Enphase Energy табысы жоғары болсада Freedom оның таргетін төмендетті

Freedom Broker күн энергетикасы саласында mid-cap әзірлейтін Enphase Energy акциясына арналған мақсатты бағасын 22% төмендетті. Үшінші тоқсанда компанияның қаржылық көрсеткіші консенсус-болжамнан едәуір жоғары болды. Алайда, компания күтпеген жерден 2026 жылға арналған болжамымен бөлісіп, онда сұраныстың күрт төмендеуін күтетінін мәлімдеді.
Егжей-тегжейлі
Freedom талдаушыларының шолуына сәйкес, күн батареяларына арналған микроинверторлар мен энергия жинақтау құрылғыларын өндіретін Enphase Energy акциясына $31 деңгейінде таргет белгілеп, портфельде ұстау ұсынысын сақтады.
Жаңа мақсатты баға алдыңғысынан 22% төмен және ағымдағы котировкаға дерлік сәйкес келеді. 31 қазан, жұма күні компания акциясының саудасы $30,5 деңгейінде жабылды. Осылайша, талдаушылар акция құнының өсу әлеуеті жоқ деп есептейді.
Төмендетудің себебі неде?
Enphase Energy өткен аптада 2025 жылдың үшінші тоқсанында өз табысының жылдық өсімі 7,7% құрап, $410,4 млн-ға жеткенін хабарлады — бұл соңғы екі жылдағы максимум. Бұл нәтиже FactSet консенсус-болжамынан ($369 млн) және компанияның өз бағалауынан ($330–370 млн) едәуір жоғары болғанын Freedom атап өтеді.
Өсім драйвері — АҚШ-тағы сатылым. Есепті тоқсанда мұнда табыс 23,2% артқан. Сарапшылардың айтуынша, көптеген тұтынушы мемлекеттік күн панельдеріне арналған жеңілдіктер күшін жойғанға дейін жабдық сатып алуға асыққан. Инфляцияны төмендету туралы заңның (IRA) бір тармағы америкалықтарға 30%-дық федералдық салықтық шегерімге үміттенуге мүмкіндік береді, алайда бұл норма 2026 жылдан бастап жойылады.
Ал АҚШ-тан тыс нарықтарда Enphase Energy сатылымы 37,7% құлдырады. Компания мұны, ең алдымен, Еуропадағы бизнес ахуалының қиындауымен түсіндірді.
Freedom мәліметінше, компания төртінші тоқсандағы табысы бар болғаны $310–350 млн шамасында болады деп күтеді, ал консенсус-болжам $368 млн деңгейінде болған. Бұдан бөлек, Enphase Energy әдетте тек бір тоқсанға болжам жасайтын болса, бұл жолы күтпеген жерден ұзақмерзімді бағдарларын да ұсынды. Компанияның бағалауынша, 2026 жылдың бірінші тоқсанында табыс жылдық есеппен 30% төмендеп, шамамен $250 млн болуы мүмкін. Брокердің пікірінше, салықтық ынталандырудың жойылуы АҚШ-та күн панельдерін орнатуға деген сұраныстың айтарлықтай төмендеуіне әкеледі.
Enphase Energy бұл төмендеу бірінші тоқсанда төменгі шегіне жетіп, кейіннен сатылымның біртіндеп қалпына келуі мүмкін деп есептейді, деп жазды Freedom. Компания басшылығы бұған ықпал етуі мүмкін факторлар ретінде АҚШ-та электр энергиясы бағасының өсуін, пайыздық мөлшерлемелердің төмендеуін, жаңа өнімдердің шығуын және энергия сақтау жүйелері бизнесінің қарқынды дамуын атайды. Талдаушылар басшылықтың болжамына сүйене отырып, 2026 жылғы табыс бойынша күтілімін 12% төмендетіп, $1,24 млрд деңгейінде бағалады.
Басқа да сарапшылар пікірі
MarketWatch дерегінше, Уолл-стрит сарапшылары компанияның келешегіне қатысты сақ ұстанымда. 15 сарапшы қағазына «ұстау» (Hold) рейтингін берген, «сату» — 9, ал «сатып алу» — 7 сарапшы кеңес берді. Орташа мақсатты баға — $36,72, бұл ағымдағы котировкадан шамамен 20,3% өсу әлеуетін білдіреді.








