БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Франциядағы дағдарыс: сарапшылар банктер мен телекомды айналып өтуге кеңес береді

Венера  Сайфутдинова

Венера Сайфутдинова

Oninvest тілшісі
Франциядағы дағдарыс: сарапшылар банктер мен телекомды айналып өтуге кеңес береді

Франция премьер-министрі Себастьян Лекорн 27 күн ғана қызмет атқарып, күтпеген жерден отставкаға кеткеннен кейін, елде саяси тұрақсыздық күшейді. Инвесторлар бұл жағдайдың нарыққа қалай әсер ететінін жіті бақылап отыр. Сарапшылардың пікірінше, мұндай белгісіздік ішкі нарыққа бағытталған компанияларға деген қызығушылықты төмендетуі мүмкін. Бұған қоса, елдің бюджеттік жағдайы да күрделі болғандықтан, инвесторлар Еуропаның басқа нарықтарына бет бұруда.

Акциялар бойынша стратегия

CNBC жазғандай, саяси тұрақсыздық Францияның инвестициялық ландшафтына әсер етіп, ел ішіндегі компаниялардың тартымдылығын азайтуы мүмкін.

Wellington Management компаниясының макроэкономикалық стратегы Ник Виленцек былай дейді:

«Мен, бәлкім, Францияның ішкі нарығындағы компаниялардан аулақ болар едім. Елде бюджет тапшылығы өте жоғары, сондықтан үкімет оны қысқарту үшін қатаң шаралар қабылдауға мәжбүр болады. Бұл, ең алдымен, банктерге, инфрақұрылым және телеком саласына соққы береді».

Оның айтуынша, салықтардың өсуі осы салаларға көбірек қысым түсіреді. Сондықтан инвесторларға Франциядан тыс еуропалық нарықтарға назар аударуға кеңес береді — қазір ол жақта тартымды мүмкіндіктер көбірек.

Carmignac активтерді басқару компаниясының инвестициялық комитет мүшесі Кевин Тозе Еуропадағы экономикалық өсімнің қарқынмен жалғасатынын айтады.

«Францияда саяси белгісіздік басым, ал Германия ынталандыру бағдарламалары арқылы өсімді сақтап отыр. Оңтүстік Еуропа елдері болса, ЕО қорларының арқасында даму қарқынын арттырып келеді», — деді ол.

JPMorgan сарапшысы Мислав Матейка Франциядағы премьер-министрдің отставкасы нарыққа қысым түсіруі мүмкін екенін мойындайды, бірақ ол мұны акцияларды арзан бағамен сатып алуға мүмкіндік деп санайды.

Инвестбанк еуроаймақ нарығына қатысты болжамын жақсартып, рейтингін «бейтараптан» (neutral) «сатып алу» (overweight) деңгейіне көтерді. Оның пікірінше, бірнеше ай бойы баяу өсім көрсеткен еуропалық акциялар енді қайта тартымды бола бастады.

Natixis Investment Management компаниясының жаһандық стратегия бөлімінің басшысы Мабрук Шетуан «саяси дағдарыстар француз нарығы үшін үйреншікті жағдайға айналды» дейді.

«Инвесторлар қазірдің өзінде мұндай саяси тығырықтарға үйреніп қалған және жағдай 2027 жылғы президент сайлауына дейін айтарлықтай өзгермейді деп санайды. Яғни бәріне таныс сценарий қайталанып жатыр, сондықтан дүрбелеңге түсуге себеп жоқ», — деп түсіндірді ол.

Нарықтағы жағдай

Францияның негізгі қор индексі CAC 40 7 қазан, сейсенбі күні аздап өсіп, сауда соңында «жасыл аймақта» қалды. Алайда премьер-министрдің отставкасы туралы жаңалық шыққан дүйсенбіде индекс күрт төмендеген болатын.

CNBC хабарлауынша, сейсенбіде кей француз акциялары өз позицияларын ішінара қалпына келтірді. Ең көп өсім көрсеткендер — люкс секторындағы брендтер.

Kering (Gucci иесі) акциясы 5,8%-ға, LVMH 3,6%-ға қымбаттады.

Renault акциялары 2,7%-ға өсті.

Ал кей банктердің бағасы төмен күйінде қалды: BNP Paribas — минус 1,2%, Societe Generale — минус 0,7%, Credit Agricole — минус 0,2%.

Orange телеком-операторының акциялары 0,2%-ға ғана өсті.

Облигациялар нарығы

Bloomberg дерегінше, Goldman Sachs сарапшыларының пікірінше, премьер-министрдің отставкасынан кейін облигациялар нарығында қысқа мерзімді саяси тәуекелдер бағаларға ішінара енгізілген. Соның нәтижесінде француздың 10 жылдық облигацияларының табыстылық айырмасы неміс бондтарымен салыстырғанда биылғы ең жоғары деңгейге жетті.

Ал Citigroup сарапшылары бұған күмәнмен қарайды. Олар тәуекелдің өсуі енді ғана облигация бағаларының айырмасына әсер етіп жатыр деп санайды. Стратег Аман Бансалдың есебі бойынша, қазіргі «саяси үстеме» 14 базистік пунктке тең, тамызда бұл көрсеткіш 20 пункт болған. Егер елде кезектен тыс сайлау өтсе, бұл айырмашылық қайта ұлғаюы мүмкін.

Goldman Sachs француз және неміс 10 жылдық облигациялары арасындағы табыстылық айырмасын жыл соңында 70 базистік пункт деңгейінде болады деп болжайды. Қазір бұл айырмашылық шамамен 86 пунктке тең. Сарапшы Саймон Фрейсене бұл болжам экономика баяуласа немесе бюджет көрсеткіштері нашарласа, қайта қаралуы мүмкін екенін айтты.

Carmignac өкілі Кевин Тозенің болжамынша, егер Францияда мерзімінен бұрын сайлау өтсе, облигациялар арасындағы айырмашылық 100 базистік пунктке жетуі мүмкін. Мұндай жағдай соңғы рет 2012 жылы тіркелген.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары