Еуропалық бизнестің Қытайдағы екпіні рекордтық төмен деңгейге түсті

Қытайдан сапалы құрамдас бөлшектерді арзан бағаға сатып алу — еуропалық компаниялардың бәсекеге қабілеттілікті сақтап қалуының жалғыз жолы.
Еуропалық компаниялардың Қытайға қатысты оптимизмі бұрын-соңды болмаған деңгейге дейін төмендеді. ЕО Сауда палатасының жыл сайынғы сауалнамасы көрсеткендей, бизнестің қазіргі кейіпі тіпті COVID-19 пандемиясының қызған шағымен салыстырғанда да нашар. Еуроодақтан келген өндірушілер соңғы жылдары Қытайда шетелдік компаниялар үшін бизнес жүргізу шарттары нашарлап кеткенін алға тартады. Тек санаулы салалар ғана бұл үрдістен тыс қалды — мысалы, авиация мен ғарыш өнеркәсібі.
Нақты деректер
Сауалнамаға қатысқан компаниялардың 73%-ы 2024 жылы Қытайда бизнес жүргізу қиындай түсті деп жауап берген. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 5 пайыздық пунктке жоғары. Қытайды инвестиция үшін тартымды ел деп есептейтін компаниялар үлесі тарихи минимумға түсті. 503 компанияның тек 12%-ы ғана алдағы қысқа және орта мерзімде пайда табу тұрғысынан оптимизм танытқан. Ал 52%-ы Қытайдағы іскерлік орта 2024 жылы айтарлықтай саясиланып кеткенін айтқан. ЕО Сауда палатасының пікірінше, бұл геосаяси шиеленістің күшеюімен тікелей байланысты. Айта кетейік, сауалнама 2025 жылы жүргізілгенімен, онда АҚШ пен Қытай енгізген сәуір айындағы жаңа кедендік баждар ескерілмеген, сондықтан бұл көрсеткіш бұдан да жоғары болуы мүмкін.
Сауалнама басталған 2004 жылдан бері алғаш рет компаниялардың 63%-ы нарыққа қолжетімділік пен реттеуші кедергілерге байланысты өсім мүмкіндіктерінен айырылғанын айтқан. Еуропалық медициналық құрал-жабдық өндірушілері бұл мәселеге ерекше назар аударып отыр. Олар мемлекеттік сатып алуларда отандық (қытайлық) бәсекелестерге басымдық берілетінін, яғни өздеріне қатысты алалаушылық бар екенін мәлімдеген. Алдағы бір жыл ішінде Қытайдағы бизнесін кеңейтуді жоспарлап отырғандар — небәрі 38%. Бұл — бұрын-соңды тіркелмеген ең төмен көрсеткіш.
Косметика саласы ең көп зардап шеккендердің бірі: 2024 жылы еуропалық косметикалық компаниялардың табысы 45%-ға құлдыраған. Бұл — соңғы он жылдағы екінші ірі құлдырау. Ал авиация және ғарыш саласындағы өндірушілер керісінше, Қытайда жұмыс істеу жеңілдей түскенін айтқан, деп хабарлайды CNBC.
Мұның мағынасы не?
The New York Times атап өткендей, бұл зерттеу Дональд Трамп әкімшілігінің Қытай импортына кедендік баждар енгізу арқылы америкалық өндірісті қорғауға бағытталған әрекеттерін қиындатуы мүмкін. Еуропалық компаниялар Қытайдағы инвестицияларын азайтып жатқанына қарамастан, кейбірі қытайлық жеткізушілерден құрамдас бөлшектерді сатып алуды жалғастырып отыр. Бұл олардың ҚХР-ға тәуелділігін күшейте түседі.
«Компаниялар айтарлықтай қысым сезінуде, пессимизм басым. Десе де, олар Қытайдың жаһандық жеткізу тізбегіндегі маңызды орнын мойындайды. Бұл — оларды осы нарықта ұстап тұрған басты фактор», — деді ЕО Сауда палатасының басшысы Йенс Эскелунд. Оның айтуынша, іскерлік көңіл күйдің жақсаруына қатысты ешқандай айқын белгілер байқалмай отыр: «Біз әлі де бетбұрыс нүктесіне жеткен жоқпыз. Қазір бәрі белгісіздікке тіреліп тұр», — деп қосты ол.
Эскелунд CNBC-ге берген пікірінде: «Қытай әлі де жаһандық жеткізу тізбегінде үстемдік етуде. Себебі мұнда сапалы бөлшектер ең арзан бағамен ұсынылады. Бұл — бизнестің бәсекеге қабілеттілікті сақтауындағы жалғыз жолы», — деп атап өтті. Осы жағдайға байланысты сауалнамаға қатысушылардың 26%-ы Қытайда жергілікті өндірісін кеңейтіп жатқанын айтса, тек 13%-ы ғана балама нарықтарды іздеп жатқанын жеткізген.
Контекст
Еуропалық бизнестің пессимистік көңіл күйі америкалық компаниялардағы ұқсас үрдістермен үндесіп жатыр. 2024 жылдың қаңтарында жарияланған жыл сайынғы сауалнама нәтижелері АҚШ компанияларының рекордтық бөлігі өндіріс пен сатып алуды басқа елдерге көшіруді жеделдетіп жатқанын көрсеткен.
Сонымен қатар, Қытайдағы ұзаққа созылған өндірістік дефляция мен юаньның еуроға шаққандағы әлсіреуі еуропалық компаниялар үшін қытайлық бөлшектерді бұрынғыдан да тиімді ете түсті, деп атап өтеді The New York Times.
Екі алпауыт экономиканың арасындағы сауда соғысы Қытай экспортын тұншықтырған сәтте, JD.com мен Alibaba сияқты жергілікті алыптар экспорттаушыларды ішкі нарыққа бағыттауға тырысып жатыр. Бұл өз кезегінде бағаның тағы да төмендеуіне алып келуі мүмкін, өйткені Қытайдағы іскерлік және тұтынушылық сенім әлі де болашағы бұлыңғыр болып тұр, деп түйіндейді Reuters.








