Ғалымдар да, барлау да іздеуде: Иран ураны қайда кетті?

«Ұшақтың фюзеляжына ілінген атом бомбасы… әуеде бөлшектеніп кеткен жойғыш-бомбалаушыдан үзіліп түсіп, шығысқа қарай ұша жөнелді. Ол ұшақ қалдықтары құлаған жерден алысқа, друз фермерінің үйінен елу метр жерге құлады. Енді Израиль алдында тіпті ең қияли адамдардың өзі шешімін таба алмайтын мәселе туындады. Бомба Сирия аумағында жатқан еді, бірақ нақты қай жерде екені белгісіз. Қай ұшақ оны алып келе жатты? Қай жерде апатқа ұшырады? Израиль Сириядан іздеуге көмектесуді сұрай алмады. Ал АҚШ-қа не деу керек? Өйткені олардан «арнайы ядролық материалды» шеберлікпен сатып алғаны екеуінің де ресми түрде жоққа шығарған фактісі еді. Сөйтіп, атом бомбасы фермердің үйінің жанындағы екі метрдей жерге түсті. Ол фермер оның барынан бейхабар күйде, тасты алаңын егістікке айналдыруын жалғастыра берді».
Бұл – жазушы Том Клэнсидің 1991 жылы жазылған «Бар қорқыныштың жиынтығы» атты романының оқиға желісі. Кейін бұл шығарма желісімен 2002 жылы аттас фильм түсірілді. Оқиғаның барлық егжей-тегжейін айтып бермей-ақ қояйын, егер әлі көрмесеңіз, айта кетейін – фильм жаман емес.
Таяу Шығыс, соғыс, жоғалған атом қаруы және оны іздеген бірнеше елдің арнайы қызметі. Бұл – қазіргі тарихтан таныс сценарий. Иә, бұл жолы әңгіме Иранның ядролық нысандарына маусым айында жасалған Израиль мен АҚШ шабуылы және ізім-ғайым жоғалған 409 келі жоғары байытылған уран туралы. Бұл енді кино емес. Мұнда бәрі өте шынайы.
Бастапқы ниет – бейбіт мақсат еді
Иран ядролық бағдарламасы 1957 жылы АҚШ-тың қолдауымен басталды. Ол кезде екі ел достық қарым-қатынаста еді. Алайда 1979 жылғы Ислам революциясынан кейін шах биліктен кетіп, Иранға қатаң халықаралық санкциялар салынғанда, АҚШ бұл қолдауын тоқтатты.
Соған қарамастан, Иран бағдарламасын тоқтатқан жоқ. Әрқашан бейбіт мақсатта екенін айтып келді. Алайда Иран мен Батыс арасындағы қатынас шиеленіскен сайын, елдің жасырын түрде ядролық қару жасап жатқанына күмән күшейе түсті. 2015 жылы АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Ресей, Қытай және Германия Иранмен «ядролық келісімге» қол қойды. Бұл келісім Иранға халықаралық бақылаумен бейбіт ядролық бағдарламасын жалғастыруға мүмкіндік берді. Ал Батыс санкцияны ішінара алып тастады.
2018 жылы АҚШ президенті Дональд Трамп бұл келісімді бұзып, оны «АҚШ жасаған ең нашар әрі біржақты мәміле» деп атады. Оның пікірінше, Иран санкциядан босаған қаржыны зымыран бағдарламасын күшейтуге, жасырын түрде ядролық қару жасауға және Таяу Шығыстағы террористік ұйымдарды қолдауға жұмсады.
Содан кейін Тегеран халықаралық инспекторларды өз нысандарына кіргізуді шектеп, уран байыту қарқынын арттырып, заманауи центрифугаларды пайдалана бастады деп хабарлайды CNN.
Кейінгі жылдары АҚШ президенттері Трамп пен Байден әкімшілігімен жүргізілген бірнеше келіссөздер де нәтиже бермеді.
