Еуропа қорғаныс акциялары сәуірден бергі ең төменгі деңгейге түсті

Германияның қару-жарақ өндірушісі Rheinmetall компаниясының акциялары 24 қараша, дүйсенбі күні Франкфурт биржасында 5%-ға арзандады. Ал кейінгі бес сауда күнінде олардың бағасы 16%-дан көп төмендеді. Сонымен бірге Еуропаның басқа да қару өндірушілері Saab, Leonardo S, BAE Systems акциялары да құлдырады.
Goldman Sachs құрастырған қорғаныс секторындағы индекс қазан айының басындағы ең жоғары деңгейден шамамен 25%-ға түсіп, сәуірден бергі ең төменгі межеге жетті. Bloomberg жазғандай, акциялардың соңғы құлдырауы 2022 жылдың ақпан айының соңында басталған қорғаныс секторындағы күшті раллиге деген шамадан тыс қызығушылықты бәсеңдетті.
Агенттіктің айтуынша, акциялардың құлауына Украина бойынша бейбіт келіссөздерде ілгерілеу бар екенін көрсететін белгілер әсер еткен.
Amati Global Investors қорының менеджері Грэм Бенкенің Bloomberg-ке түсіндіруінше, «кейбір инвесторлар Трамп әкімшілігінің Ресейді тыныштандыруға бағытталған қадамдарынан кейін қақтығыс алдағы бірнеше айда реттеледі деп сеніп отыр». Бірақ ол сонымен бірге: «қақтығыстың өзі және АҚШ-тың НАТО-ға қатысты ұстанымының өзгеруі Еуропаның қорғаныс шығындарына көзқарасын түбегейлі өзгертіп жіберді. Бұл өзгеріс қақтығыс аяқталса да қайта қаралмайды», — деді.
Қорғаныс секторының төмендеуі жалғаса ма?
Bloomberg атап өткендей, Еуропа үкіметтері әскери шығындарды арттыруды жалғастырып жатыр. Mediobanca сарапшысы Алессандро Поцци бастаған аналитиктердің бағалауынша, Украина бойынша бейбіт келісім 2026 жылдың соңына дейін жасалуы екіталай. Оның айтуынша, Еуропаның қорғаныс шығындары одан әрі өседі.
Morningstar аналитигі Лоредана Мухарремидің пікірінше, Еуропаның қорғаныс секторы қазір төмен бағаланған және қазіргі деңгейден 20%-дан артық өсу әлеуетіне ие. Ол өз жазбасында: «Еуропалық қорғаныс компанияларының бағалауы бүкіл Еуропада қорғаныс бюджеттерінің құрылымдық түрде артуына негізделген. Бұл Украинамен байланысты қысқа мерзімді табыстарға қарап жасалған баға емес», — деп жазды. Bloomberg осы пікірді келтіреді.








