Енді «көгершіндер» басқарады: Уолл-стрит ФРЖ-ның мөлшерлемені төмендетуін бағалады

Уолл-стрит сарапшылары ФРЖ-ның мөлшерлемені төмендетуін регулятордың «көгершіндік» бағытын растау деп бағалады. Көпшілік мамандар 2025 жылы тағы екі рет төмендеуін, ал 2026 жылы жаңа қадамдар жасалуын күтеді. Кейбіреулердің айтуынша, ФРЖ инфляциядан гөрі экономиканың баяулауына алаңдап отыр және бірлікті көрсетуге тырысуда. Алайда басқалар FOMC мүшелерінің арасында жасырын пікір қайшылықтары бар дейді.
Егжей-тегжейі
BI сарапшысы Одри Чайлд-Фриманның сөзінше, мөлшерлеменің төмендеуі мен ФРЖ-ның ресми мәлімдемесі «көгершіндік» болжамды растады. Ол Bloomberg-ке берген пікірінде: «Біз биыл тағы екі рет төмендеуді, ал 2026 жылы жаңа қадамдарды күтеміз. Бұл евро/доллар бағамы бойынша $1,2 деңгейіндегі болжамымызды қолдайды», — деді.
Goldman Sachs макростратегия бөлімінің басшысы Саймон Дангуур Reuters-ке: «Қазанда және желтоқсанда мөлшерлеме тағы 25 б.п.-ға төмендеуі мүмкін. FOMC мүшелерінің көбі осы жылы екі рет қысқартуға бейім. Бұл комитетте «көгершіндердің» басым екенін көрсетеді. Траекторияны өзгерту үшін инфляцияда айтарлықтай секіріс не еңбек нарығының күрт қалпына келуі қажет», — деді.
AmeriVet Securities-тен Грегори Фаранелло ФРЖ-ның инфляциядан гөрі экономиканың баяулауына көбірек алаңдап отырғанын айтты. Оның пікірінше, реттеуші инфляция 2% мақсатынан жоғары болса да, мөлшерлемені түсіруді жалғастырады. Дауыс беруде үлкен қайшылық болмауы (бір ғана мүше 25 б.п. емес, 50 б.п. төмендетуді жақтады) FOMC мүшелерінің бірлігін көрсетеді.
Ал CIBC Capital Markets сарапшысы Али Джаффери бұған келіспейді. Оның ойынша, комитет ішінде көзқарас айырмашылықтары көбірек. «Бір тарап еңбек нарығының әлсіреу қаупіне байланысты жылдам қысқартуды қалайды, екінші тарап стагфляциядан қауіптенеді. Сондықтан қысқарту қарқыны агрессивті емес. Пауэлл үшін комитеттің атынан сөйлеу өте қиын», — деді ол.
Spartan Capital Securities-тің бас экономисі Питер Кардилло ФРЖ мәлімдемесін «көгершіндік» деп атады. Оның айтуынша, «нүктелік график» 2025 жылы үш рет қысқартуды (жалпы 75 б.п.) көрсетеді. Бірақ еңбек нарығы әлсіресе, бұл жоспар өзгеруі мүмкін. Инфляцияға қатысты күтулер сәл артты, бірақ айтарлықтай емес. «Бұл нарыққа ұнайды», — деді Кардилло.
Annex Wealth Management бас экономисі Брайан Якобсен шешім күткендегідей болды дейді. Оның айтуынша, басты өзгеріс — маусымда белгіленген екі қысқартудан биыл үш қысқартуға көшу. «Экономикалық өсім күткеннен мықтырақ болды, инфляция жеңілдеу шықты, ал еңбек нарығы тезірек баяулады. Бұл дүрбелең емес, әрі ондай болмауы тиіс», — деді ол.
Контекст
16–17 қыркүйектегі екі күндік отырыстан кейін FOMC негізгі мөлшерлемені 25 б.п.-ға түсірді — бұл 2025 жылғы алғашқы төмендету. Енді ол 4–4,25% деңгейінде. Бұл нарық пен экономистердің болжамымен толық сәйкес келді. ФРЖ жариялаған «нүктелік график» бойынша биыл тағы 50 б.п.-ға төмендету күтіледі. 2026 жылы — 25 б.п.-ға.
Сонымен бірге FOMC экономикалық болашаққа қатысты белгісіздіктің жоғары екенін айтты. Bloomberg-тің мәліметінше, ФРЖ биыл алғаш рет еңбек нарығын «тұрақты» деп атаудан бас тартты. Жиыннан кейінгі баспасөз мәслихатында Джером Пауэлл еңбек нарығының енді тұрақты емес екенін растады. Ол сонымен қатар «жұмыспен қамтуды барынша қолдауға және инфляцияны 2% мақсатқа қайтаруға ддайынмын» деді.








