БастыReview
Бөлісу

Ескі мектеп: неге Баффет пен Сорос UnitedHealth акцияларын сатып алды

Мэтью  Глаас

Мэтью Глаас

Журналист
Ескі мектеп: неге Баффет пен Сорос UnitedHealth акцияларын сатып алды

Медициналық сақтандыру алыбы UnitedHealth Group-тың акциялары 2025 жылғы сәуірден тамызға дейін шамамен 60% арзандады. Бұған қаржылық көрсеткіштердің нашарлауы, бас директорлардың ауысуы (бірін өлтіріп кетті, екіншісі жұмыстан кетті), алаяқтыққа қатысты тергеу және компанияның даулы беделі себеп болды. Соған қарамастан, Уоррен Баффет UnitedHealth акцияларына 1,6 млрд доллар жұмсады. Оның үлгісін қайталауға бола ма?

Болжамдар көңіл көншітпейді

14 тамызда сауда аяқталған соң миллиардер Уоррен Баффеттің Berkshire Hathaway компаниясы UnitedHealth-тің 5 млн-нан астам акциясын 1,6 млрд долларға сатып алғаны белгілі болды.

Күтпеген жаңалықтың әсерінен келесі күні UnitedHealth акциялары 12,2%-ға қымбаттады. Бұл АҚШ-тағы ең ірі медициналық сақтандыру компаниясының ұзақ уақытқа созылған құлдырауын тоқтатты. Сәуірде бағасы 600 доллар шамасында болса, тамызда 240 долларға дейін түсіп, 60% жоғалтқан еді.

Құлдыраудың себебі – 2025 жылдың бірінші тоқсанындағы нәтижелер. Компания акцияға шаққандағы түзетілген таза пайда (EPS) болжамын төмендетті. 2024 жылдың желтоқсанында болжам 29,5–30 доллар болған, бірінші тоқсанда ол 26–26,5 долларға түсті. Екінші тоқсанда тіпті 16 долларға дейін қысқарды. Бұл бастапқы көрсеткіштен екі есе аз. Ал 2024 жылы компания акцияға 27,66 доллар пайда көрсеткен еді.

Нәтижелер мен бедел

Басшылық табыстың төмендеуін екі себеппен түсіндірді. Біріншісі – медициналық қызметке сұраныстың артуы. 65 жастан асқан адамдарға арналған Medicare Advantage бағдарламасы бойынша сақтандырылғандар дәрігерге жиі барды. Медициналық шығын коэффициенті 2024 жылғы 84,3%-дан 2025 жылдың екінші тоқсанында 89,5%-ға дейін өсті.

Екінші мәселе – медициналық бөлімше Optum Health нәтижелері. Мұнда клиенттер саны азайды, ал ұсынылған баға мен жеңілдіктер шығындарды жаппады. Инвесторларда компания процестерді бақыламай отыр деген әсер қалды.

Бұл жағдай беделдік даулармен қабаттасып кетті. 2025 жылдың мамырында The Guardian UnitedHealth қарттар үйлеріне пациенттерді ауруханаға аз жібергені үшін жасырын бонус төлеп отырғанын жазды. Сол арқылы шығынды қысқартқан, ал Medicare Advantage бағдарламасына көбірек адам тарту арқылы мемлекеттен артық өтемақы алған. Мұндай тәжірибе бірнеше жыл жалғасқан.

Сол айда UnitedHealth президенті Эндрю Уитти жеке себептерді алға тартып, отставкаға кетті. АҚШ Әділет министрлігі компанияға назар аударды, ал сенаторлар Рон Уайден мен Элизабет Уоррен ресми тергеу бастады.

2024 жылдың желтоқсанында UnitedHealthcare бөлімшесінің атқарушы директоры Брайан Томпсон Нью-Йоркте атып өлтірілді. Қылмысқа күдікті 26 жастағы Луиджи Манджоне «қаһарман» атанса, Томпсонға қатысты әлеуметтік желілерде мысқыл көп болды.

Бизнес құрылымы

UnitedHealth Group екі бөлімнен тұрады: UnitedHealthcare (сақтандыру қызметі) және Optum (медициналық қызметтер). 2024 жылы олардың бағдарламаларын 29,7 млн адам пайдаланған.

Компания Medicare Advantage бағдарламасының ірі операторы болып саналады. 2024 жылы ол бойынша 7,8 млн қарт пациентке қызмет көрсетілді. Бұл үшін компания мемлекеттен ай сайын төлем алады. Дәл осы төлемдерде The Guardian алаяқтық болғанын жазды.

2024 жылғы жалпы кіріс – 400 млрд доллар. Оның 75%-ы UnitedHealthcare сақтандыру төлемдерінен түскен. Олардың ішінде 46%-ы Medicare & Retirement сегментіне тиесілі. Ал Optum тек топ ішіндегі қызметтен емес, басқа сақтандырушылар мен азаматтарға көрсеткен қызметтен де 100 млрд доллардай табыс әкелді.

Маржасы төмен, бірақ тұрақты бизнес: 2022–2024 жылдары сақтандыру маржасы 5,2–5,8%, медициналық бөлімшенің маржасы 6,6–7,7% болды. 2024 жылы көрсеткіштердің төмендеуі инвесторларды алдын ала ойландыруы тиіс еді.

Неге Баффет сатып алды

Дәл осы қиын кезеңде Уоррен Баффеттің Berkshire Hathaway компаниясы 5,04 млн акцияны 1,57 млрд долларға сатып алды. Мұндай жағдайды инвесторлар «құлап келе жатқан пышақты ұстау» деп атайды.

MarketWatch мұны «Баффетке тән классикалық қадам» деп бағалады.

JonesTrading компаниясының стратегы Майк О’Рурк: «Ол сапалы компанияларды арзанға алуды жақсы көреді» деді.

Шынында да, UnitedHealth – Dow Jones индексіне 13 жылдан бері кіретін алдыңғы қатарлы компания. Оның бизнесі тұрақты, ал акцияларының бағасы түскен соң дивиденд кірістілігі 2,91%-ға жетті. Бұл S&P 500 индексіндегі орташа көрсеткіштен екі есе жоғары. Баффет әдетте дивиденд төлейтін компанияларды қалайды және сақтандыру саласын жақсы біледі.

Яғни, ол UnitedHealth-ті «сапалы компанияны арзанырақ алу, тұрақты дивиденд жинау және қалпына келгенде ұту» үшін сатып алды.

Ізінен еруге бола ма?

Seeking Alpha деректеріне сүйенсек, сарапшы жалпы пікірі – «сатып алу». UnitedHealth-ке қызығушылық тек Баффетпен шектелмейді. Bloomberg мәліметінше, екінші тоқсанда миллиардер Дэвид Теппердің Appaloosa Management қоры 2,3 млн акция сатып алды. Джордж Сорос пен Майкл Платттың BlueCrest Capital Management қоры да үлестерін арттырды. Тіпті «Игра на понижение» фильміндегі басты кейіпкердің прототипі Майкл Бьюрри де инвестиция жасады.

Bank of America сарапшысы Кевин Фишбек: «Berkshire Hathaway-дің қатысуы – оң белгі. Бірақ ол тек қазір пайда төмен бағаланғанын көрсетеді. Егер бес жылға алдын ала ойлай алсаңыз, бәрі жақсы болуы мүмкін» дейді.

Оның сөзінше, мәселе компанияның өсу әлеуетінде емес, ол өсімнің қашан іске асатынында.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары