Figma акциялары IPO-дан кейінгі алғашқы саудада 250%-ға өсті

Пайдаланушы интерфейсін жасауға арналған сервисті әзірлеген Figma компаниясының акциялары IPO-дан кейінгі алғашқы сауда қорытындысында 250%-ға қымбаттады. Бұл — Adobe 20 миллиард долларға сатып алғысы келген компания.
Сарапшылардың айтуынша, бұл — мұндай көлемдегі листингке шыққан компания үшін бірегей нәтиже. Figma-ның табысы — ұзақ уақыт бойы құбылмалы нарық пен белгісіз жағдайларға байланысты биржаға шығуын кейінге шегеріп келген стартаптар үшін оң белгі болды.
Егжей-тегжейі
Figma акциялары 31 шілде күні Нью-Йорк қор биржасында өткен IPO-дан кейінгі алғашқы сауда сессиясында 250%-ға қымбаттап, 115,5 долларға жетті.
Сауда түстен кейін 85 доллардан басталды. Бұл IPO бағасынан 158%-ға жоғары. Ал IPO-ның өзі 33 доллардан басталған еді.
IPO бағасы сарапшылар күткен 30–32 доллар аралығынан да жоғары болды. Олар компанияның бастапқы бағасы 25–28 доллар болады деп болжаған еді.
Сауда басталғанда Figma-ның нарықтық капитализациясы 45 миллиард доллардан асты. Сауда белсенділігі тым жоғары болғандықтан, уақытша тоқтатуға да тура келген. Бұл туралы Yahoo Finance хабарлады.
Renaissance Capital сарапшысы Мэттью Кеннедидің айтуынша, бұрын-соңды көлемі 500 миллион доллардан асатын компания бір күнде акцияларының үш есеге дейін өсуіне қол жеткізбеген.
MarketWatch келтірген пікірге сәйкес, мұндай жетістік бұрын тек 2024 жылы маусымда Circle Internet Group компаниясында болған (бір күнде +168%). Оған дейін мұндай рекорд 2000 жылы Palm компаниясында тіркелген (+150%).
Figma мен оның акционерлері IPO нәтижесінде 1,2 миллиард доллар тартты. Олар 36,9 миллион акция орналастырды.
Компанияның бағалануы 20 миллиард доллар шамасында болды. Дәл осынша соманы 2022 жылы Adobe ұсынған. Алайда бұл мәміле монополияға қарсы талаптарға байланысты жүзеге аспай қалды.
Financial Times жазуынша, қазіргі бағалау өткен жылғы көрсеткіштен әлдеқайда жоғары. Ол кезде компания 12,5 миллиард долларға бағаланған еді.
IPO-дан ертерек инвестиция салған Index Ventures, Iconiq Capital, Sequoia және Greenoaks сынды венчурлік қорлар айтарлықтай пайда көрмек. Олар 2013 жылы акцияны 9 центтен сатып алған болатын.
Бұл нені білдіреді?
Yahoo Finance жазуынша, Figma-ның IPO-сы технологиялық сектордағы инвесторлық қызығушықтың 2025 жылы да жоғары екенін көрсетті.
Дилан Филд басқарған компания биржада сенімді дебют жасады. Бұл 2025 жылы сәтті IPO өткізген Circle және CoreWeave сияқты ойыншылардың қатарына қосылды.
Figma-ның листингі венчурлік қолдауы бар көптеген стартаптың назарын аударды. Олар 2022 жылдан бері пайыздық мөлшерлемелердің өсуі, құбылмалы нарық және белгісіз жағдайларға байланысты биржаға шығуын тоқтатқан еді.
Соңғы IPO жетістіктері нарықты жандандырып, инвестбанк өкілдеріне мәмілелердің қайта жанданатынына үміт берді.
Renaissance Capital дерегін келтірген Yahoo Finance мәліметінше, IPO индексі екінші тоқсанды 20% өсіммен аяқтады. Бұл сәуір айындағы құлдыраудан кейінгі қалпына келу кезеңі болды.








