Figma IPO-сы: Adobe бәсекелесінің акциялары нарықта саудана бастады

Пайдаланушы интерфейстерін жобалауға арналған қызмет жасаушы Figma компаниясының акцияларымен алдын ала сауда-саттық басталды. Оны 2023 жылы Adobe $20 млрд-қа сатып алмақ болған еді. Акциялар Freedom клиенттеріне арналған сауда алаңында FIG.US тикерімен қолжетімді. Бейсенбі күні кешке олар Нью-Йорк қор биржасында да қолжетімді болады.
Егжей-тегжейлі
Figma және оның акционерлері Нью-Йорк қор биржасында 36,9 млн акцияны бір данасына $33 бағамен орналастырып, $1,2 млрд қаржы тартты. Financial Times дерегінше бұл толық сұйытылған негізде шамамен $19,5 млрд капитализацияға тең. Сауда басталғандағы бағаның өсуі бағалауды $20 млрд деңгейіне дейін көтеруі мүмкін — дәл осы соманы Adobe компанияны сатып алу кезінде ұсынған, деп атап өтті Bloomberg.
Алғашында Figma IPO-ға акцияларды $25–28 аралығында орналастыруды жоспарлаған. Алайда жоғары сұранысқа байланысты бағалық диапазонды $30–32 аралығына дейін көтерді. Bloomberg дереккөздерінің айтуынша Figma акцияларына сұраныс ұсыныстан 40 есе көп болған, сол себепті компания IPO-ның жарияланған бағадан жоғары бағамен өтуі мүмкін екенін инвесторларға алдын ала ескерткен.
Bloomberg-тің мәліметінше Figma IPO-сы дәстүрлі орналастырудан гөрі аукционға ұқсас құрылымда өтті. Ұйымдастырушылар әлеуетті инвесторлардан сатып алғысы келетін акция санын және ол үшін қандай баға ұсынуға дайын екендігін нақты көрсетуін сұраған.
Компания несімен қызықты?
Figma — дизайнерлерге арналған бағдарламалық қамтамасыз ету нарығында Adobe-қа бәсекелес. Ең танымал өнімі — UI/UX интерфейстерін жобалауға арналған құралдары, оларды Netflix, Uber, Google секілді ірі компаниялар пайдаланады, деп жазады The Motley Fool. Figma қызметтерін Fortune 500 тізіміндегі компаниялардың 95%-ы қолданады. IG агенттігі Figma-ның кәсіби цифрлық дизайнды жеке бағдарлама емес, нақты уақыт режимінде командалық жұмысқа арналған веб-қосымша ретінде жасап, салада революция жасағанын атап өтеді.
Figma — табысты және жоғары өсім қарқыны бар санаулы SaaS-компаниялардың бірі. 2024 жылы компания табысын 1,5 есеге ұлғайтып, $749 млн-ға жеткізді. 2025 жылдың алғашқы тоқсанында жалпы маржа 91% деңгейінде сақталып, таза пайдасы $44,9 млн болды. Мұндай табыстылық пен өсім Figma-ны әлемдегі жетекші SaaS-компаниялар қатарына шығарады. Кіріс пен тиімділік көрсеткіштері бойынша компания 63 балл жинап отыр — бұл нарықтағы бағдарламалық жасақтама өндірушілерінің 95%-ынан жоғары, дейді IG.
Сарапшылар не дейді?
Freedom Broker Figma акцияларына «Сатып алу» рейтингісін беріп отыр. Мақсатты баға — $42,9, бұл IPO кезінде орналастыру бағасымен салыстырғанда 30%-ға өсе алатынын көрсетеді, деп жазады аналитик Әлем Бектеміров. Сонымен қатар ол табыстың және операциялық маржаның болашақтағы болжамдары акция бағасына айтарлықтай әсер ететінін ескертеді. Егер өсім қарқыны баяуласа немесе маржа төмен өссе, бағалау да күрт төмендеуі мүмкін.
IG мәліметінше Figma биржаға әсерлі қаржылық көрсеткіштері бар, нарықтағы позициясы мықты және ЖИ негізіндегі бірлескен жұмыс құралдары сегментінде өсу әлеуеті бар технологиялық платформа ретінде шықты. Компанияның акциялары ұзақмерзімді инвестицияны көздейтін, технологиялық сектор мен SaaS-модельдерді жақсы түсінетін инвесторларға қызықты болуы мүмкін. Бірақ бірқатар тәуекелдер де бар — Figma дивиденд төлемейді және IPO-дан кейін акциялар құбылмалы болуы мүмкін. Жылдам табыс күтетіндер үшін бұл акциялар сәйкес келмеуі ықтимал, дейді IG.
Figma инвесторлар үшін Adobe-қа қарағанда әлдеқайда қымбат бағаланып отыр. Оның P/S (баға/табыс) көрсеткіші — 18–20, ал Adobe-тың өнім желісі әлдеқайда кең болуына қарамастан бұл көрсеткіші 7–10 деңгейінде. Акция нарығына маманданған AInvest онлайн платформасы консервативті инвесторларға абай болуға кеңес береді. IPO-дан кейін Figma акциясының динамикасын, қосымша өнімдер (Figma Slides, FigJam) арқылы өнім желісін кеңейту қабілетін және Adobe-тың ЖИ-стратегиясына деген жауабын бақылап отырған жөн. Ал тәуекелге бейім инвесторларға AInvest Figma-ның дизайнға деген көзқарасты ЖИ дәуірінде түбегейлі өзгертуі мүмкін деген үмітпен шағын позиция сатып алуды ұсынады.
Freedom клиенттері негізгі биржа сессиясы ашылғанға дейін Figma акцияларына қол жеткізе алады. Сауда АҚШ биржалары ашылғанға дейін 2–3 сағат бұрын, яғни Астана уақытымен 15:30–16:30 аралығында ерте премаркет форматында басталады. Қатысу үшін FIG.US тикерін басыңыз.








