«Енді олар нарықта үстем емес»: Еуропада Tesla сатылымы күрт төмендеді

Қыркүйекте бірнеше нарықта өсім байқалғаннан кейін, қазанда Tesla-ның Еуропадағы сатылымы күрт төмендеді, деп жазды Reuters. Ең үлкен құлдырау Швецияда тіркелді — бір айда бар болғаны 133 жаңа Tesla көлігі сатылған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 89% аз. Данияда сатылым — 86%, ал Норвегия, Нидерланд және Италияда шамамен екі есе қысқарған. Испанияда көрсеткіш шамамен үштен бірге төмендеді.
Қазан айында ерекшеленген жалғыз ел — Франция: мұнда тіркелген Tesla көліктерінің саны 2,4% артқан. Алайда, Bloomberg атап өткендей, бұл өсім төмен база әсерімен түсіндіріледі — 2024 жылдың қазанында Франциядағы Tesla сатылымы жылдық мәнде 47% құлдыраған. Биылғы жылдың алғашқы он айында елде тіркелген Tesla көліктерінің саны 30% азайды.
Контекст
Қазан айында Tesla үшінші тоқсандағы рекордтық сатылымы туралы хабарлады. Өсімнің басты себебі — АҚШ-та сұраныстың күрт артуы: сатып алушылар 30 қыркүйекке дейін ғана күшінде болған салықтық жеңілдікті пайдаланып қалуға тырысқан. Алайда Bloomberg жазғандай, Еуропада Tesla сатылымы бірнеше тоқсан қатарынан әлсіз болып тұр — бұған ескірген модельдер қатары мен Илон Масктың саяси көзқарасына теріс реакциялар әсер еткен. 2025 жылдың тоғыз айында Еуропада Tesla сатылымы жылдық мәнде 28,5% азайды.
«Қазір сатып алушылардың таңдауы бұрынғыдан да кең — нарыққа әйгілі автоконцерндермен қатар Қытайдан келген жаңа өндірушілер де белсенді кіріп жатыр», — деді Reuters агенттігіне Electrifying.com сайтының директоры Джинни Бакли. — «Tesla енді нарықта үстем емес, және бұл оның Еуропадағы нәтижелеріне әсер етіп жатқан сияқты».
Контекст
6 қарашада өтетін жыл сайынғы жиналыста Tesla акционерлері Илон Масктың жаңа сыйақы пакетін бекіту жөнінде дауыс береді. Егер компания бірқатар ауқымды мақсаттарға, соның ішінде 1 миллион Optimus роботын өндіру және 2035 жылға дейін нарықтық капитализацияны $8,5 трлн-ға дейін арттыруға қол жеткізсе, Маск келесі он жылда $1 трлн-ға дейін сыйақы алуы мүмкін. Қазан айының соңында директорлар кеңесінің төрайымы Робин Денхолм егер бұл шешім мақұлданбаса, Маск компания басшылығынан кетуі ықтимал деп ескерткен.








