мен SpaceX басшысын америкалық бюджет есебінен артық субсидия алуға әуестенді деп айыптады. Ол мемлекеттік қаржыландыруды тоқтатуға уәде беріп, қорқытып сөйледі. Tesla акциялары бұл мәлімдемеге құлдыраумен жауап берді.
Егжей-тегжейлі
«Илон, тарихтағы кез келген адаммен салыстырғанда, субсидияны еселеп көп алғандардың бірі шығар. Бұл қолдаусыз оған бизнесін жабуға және Оңтүстік Африкадағы үйіне қайтуға тура келер еді», — деп жазды Трамп Truth Social желісінде. «Зымыран да, спутник те, электромобиль де енді болмайды — есесіне еліміз қыруар ҚАРЖЫ үнемдейді. Мүмкін, осыны [тиімділік департаменті] DOGE мұқият зерттеп көрер? ҮЛКЕН ҮНЕМ!!!» — деп қосты ол.
Трамптың бұл мәлімдемесі Маск бірнеше апта үнсіздіктен кейін Трамп қолдап отырған салықты азайтып, шығыстарды арттыруға бағытталған заң жобасын қайта сынағаннан соң айтылды. Кәсіпкер бұл құжатты қолдаған конгрессмендерді орнынан кетіруге тырысатынын мәлімдеді. Бұл — бұрынғы уәделеріне қарама-қайшы, өйткені олар мемлекеттік шығындарды шектеуге сөз берген еді. Маск тағы бір мәрте жаңа саяси партия құруды ұсынды. Оның айтуынша, көптриллиондық бюджет шығындары «біз бірпартиялық елде өмір сүріп жатырмыз — ЖӘРДЕМАҚЫ ПАРТИЯСЫНДА!» дегенді білдіреді. Трамптың электромобильдер мен ғарыштық жобаларға субсидияны тоқтатам дегеніне Маск өзінің X платформасында қысқа жауап берді: «Мен нақты айтамын — БӘРІН ТОҚТАТЫҢДАР. Дереу!»
Акциялар қалай әрекет етті
Осы жаңалық аясында Tesla акциялары Nasdaq биржасындағы сауда алдында 5%-ға төмендеді. 30 маусымда Deutsche Bank Tesla акциялары бойынша «сатып алу» (Buy) ұсынымын және бір акцияға $345 мақсатты бағаны растады, ал JPMorgan — «сату» (Sell) ұсынымымен $115 бағаны бекітті. Электромобиль өндірушісінің консенсус-инвестрейтінгі соңғы айларда бейтарап деңгейде (Hold) сақталып келеді. Орташа мақсатты баға — $311, бұл акциялардың бір жыл ішінде шамамен 2%-ға төмендеуін білдіреді.
SpaceX акциялары биржада саудаланбайды. Биржадан тыс нарықта 2025 жылы Масктың бизнес-империясындағы қиындықтар мен ғарыштық технологиялар секторындағы тұрақсыздыққа қарамастан, Starlink спутниктік желісі мен ғарыштық зымыран өндіруші компанияның акциялары тұрақтылығын сақтап тұр, деп жазады Crunchbase. Forge платформасының мәліметінше, 2025 жылдың басынан бастап SpaceX акциялары 7%-ға өсті.
Tesla мен SpaceX мемлекеттен қанша қаржы алды
Tesla алған мемлекеттік қолдаудың басым бөлігі электромобильдерге салықтық шегерімдер мен энергетикалық инфрақұрылымға инвестицияларға байланысты. Ал SpaceX NASA мен АҚШ Ғарыш күштерінің негізгі мердігеріне айналды. The Washington Post басылымының есептеуінше, Илон Маск пен оның компаниялары соңғы жиырма жылдан астам уақытта мемлекеттік келісімшарттар, несиелер, субсидиялар мен салықтық жеңілдіктер түрінде $38 млрд алған. Осы соманың үштен екісінен астамы соңғы бес жылда бөлінген.
2024 жылы федералды және жергілікті билік органдары Масктың компанияларына рекордтық $6,3 млрд бөлді. The Washington Post дерегінше 2016 жылдан бері SpaceX жыл сайын кемінде $1 млрд көлемінде мемлекеттік келісімшарттар мен жеңілдіктер алған, ал 2021–2024 жылдар аралығында бұл сома жылына $2–4 млрд аралығында болған. Ал Tesla 2020 жылдан бері жыл сайын АҚШ үкіметінен $1 млрд-тан астам алады.
Контекст
2 шілдеде Tesla екінші тоқсанға арналған электромобиль сату көрсеткіштерін жариялауы тиіс. Reuters-тың хабарлауынша нарық бұл көрсеткіштің төмендеуін күтуде. Visible Alpha болжамына сәйкес екінші тоқсанда Tesla 394 мың көлік жеткізеді — бұл өткен жылмен салыстырғанда 11%-ға аз. Бірінші тоқсанда бұл көрсеткіш 13%-ға төмендеген болатын.
2025 жылы өсімге шығу үшін Tesla жылдың екінші жартысында 1 млн-нан астам көлік сатуы керек. Бұл рекордтық көрсеткіш болмақ және маусымдық белсенділікті ескергеннің өзінде айтарлықтай күш салуды қажет етеді. Үміт — жаңа қолжетімді үлгіде. Бұл ықшамдалған Model Y нұсқасы болуы мүмкін. Tesla өндірісті маусым соңына дейін іске қосуды уәде еткен, бірақ Reuters-тың мәліметінше шығарылым бірнеше айға шегерілген.








