Энергокомпаниялардың ықпалы Еуропаны ESG бағытын өзгертуге итермелеуде

Жасыл күн тәртібін әлем бойынша ең белсенді жүзеге асырып келе жатқан Еуропалық одақ ірі газ жеткізушілерінің және өз саясаткерлерінің қысымына байланысты кейбір экологиялық бастамаларынан уақытша бас тартуға мәжбүр болып отыр. Алайда осындай саяси бұрылысқа қарамастан, жасыл экономикаға көшу процесі жылдамдап, қор нарығы тұрақты дамудан да табыс табуға болатынын дәлелдеп отыр.
ESG-ге қарсы науқан
ESG (environmental, social, governance — экологиялық жауапкершілік, әлеуметтік міндет және корпоративтік басқару сапасы) тақырыбы 2010-жылдардың соңында және 2020-жылдардың басында ерекше танымал болды. Инвестициялық компаниялар ESG қорларын құрып, корпорациялар мен банктер бизнесін тұрақты даму қағидаларына сай жүргізуге уәде берді, ал саясаткерлер мен реттеушілер тиісті заңдар мен есеп стандарттарын әзірледі.
Еуропада ESG нормаларын сақтау талабы заңнамалық деңгейде бекітілген. 2024 жылдың көктемінде қабылданған тұрақты даму саласындағы кешенді сараптама жөніндегі директива (CSDDD) компанияларды тіпті бұл Еуропадан тыс жерде болса да адам құқықтарының бұзылуына және қоршаған ортаның ластануына қарсы күресуге міндеттейді. Бұзушылық үшін жаһандық табыстың 5%-ына дейін айыппұл салынады. Директиваны 2026 жылдың шілдесіне дейін ЕО елдері өз заңдарына енгізуі тиіс.
Аталған құжат Еуроодақ басшылығы мен энергетикалық алыптар арасындағы дауға себеп болды. ExxonMobil және QatarEnergy жетекшілері егер директиваның талаптары жұмсартылмаса, Еуропамен ынтымақтастықты тоқтатуы мүмкін екенін ескертті.
ExxonMobil бас директоры Даррен Вудстың пікірінше CSDDD қазіргі түрінде «апатты салдарға» әкелуі мүмкін. Ол Reuters агенттігіне берген сұхбатында былай деді: «Егер ЕО өз заңдарын әлемнің барлық елінде міндетті еткісі келсе, онда біз мұнда қалу мүмкіндігін қарастырмаймыз».
QatarEnergy компаниясының бас директоры және Катардың энергетика министрі Саад әл-Кааби де Еуропаға сұйытылған газ жеткізуді тоқтатуы мүмкін екенін айтты. Ол Абу-Дабидегі энергетикалық конференцияда: «Еуропа Катардан, АҚШ-тан және басқа елдерден келетін газға мұқтаж екенін түсінуі керек. Сондықтан бұл мәселеге аса байыппен қарауы қажет», — деді.
Қазан айының соңында әл-Кааби АҚШ-тың энергетика министрі Крис Райтпен бірге ашық хат жариялап, CSDDD директивасын жоюға немесе түбегейлі өзгертуге шақырды. АҚШ-тың Бағалы қағаздар және биржа жөніндегі комиссиясының төрағасы Пол Аткинс те директивадағы экстерриториалдық қағида «елеулі алаңдаушылық туғызады» деп мәлімдеді. Сонымен қатар 16 штаттың бас прокурорлары ірі компанияларға Еуропаның бұл нормаларын елемеуді ұсынды.
Қазір АҚШ Еуропаға импортталатын газдың шамамен 50%-ын қамтамасыз етіп отыр, ал ExxonMobil негізгі жеткізушілердің бірі. Катардың үлесі 2022 жылдан бері 12–14% аралығында.
Қаржы секторының өкілдері де ESG-ге байланысты есептіліктің жаңа талаптарына қарсы шықты. Бұл жолы сөз тұрақты даму жөніндегі корпоративтік есеп (CSRD) директивасы туралы. Ол компаниялардан экологиялық және әлеуметтік әсері туралы ашық ақпарат беруді талап етеді.
Хедж-қорлар мен $4 трлн активтерді басқаратын баламалы инвестицияларды басқару қауымдастығы (AIMA) CSRD-тен босатуға қол жеткізді және Ұлыбританияда да осындай жеңілдік күтеді. ESG нормалары компаниялардан ұзақмерзімді климаттық жоспарлар ұсынуды талап етеді, бірақ көптеген хедж-қорлар қысқа мерзімді мәмілелермен айналысады.
AIMA-ның жаһандық нарықтар жөніндегі директоры Адам Джейкобс-Дин Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында былай деді: «Қаржы индустриясын климат өзгерісін шешу үшін пайдалануға қарсы емеспіз. Бірақ көптеген елдерде мұндай жоспарлар талап етілмейді, сондықтан олардың жасыл өтпелі кезеңге қалай үлес қосатынын түсіну қиын».
Еуропа бір қадамға шегінді
Еуропарламент экологиялық директиваларды қайта қарауға келісіп, соңғы нұсқалары келер жылдың басында бекітіледі деп жоспарлануда.
