Freedom: Жасыл энергетикаға жеңілдіктер жойылса, кейбір акциялар құнсызданады

Freedom Broker компаниясының сарапшылары АҚШ-та жоспарланып отырған салықтық өзгерістерден кейін күн панельдерін орнатып, тұрмыстық «жасыл» энергетикамен айналысатын компаниялар өзге сектор өкілдеріне қарағанда көбірек зардап шегуі мүмкін деп есептейді. Осыған байланысты брокер тұрмыстық күн энергетикасы саласындағы компаниялардың акцияларын сатуға кеңес берді. Ұсынылған заң жобасында жеке үйлерге күн панельдерін орнатуға берілетін 30 пайыздық жеңілдіктен бас тарту және өндірістік әрі инвестициялық салық жеңілдіктерін 6 жыл ерте, яғни 2026 жылдан бастап біртіндеп алып тастау қарастырылған.
Тұтынушыларға арналған жеңілдіктер жойылса, кімдер ұтылады?
Freedom Broker 16 маусым күні Сенаттың қаржы комитеті ұсынған салық заңнамасындағы өзгерістер тұрмыстық күн панельдерін өндіретін және үйлерге орнататын бизнеске теріс әсер ететінін атап өтті. Бұл пікір брокердің Oninvest порталында жарияланған шолуында келтірілген. Сарапшылар инвесторларға дәл осы сегменттегі компаниялардың акцияларын сатуға кеңес береді.
Қазіргі заң жеке үйлерге күн панельдерін орнатуға 30 пайыздық салық жеңілдігін ұсынады. Бұл жеңілдік 2034 жылға дейін қолданыста болуға тиіс. Алайда қаржы комитеті оны келесі жартыжылдықта алып тастауды ұсынып отыр.
Freedom бұл өзгерістерден ең алдымен бөлшек тұтынушыларға тәуелді шағын капитализациялы Sunrun (капитализациясы 1,42 млрд доллар) және Enphase Energy (4,7 млрд доллар) зардап шегуі мүмкін екенін ескертеді. Бұл компаниялардың өнімдеріне деген сұраныс осы жылдың өзінде төмендеуі мүмкін.
Ал АҚШ-тағы күн панельдерін ең көп өндіретін First Solar (15,55 млрд доллар) керісінше, әлеуетті жеңімпаз ретінде аталды. Себебі ол жабдықтарын негізінен коммуналдық жобаларға жеткізеді және алдын ала алынған ірі тапсырыстар портфелі бар. Бұл қиын кезеңді еңсеруге көмектесуі мүмкін, делінген Freedom шолуында.
Бизнеске арналған жеңілдіктер жойылса, оның әсер қандай болады?
Сенаттың қаржы комитеті ұсынған тағы бір өзгеріс — Инфляцияны төмендету туралы заң (IRA) аясында компанияларға берілетін өндірістік және инвестициялық салық жеңілдіктерін 100% көлемінде біртіндеп алып тастау. Бұл жеңілдіктер 2032 жылға дейін есептелген, бірақ жаңа ұсыныс бойынша олар 2026–2028 жылдары кезең-кезеңімен жойылады.
Егер бұл шешім қабылданса, 2025 жылдан кейін басталатын жобалар табыстылық көрсеткішінен айырылады, деп жазады Freedom. Осыған байланысты олар инвесторларға SolarBank (капитализациясы 63,66 млн доллар) компаниясына назар аударуға кеңес береді. Бұл компания жылдың екінші жартысында бірнеше ірі жобаны аяқтауы мүмкін. Freedom оны «таңдаулы нұсқа» ретінде атап көрсеткен.
Коммуналдық компаниялардың болашағы олардың қазіргі жобаларының іске қосылу мерзіміне және биыл жаңа жобаларды бастағанын дәлелдей алуына байланысты болады, дейді сарапшылар. Бұл сегменттегі компаниялар ретінде Freedom NextEra Energy (147,25 млрд доллар) және AES (7,41 млрд доллар) атаған. Бұл компаниялардың акцияларын әзірге ұстай тұру ұсынылады, себебі заң жобасының нақты тағдыры әлі белгісіз.
Сенаттың ұсынысы — күн энергетикасына бағытталған акциялар үшін елеулі теріс фактор, бірақ әртараптандырылған, реттелетін коммуналдық компаниялардың табысына қысым әлдеқайда әлсіз, делінген Freedom сарапшыларының пікірінде.
Ал гидро және ядролық энергиямен айналысатын Dominion Energy (46,21 млрд доллар), PG&E (30,48 млрд доллар) және Public Service Enterprise Group (40,97 млрд доллар) секілді үш ірі компания бұл өзгерістерден көп зардап шекпейді, деп жазады брокер. Себебі қаржы комитеті бұл секторларда салықтық жеңілдіктерді сақтап қалуды ұсынып отыр.
Импортқа салынған баж салығы жағдайды қиындата түседі
Freedom-тің айтуынша, саланың жағдайын қиындататын тағы бір фактор — 16 маусымнан бастап бірқатар азиялық елден әкелінетін күн панельдерінің бөлшектеріне кедендік баж салығының енгізілуі. Сарапшылардың пікірінше, импортқа ең қатты тәуелді компаниялар — Enphase Energy мен Sunrun.
Ал First Solar болса өз өнімдерін АҚШ ішінде өндіреді. Бұрын осы себепті Jeffries инвестициялық банкі бұл компанияның акцияларын сатып алуға кеңес берген еді. Сол кездегі сараптамада First Solar-дың Қытайдан импортқа шектеу қойылған жағдайда ерекше артықшылықтарға ие болатыны айтылған.