Иранның ядролық бағдарламасы әсіресе Израильді қатты алаңдатады. Себебі Иран басшылары Израиль мемлекетін мойындамайды және оған ашық түрде қоқан-лоққы көрсетіп келеді. Мысалы, 2020 жылы Иранның Жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеи теледидардан: «Сионистік режим – аймаққа зиян келтіріп отырған қатерлі ісік. Ол міндетті түрде жойылады» деген еді.
Байыту мәселесі
Иран бағдарламасындағы басты мәселе – уран байыту деңгейі. Табиғи уран 99,3% ауыр уран-238 изотобынан, тек 0,7% уран-235 изотобынан тұрады. Ал дәл осы уран-235 – бейбіт ядролық станциялар мен ядролық қару үшін қажет негізгі компонент.
Уран байыту үшін оны газға айналдырып, жоғары жылдамдықтағы центрифугаларға жібереді. Мұнда ауыр уран-238 қабырғаға қарай ығысады, ал жеңіл уран-235 орталықта жиналады. Сосын бұл процесс келесі центрифугада қайталанады. Осылайша, каскадты тізбек арқылы уран-235 концентрациясы біртіндеп артады.
АЭС-те қолданылатын уран әдетте 3,67% деңгейінде байытылады. Ал ядролық қару үшін бұл көрсеткіш 90%-ға жетуі тиіс.
2025 жылғы маусым айының басында МАГАТЭ есебі жарияланып, Иран 60%-ға дейін байытылған 408,6 кг уран жинағаны айтылды. Сарапшылардың пікірінше, бұл көлемді 90%-ға жеткізу арқылы 9-10 ядролық заряд жасауға болады. Бұған жету үшін техникалық тұрғыдан бір ғана қадам қалғанын AP жазды.
Иран бұл айыптауларды жоққа шығарып, МАГАТЭ есебін «саяси астары бар» және «сенімсіз дереккөздерге негізделген» деп атады. Сондай-ақ, Хаменеи бекіткен қорғаныс доктринасы ядролық қару жасауға тыйым салатынын еске салды.
Алайда, жоғары байытылған уранды бейбіт мақсатта не үшін жинап жатқанын Иран нақты түсіндірген жоқ.
Аяқталған апат па, әлде ұзарған күдік пе?
АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер нәтиже бермей жатқан тұста, 13 маусымда Израиль Иранның әуе қорғанысы, баллистикалық зымыран ұшыру нүктелері мен ядролық нысандарына кең ауқымды соққы жасады. Шабуыл кезінде Иран армиясының жоғары басшылығы мен ядролық бағдарламаға қатысқан мамандар да нысанаға алынды. The Times of Israel мәліметінше, Израиль ВВС 100 зениттік-зымыран кешенінің 80-ін, 400 зымыран қондырғысының 200-ін, 15 ұшақты, 70 радарды, 6 әуежайды, 35-тен астам зымыран және әуе қорғаныс өндірісі нысандарын, ондаған командалық орталықты жойған.
Сонымен қатар, Израиль Натанз бен Фордо қалаларындағы уран байыту зауыттарына, Арактағы жұмыс істемейтін ядролық реакторға және басқа да ядролық нысандарға соққы берді. Иран жауап ретінде дрондармен және зымыранмен Израиль қалаларын атқылады.
Аналитиктер атап өткендей, Ирандағы ең қорғалған нысан – Фордо байыту зауыты. Ол 90 метр тереңдіктегі тас пен бетонның астында орналасқан. Оны кәдімгі бункерге қарсы бомбамен жою мүмкін емес.
Scientific American журналы мұндай қорғауды тек салмағы 14 тоннаға жуық, әлемдегі ең қуатты ядролық емес қару саналатын америкалық GBU-57/B супербомбасы ғана бұза алады деп жазады. Мұндай бомбаны тек АҚШ-тың B-2 бомбалаушысы ғана алып жүре алады. Израильде бұл қару түрі жоқ, тек АҚШ-тың өзінде бар.