ЕО экономика жөніндегі комиссары Валдис Домбровскис Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында: «Біз, әрине, өзіміздің реттеу саласындағы дербестігімізді сақтаймыз. Бірақ сонымен қатар әлемдік серіктестеріміздің алаңдаушылығын ескеріп, оның салдарын мұқият талдауымыз қажет», — деді.
CSRD және CSDDD директивалары ESG қағидаттарына негізделген ЕО-ның соңғы жылдары қабылдаған кең ауқымды реформаларының бір бөлігі. Дегенмен, АҚШ пен Катардың алаңдаушылығын ескерген Еуропалық комиссия талаптарды жеңілдетіп, енді олар тек компаниялардың аз ғана бөлігіне қатысты болады.
Кейбір ЕО мүшелері де экологиялық нормалардың бизнесті шектейтін қатаңдауына қарсы шықты. Мысалы, көмірқышқыл газының шығарындыларын азайтуға арналған аралық мақсаттар бойынша Польша бастаған елдер тобының қарсылығынан кейін ЕО бұл шараны 2028 жылға дейін шегерді.
Францияның қысымымен 2040 жылға қарай шығарындыларды 1990 жылмен салыстырғанда 90%-ға қысқарту жоспарына түзету енгізілді: оның 5%-ы ЕО-ға кірмейтін елдерден квота сатып алу есебінен өтелмек.
ЕО климаттың өзгеруіне қарсы күрес бағытын сақтап қалды, бірақ «бұрынғы әдістерге сүйеніп, қазіргі саяси және экономикалық шындықты елемеу – ақымақтық болар еді», — деді ЕО-ның климат жөніндегі комиссары Вопке Хукстра Politico басылымына. Ол жаңа келісімді «прагматикалық климат саясатының жаңа кезеңі» деп атады.
Қор нарығы сенеді
Соңғы уақытта ESG термині саясаткерлер мен бизнес өкілдерінің бір бөлігінде теріс реакция тудырып отыр. АҚШ-тағы жаңа әкімшілік бұл тұжырымдамадан мүлде бас тартты. PitchBook зерттеуіне сәйкес, ESG қағидаттарын қолданбайтын инвесторлардың көпшілігі оны «пайдасыз ізгілік белгісі» деп сипаттаған.
Дегенмен сауалнамаға қатысқан 1000-нан астам инвестициялық және хедж-қордың 64%-ы ESG қағидаттарын қолданатынын мәлімдеді.
Кейбір сарапшылар терминнің өзін өзгерту керек дейді: «ESG атауы тым ескірді, оны жауапты инвестициялау деп атайық».
Bloomberg колумнисі Марк Гонглофф: «Климаттың өзгеруіне сенбеуіңіз мүмкін, бірақ қор нарығы сенеді», деп жазады.
2020-жылдардың соңында «жасыл» компаниялардың акциялары құлдырағанымен, 2025 жылы жағдай түбегейлі өзгерді: Трамптың «жасылдарға қарсы» саясатына қарамастан, жаңартылатын энергетика секторы әлемдегі ең табысты бағыттардың біріне айналды.
S&P Global Clean Energy индексі биыл шамамен 50%-ға өсті, S&P 500, Nasdaq 100 және MSCI World көрсеткіштерінен әлдеқайда жоғары нәтиже көрсетті.
Jefferies Financial Group басқарушы директоры Аникет Шах бұл серпінді «жасыл инвестициялардың қайта өрлеу дәуірі» деп атады.
Bloomberg Prepare and Repair индексі де керемет нәтижелер көрсетті: ол климатқа бейімделуге көмектесетін 100-ден астам компанияның акцияларын қамтиды және соңғы 10 жылда 4 еседен астам өсті.
Париж климаттық келісімінің басты мақсаты – ғаламдық температураның көтерілуін индустрияға дейінгі деңгеймен салыстырғанда 2°C шегінде ұстау еді, бірақ кейбір бағалаулар бойынша 1,5°C шегі 2024 жылы-ақ асқан.
Дегенмен, соңғы он жылда энергетикалық өтпелі кезеңге салынған әлемдік инвестициялар $10,3 трлн-ға жетті. 2024 жылы олардың көлемі $2,1 трлн болды – бұл 2020 жылмен салыстырғанда екі есе көп.
Bloomberg New Energy Finance-тың дерегінше 2025 жылы да көрсеткіш одан жоғары болуы мүмкін: жаңартылатын энергия көздеріне салынған инвестициялар жыл басынан бері 10%-ға өсіп, $386 млрд-қа жетті.
2024 жылы климаттық апаттардан жоғалған әрбір доллар үшін энергетикалық өтпелі кезеңге $1,47 инвестиция салынған. 20 жыл бұрын бұл көрсеткіш небәрі 12 цент еді.
Аникет Шахтың айтуынша тұрақты даму саласында Қытайдың жасыл экономикасының серпінді өсуі, дамушы елдерге таза технологиялар экспорты және жасанды интеллектті дамытып жатқан техногиганттардың электр энергиясына сұранысы негізгі драйверге айналып отыр. Бұл сұранысты арзан баламалы энергия көздері арқылы қанағаттандыруға болады.
Schroders компаниясының портфель менеджері Алекс Монк ескерткендей, егер жасанды интеллект төңірегіндегі «көпіршік» жарылса, ол баламалы энергетика компанияларының акцияларына да әсер етуі мүмкін.








