ФРЖ жаз айларында баж салығының бағаға әсерін зерттемек: Пауэллдің мәлімдемелері

АҚШ Федералдық резерв жүйесі (ФРЖ) пайыздық мөлшерлемені қайта төмендету туралы шешім қабылдамас бұрын инфляция бойынша деректерді және оған импорттық баж салықтарының ықпалын күтуі қажет. Маңызды көрсеткіштер маусым мен шілде айларына тиесілі болады. Бұл туралы реттеуші ұйымның төрағасы Джером Пауэлл Конгресс алдында мәлімдеді. Ол ФРЖ-ның шілдедегі отырысында ақша-несие саясаты жұмсартылуы мүмкін деген жорамалға баға беруден бас тартты. Пауэллдің айтуынша, баж салығының әсері күткеннен әлсіз болуы да ықтимал, бірақ оны алдын ала болжау мүмкін емес.
Егжей-тегжейі
«Біз баж салығының инфляцияға ықпалын маусым, шілде және тамыз айларында сезе бастауымыз мүмкін. Егер бұл әсер байқалмаса, ол да біз үшін маңызды сабақ болады», – деді Джером Пауэлл Конгрессте сөйлеген сөзінде.
Пауэллдің айтуынша, баж салықтарының АҚШ-тағы бағаға қалай әсер ететінін алдын ала айту мүмкін емес. Барлығы нақты жағдайға байланысты болады және ФРЖ шешімдерді қолда бар деректерге сүйене отырып қабылдайды. Сонымен қатар, ол Федрезерв импорттық салықтардың тұтыну бағасына әсері «күткендегіден әлсіз болуы мүмкін» екенін «толық мойындайтынын», әрі бұл ұйым саясатына ықпал ететінін айтты.
Bloomberg агенттігі Пауэллдің сөзінен ФРЖ шілдеде пайыздық мөлшерлемені төмендету мүмкіндігін толық жоққа шығарып отыр деген қорытынды жасауға болмайтынын жазады. Ол реттеушіге асығудың қажеті жоқ екенін және экономиканың болашақ бағыты туралы көбірек ақпарат білуге уақыт барын ерекше атап өткен.
«Егер инфляциялық қысым әлсіреген күйінде қала берсе, біз мөлшерлемені ерте ме, кеш пе төмендету кезеңіне жетеміз. Бірақ қай отырыста болатынын нақты айтқым келмейді», – деді Пауэлл.
Bloomberg шілде айының инфляция көрсеткіші тек қыркүйектегі отырыс қарсаңында ғана қолжетімді болатынын еске салады. Соған қарамастан, Пауэллдің сөзі кезінде нарық қатысушылары шілде айының соңында-ақ пайыздық мөлшерлеме төмендеуі мүмкін деген үмітін сәл арттырды. Мәселен, CME FedWatch құралының мәліметінше, шілдеде мөлшерлеме төмендейді деп күткен трейдерлер үлесі 16,5%-дан 18,6%-ға өсті. Ал қыркүйектегі отырыс нәтижесінде мөлшерлеменің төмендеуін инвесторлардың шамамен 91%-ы күтеді.
Нарық қалай жауап берді?
ФРЖ басшысының түсініктемесінен кейін АҚШ-тың негізгі биржалық индекстері өсе түсті. Бұған қоса, Израиль мен Иран арасындағы атысты тоқтату келісімінен үміт те нарыққа оң әсер етті. S&P 500 1,2%-дан артық өсіп, ақпан айынан бергі ең жоғары деңгейге жетті. Dow Jones те 1,2%-ға көтерілді, ал технологиялық Nasdaq Composite бірден 1,6%-ға секірді. 10 жылдық АҚШ қазынашылық облигацияларының кірістілігі 5,5 базистік пунктке төмендеп, 4,29%-ға түсті. Bloomberg доллар индексі 0,6%-ға әлсіреді.
Пауэлл тағы не айтты?
— Доллар әлі де сенімді актив ретінде сақталып отыр. «Казначейлік облигациялар нарығындағы сәуірде болған құбылмалық доллардың әлемдік резервтік валюта ретіндегі мәртебесіне нұқсан келтірді ме?» деген сұраққа Пауэлл «жоқ» деп жауап берді. Оның айтуынша, доллардың резервтік валюта ретіндегі орнын заң үстемдігі, баға тұрақтылығы және капитал нарықтарының ашықтығы қамтамасыз етеді. Ол ФРЖ-ның негізгі міндеттері арасында бұл мәселе ресми түрде болмаса да, доллардың рөлі ұйым үшін маңызды екенін атап өтті.
— ФРЖ-ға әзірге баға тұрақтылығын қамтамасыз ету бұйырмаған. «Біз әлі де толық баға тұрақтылығына қол жеткізген жоқпыз», – деді Пауэлл. Ол инфляцияның 2%-дық мақсаттан жоғары деңгейде сақталып отырғанын айтып, жаңа инфляциялық соққы қаупіне байланысты сақ болу қажеттігін ескертті.
— Мөлшерлеме жұмыс нарығы күшейе берсе де және инфляция жоғары болып тұрса да төмендеуі мүмкін. Егер еңбек нарығы тұрақты болып, инфляция жоғары күйінде қалса да, «біз бәрібір мөлшерлемені төмендетеміз – бірақ бұл бірден емес, кейінірек болады», – деді Пауэлл.
— ФРЖ мүшелерінің көбі биыл пайыздық мөлшерлемені төмендетуді қолдайды. Комитет мүшелерінің көпшілігі 2025 жылы мөлшерлемені төмендету орынды болады деп есептейді. Бірақ экономикалық даму бағытын болжау қиын екенін де атап өтті.
— ФРЖ-дан тыс кәсіби болжаушылардың басым көпшілігі биыл инфляция өседі деп күтуде. «Неліктен біз қазір әрекет етпейміз?» деген сұраққа Пауэлл 2024 жылғы қыркүйектегі жағдаймен салыстырғанда макрокөрсеткіштер ұқсас болғанымен, қазіргі инфляцияны баж салықтары арттырып жіберуі мүмкін екенін айтты. Сонымен қатар, еңбек нарығының әлсіреу белгілері байқалмайды. «Экономика мықты болып тұрғанда, біз өзімізге үзіліс жасауға мүмкіндік бере аламыз», – деді Пауэлл. Сол себепті ФРЖ әзірге нақты шаралар қабылдамайды.
— Қажет болған жағдайда ФРЖ-да мөлшерлемені төмендететін жеткілікті кеңістік бар. Пауэлл АҚШ федералдық бюджеті біраз уақыттан бері тұрақсыз екенін айтты, бірақ фискалдық саясатқа қатысты пікір білдіруден бас тартты. Дегенмен, Дональд Трамптың салық және шығыс саясаты нәтижесінде тапшылық өсуі ФРЖ-ның рецессиямен күресуіне кедергі келтіре ме деген сұраққа ол: «Қажет жағдайда мөлшерлемені төмендетуге бізде әлі де жеткілікті құрал бар», – деп жауап берді.








