Robinhood OpenAI мен SpaceX токендерін іске қосты. Нарық қалай жауап берді

Robinhood OpenAI мен SpaceX компанияларының токенделген акцияларымен сауданы іске қосты. Бұл активтерге Еуроодақ аумағында кең аудиторияның қолы алғаш рет жетіп отыр. Әлемдегі ең қымбат, бірақ биржаға шықпаған стартаптарға инвестиция салу мүмкіндігі нарықта үлкен резонанс тудырды. Robinhood акциялары тарихи максимумға жетті, ал осы токендердің негізі болып саналатын Arbitrum криптовалютасы күрт қымбаттады.
Егжей-тегжейлі
Robinhood пайдаланушыларға 200-ден астам америкалық акциялар мен ETF-тердің цифрлық көшірмелерін ұсынуды бастады. Олардың қатарында биржаға шықпаған OpenAI мен SpaceX те бар. Осыдан кейін Нью-Йорктегі негізгі саудада Robinhood акциялары бірден 13%-ға өсіп, бір акцияның бағасы $93,6-ға жетіп, жаңа тарихи шекті жаңартты. Сауда жабылғаннан кейін, постмаркетте бағалар тағы 3%-ға көтерілді.
Жаңа функцияны атап өту үшін Robinhood ЕО елдеріндегі әрбір пайдаланушыға 5 еуро көлемінде OpenAI мен SpaceX токендерін тегін ұсынады — тек 7 шілдеге дейін саудаға қосылу қажет. Жалпы, бұл промокампанияға $1 млн OpenAI токендеріне және $500 мың SpaceX токендеріне бөлінген. CNBC атап өткендей, Robinhood алғаш рет биржаға шықпаған компаниялардың токенделген акцияларын ұсынып отыр — бұл, әсіресе, ЕО-дағы жеңілдетілген реттеудің арқасында мүмкін болды. АҚШ-та мұндай инвестицияларға тек аккредитациядан өткен инвесторлардың қолы жетсе, Еуроодақта токендермен сауда жасау үшін платформаның негізгі талаптарына сай болу жеткілікті, дейді Robinhood-тың криптобөлімінің жетекшісі Йохан Кербрат.
Қалай жұмыс істейді
Robinhood-тағы токенделген акциялар Ethereum-ның екінші деңгейлі желісі — Arbitrum негізінде токен түрінде шығарылады. Жаңа мүмкіндік Robinhood-тың Еуроодаққа арналған криптокосмос қосымшасына енгізілген. Coindesk мәліметінше бұл қосымша енді криптовалюта негізіндегі әмбебап инвестициялық платформаға айналып отыр. Cointelegraph атап өткендей, осы жаңалықтың қарсаңында Arbitrum бағасы Robinhood-пен серіктестік жөніндегі қауесетке байланысты бірден 17%-ға өскен.
Robinhood болашақта токенделген активтерге арналған жеке желісін де іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл желі тәулік бойы үздіксіз (24/7) сауда жасауға мүмкіндік береді, пайдаланушылардың цифрлық активтерін делдалсыз сақтауға жағдай жасайды және токендерді әртүрлі блокчейн желілері арасында — мысалы, Ethereum-нан Arbitrum, Solana немесе Robinhood-тың болашақ желісіне — еркін ауыстыруға жол ашады. Coindesk деректеріне сүйенсек, бұл желі 2025 жылдың соңында немесе 2026 жылдың басында іске қосылуы мүмкін.
OpenAI мен SpaceX-тің бағасы қалай өсуде
OpenAI 2025 жылдың наурызындағы қаржыландыру раундында $300 млрд-қа бағаланды. ChatGPT-ге деген әлемдік қызығушылықтың арқасында компания құны соңғы 6 жылда 300 есеге өсті. Жеке компаниялардың акцияларымен сауда жасауға арналған Forge платформасының деректері бойынша, 2025 жылдың маусымына қарай OpenAI-дің нарықтық бағасы $325 млрд-қа дейін көтерілген. CB Insights-тің ең қымбат стартаптар тізімінде OpenAI TikTok-тың иесі — Қытайдың ByteDance компаниясымен бірге екінші орынды бөлісіп тұр.
Тізімнің басында — SpaceX. Компания 2024 жылдың желтоқсанындағы ішкі тендерлік ұсыныс негізінде $350 млрд-қа бағаланған. Бұл — алты жыл бұрынғы құнынан 10 есе көп. Иллон Маск негізін қалаған, қайта пайдаланылатын зымырандар шығаратын компанияның қазіргі бағасы бұдан да жоғары. Forge платформасындағы саудаға сәйкес, SpaceX-тің ағымдағы капитализациясы $426,5 млрд-қа жетіп отыр.








