Freedom Holding акциялары Russell 3000 индексіне кіреді. Бұл неге маңызды?

Freedom Holding акциялары АҚШ-тағы жария компаниялардың 98%-ын қамтитын Russell 3000 индексінің құрамына кіреді. Индекске ену — холдингке әлеуетті инвесторлар аясын кеңейтуге және индекс қорларының есебінен сауда белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді. Freedom Holding қағаздарының бағасы жыл басынан бері жалпы нарықтағы құбылмалық пен белгісіздікке қарамастан 30%-ға жуық өсті.
Егжей-тегжейлі
Freedom Holding қағаздары жыл сайынғы ребаланс шеңберінде Russell 3000 индексіне енгізіледі. Бұл өзгеріс 2025 жылғы 27 маусымда АҚШ нарығы жабылғаннан кейін күшіне енеді.
Индекс АҚШ-тағы үлкен, орта және шағын капитализациясы бар 3019 компанияның, сондай-ақ кейбір микрокапитализациялы компаниялардың акция динамикасын бақылайды. Осылайша, ол АҚШ-тың инвесторларға қолжетімді акция нарығының шамамен 98%-ын қамтиды.
«Компанияның беделді Russell 3000 индексіне енуі — біздің тұрақты өсімімізді және жаһандық қаржы нарығындағы орнымызды дәлелдейтін маңызды кезең», — деді Freedom Holding бас атқарушы директоры Тимур Турлов. — «Бұл компанияның институционалдық инвесторлар арасында танымал болуына, акционерлік базаны кеңейтуге және қаржы нарығындағы маңызды ойыншы ретіндегі орнын нығайтуға ықпал етеді».
Russell 3000 индексіне кіру — компанияның сол индекстің ішіндегі бір топқа, яғни Russell 1000 (ірі капитализациялы) немесе Russell 2000 (орта және шағын капитализациялы компаниялар) топтарының біріне, әрі олардың өсу және құн индексі ішкі санаттарына да кіруін білдіреді. Әзірге Freedom Holding нақты қай топқа жататыны ресми расталған жоқ. Бұл туралы ақпарат индекс құрамының кезеңдік жаңартуларында белгілі болады. Жаңартулар 30 мамырда, 6 маусымда, 13 маусымда және 20 маусымда жарияланады, деп хабарлады компания.
Russell 3000 құрамына қосылу инвесторлар аясын кеңейтуге және сауда белсенділігін арттыруға ықпал етеді. Өйткені бұл индекс жаһандық инвестициялық қорлар — мысалы, iShares Russell 3000 ETF және Vanguard Russell 3000 ETF (VTHR) үшін негізгі бағдар болып саналады. Бұл қорлардың басқаруындағы активтер көлемі $18 млрд-тан асады, делінген Freedom Holding хабарламасында.
Акциялардың жағдайы
Freedom Holding акциялары 29 мамырдағы Nasdaq таңғы саудасында аздап арзандады. Ал бір күн бұрын олардың бағасы 6,4%-ға өсіп, $166,7 деңгейіне жеткен еді.
Жыл басынан бері холдингтің қағаздары шамамен 28%-ға қымбаттады. Салыстыру үшін сол кезеңде АҚШ-тың кең нарық индексі S&P 500 аз ғана өсім көрсетті. Мамыр айында Freedom Holding нарықтық капитализациясы алғаш рет $10 млрд-тық межеден асты.