Мүмкін, Израиль ПВО жүйелеріне соққы беру арқылы АҚШ-қа «аспанды тазартқан» болар. 22 маусымға қараған түні АҚШ шабуылға қосылды. Жеті B-2 Spirit бомбалаушысы Иран әуе кеңістігіне кіріп, Фордо мен Натанздағы нысандарға 14 дана GBU-57/B бомбасын тастады. Сонымен қатар, сүңгуір қайық Исфахандағы ядролық нысанды «Томагавк» қанатты зымырандарымен атқылады.
«Мен бүкіл әлемге осы операция үлкен әскери жетістік болды деп мәлімдеймін. Иранның байыту инфрақұрылымы толық және қайтарымсыз жойылды», — деді Трамп ұлтқа жасаған үндеуінде. Бірақ шынымен солай ма?
Уран қайда?
25 маусымда CNN құпия барлау есебіне сүйене отырып, ядролық нысандардың тек зақымданғанын, центрифугалар аман қалғанын, ал байытылған уранның шабуылға дейін басқа жерге әкетілгенін жазды. Яғни, ядролық бағдарлама толығымен жойылмаған, тек сәл кешіктірілген. Бұған дейін Иранның атом бомбасын жасау мерзімі үш ай деп бағаланса, енді ол алты айға ұзартылған. Дәл осындай мазмұндағы материалды The New York Times та жариялады.
Сол күні-ақ АҚШ-тың Орталық барлау басқармасы мен Ұлттық барлау қызметінің басшылары бұл бағдарламаның «бірнеше жыл артқа шегерілгенін» ресми түрде мәлімдеді.
Трамп бұған жауап ретінде Truth Social желісінде ашулы жазбалар жариялап, «журналистерді жұмыстан шығаруды» талап етті. Себебі олар «патриот ұшқыштарымызды жала жауып, керемет жұмысты жоққа шығаруға тырысты!»
Ал байыпты сарапшылар Фордо секілді тереңде орналасқан нысандардың нақты зақымдану деңгейін тек инспекция арқылы ғана анықтауға болатынын, бірақ Иранның қазіргі жағдайда мұндай қадамға баруы екіталай екенін атап өтеді.
The Institute for Science and International Security зерттеуі – осы оқиғаға қатысты ең егжей-тегжейлі ашық дереккөз. Зерттеу қазіргі және тарихи спутниктік суреттерді талдай отырып, GBU-57/B бомбалары Натанз бен Фордо кешендерінің осал тұстарына дәл тигенін көрсетеді. Бұл нысандар қатты зақымданған не толық жойылған болуы мүмкін.
Алайда зерттеуде айтылғандай, шабуылдан бір күн бұрын Фордо маңында жүк көліктерінің колоннасы байқалған. Бұл Иран уран мен ең құнды жабдықты ол жерден алып кеткен болуы мүмкін деген жорамал тудырады. Бірақ керісінше, олар ең маңызды заттарды сол жерге жасыру үшін де жеткізген болуы ықтимал.
Bloomberg дерегінше, 409 келі уран 1 метрлік, салмағы 25 келі болатын 16 контейнерге сыйып кетеді. Яғни, оны жүк көлігімен де, бірнеше жеңіл көлікпен де тасымалдауға болады.
«Иран ураны қазір қайда?», — деп сұрайды Bloomberg, Financial Times және The New York Times. Иран тарапы бейресми түрде оны «қауіпсіз жерде сақтағанын» меңзейді, бірақ бұл – блеф болуы да мүмкін.
Әрине, бұл ақпарат әсіресе Израиль барлауын қызықтыратыны сөзсіз.
«Бейбіт келісімге қарамастан, Израиль барлауы Иранда жойылмаған ядролық материал, центрифуга және өндіріс қуаттарын іздеуді жалғастырады», — деп жазады The Institute for Science and International Security.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху 22 маусымдағы баспасөз мәслихатында елдің қолында «уран орналасқан жерге қатысты қызықты барлау ақпараты барын» мәлімдеді. Бірақ нақты ақпарат бермеді. Бұл да Иранды «үркітіп», жасырын материалды басқа жерге көшіруге мәжбүрлеу үшін айтылған айла болуы мүмкін.
Қай жағына тартсаң да, Таяу Шығыс – өте күрделі әрі нәзік аймақ.








