Федерер инвестиция салған брендтің акциялары 28%-ға өсті. Қазір сатып алған жөн бе?

Швейцариялық On Holding компаниясының акциялары 27,5%-ға өсті. Бұл — компания қатарынан үшінші рет жылдық табыс болжамын көтеріп, жақсы тоқсандық есеп жариялағаннан кейін болды. Nike пен Hoka сияқты бәсекелестері тоқырауға ұшыраса, On жеңілдіксіз сату стратегиясын ұстанып, қымбат сегмент пен технологияға назар аударып отыр. Соңғы айда акциялар 17%-ға арзандаса да, сарапшылар компанияға оң көзқарас танытуда.
Егжей-тегжейі
Танымал теннисші Роджер Федерер инвестиция салған On Holding спорттық аяқ киім мен киім шығарады. 12 қарашада оның акциялары 27,5%-ға қымбаттады. Компания қатарынан үшінші рет жылдық табыс болжамын жоғарылатып, спорт аяқ киімі нарығының бәсеңдеуіне қарамастан, екі таңбалы өсім көрсетті.
Компания енді 2025 қаржы жылындағы табысы 2,98 млрд швейцариялық франк ($3,7 млрд) болады деп күтуде. Бұл алдыңғы болжамнан 2,4% көп. Тұрақты бағамен есептегенде өсім 34% болуы тиіс, бұған дейін 31% деп болжанған. Бұл көрсеткіш сарапшылар күткен 2,97 млрд франктен сәл жоғары болды.
Компания басшысы Мартин Хоффманн CNBC арнасына берген сұхбатында: «Біз жоғары сапалы сегментке, толық бағамен сатуға, инновацияға және дизайн мен ыңғайлылық үйлесіміне мән береміз. Бұл стратегия тұтынушыларға ұнап жатыр, нәтижелері соны дәлелдеп тұр», — деді.
Компания Уолл-стрит сарапшыларының күткенінен де жоғары нәтижелер көрсетті. Бір акцияға түзетілген табыс 0,43 франк ($0,54) болды (болжам — 0,25 франк). Түскен табыс 794 млн франкқа ($991 млн) жетіп, сарапшылар болжаған 763 млн франктен асып түсті.
Таза пайда 290%-ға артып, 118,9 млн франкқа ($148 млн) немесе бір акцияға 0,36 франкқа ($0,45) жетті.
Нарықтағы жағдай
CNBC жазуынша, On компаниясының жетістігі өзге брендтердің фонында ерекше көзге түседі. Nike пен Hoka сатылым азаюын немесе баяулауын күтсе, On керісінше өсіп жатыр.
Көп бренд сұранысты арттыру үшін жеңілдіктер ұсынбақ, ал On тіпті «қара жұмада» да жеңілдік жасамайды. Компанияның негізін қалаушылардың бірі Каспар Коппетти: «Біз мейрам кезінде де бағаны төмендетпейміз. Бұл — біздің брендтің жоғары деңгейін сақтау жолы», — деді.
On өзін премиум бренд ретінде көрсетуге тырысады. Бұл тек баға арқылы емес, сондай-ақ аяқ киім мен киімнің дизайны мен технологияларымен ерекшелену арқылы жүзеге асады.
Акциялар жайлы
Соңғы айда On Holding акциялары шамамен 17%-ға арзандады. Simply Wall Street мәліметі бойынша, инвесторлар компанияның өсу перспективаларын қайта қарап жатыр. Сарапшылардың айтуынша, қымбат баға саясаты мен агрессивті жаһандық кеңею кей жағдайда тәуекелге айналуы мүмкін. Егер сұраныс төмендеп, бәсекелестік артса, бұл компанияның табысы мен маржасына қысым жасайды.
Дегенмен, Уолл-стриттің жалпы пікірі оң. MarketWatch дерегінше, 23 сарапшы акцияны сатып алуға кеңес береді, үшеуі — ұстауға, ал біреуі ғана сатуға кеңес берген.








