General Motors жүргізушісіз көліктерді қайта дамытады

General Motors былтыр жабылған Cruise роботакси бөлімшесінің бұрынғы бірқатар қызметкерін қайтаруды жоспарлап отыр.Бұл қадам жеке пайдалану үшін автономды автокөлік жобасын қайта іске қосуға бағытталған.Bloomberg-тің жағдаймен таныс дереккөздерінің айтуынша, компания қазір жүргізуші отырған көліктерді қоғамдық жолдарда сынап жүр. Мақсат — автономды жүйелерді үйрету үшін деректер жинау.
Егжей-тегжейі
GM жүргізушісіз басқару жүйесін әзірлеу тобын күшейтпек. Cruise жобасының бұрынғы қызметкерлерін қайтарумен қатар, Калифорния мен басқа орындардағы кеңселеріне жаңа мамандарды да алады.
Бұл туралы GM-нің өнім жөніндегі директоры Стерлинг Андерсон 6 тамызда жабық жиналыста айтты. Ол мамыр айында компанияға келді және бензинмен жүретін көліктерден бастап электромобильдер мен автономды жүргізу технологияларына дейінгі өнім циклінің барлығына жауапты.Андерсон бұған дейін Tesla-да Autopilot бағытын басқарған, кейіннен жүргізушісіз жүк көліктеріне маманданған Aurora Innovation компаниясында жұмыс істеген.
Bloomberg дереккөздерінің айтуынша, алғашқы кезеңде компания адам араласуынсыз, бірақ жүргізуші орнында болатын автономды жүргізу технологиясына назар аударады. Ақырғы мақсат — толық автономды көлік.
GM өкілі Чаити Сен Bloomberg-ке: «Біз адамның белсенді қатысуынсыз жұмыс істейтін жүргізушісіз технологиялардың дамуын жеделдетудеміз» деді.Оның айтуынша, АҚШ жолдарында жүрген GM автокөліктері лидарлармен жабдықталған және олар жасанды интеллектіні үйрету үшін қажет деректерді жинап, имитациялық модельдер жасайды.
Контекст
GM-нің бұл жоспары компания басшысы Мэри Барраның жүргізушісіз көліктерді болашағы бар бағыт деп санайтынын көрсетеді.Cruise жобасы былтыр жаяу жүргіншінің ауыр жарақат алуына әкелген оқиғадан кейін жабылды. Бұл ретте реттеушілердің қатаң реакциясы болды, тоғыз топ-менеджер жұмыстан кетті, ал бас директор Кайл Вогт қызметінен алынды.Биылдың басында GM Cruise-тың шамамен 1000 қызметкерін қысқартты.
GM жобаның жоғары құнын да атап өткен. Дегенмен, сол кезде-ақ компания жеке пайдалану үшін автономды көлік жасауға жұмысын жалғастыратынын уәде етті. Бірнеше жыл бұрын мұндай машинаны 2020-жылдардың ортасында шығаруды жоспарлаған еді, бірақ кейін нақты мерзімдерден бас тартты.'Жоба GM-нің Super Cruise — «қолсыз жүргізу» жүйесін дамытуымен қатар жүріп жатыр.
Cruise-тағы қысқартуларға қарамастан, Барра GM-нің автономды көліктерді дамытуға адал екенін айтады.22 шілдедегі тоқсандық есепті таныстыруда ол автономды технологияларды, жеткізу тізбегін жергілікі етуді және батареялардағы инновацияларды компанияның негізгі басымдықтары деп атады.
Бұл нарық неге автокөлік өндірушілері үшін маңызды
MarketsandMarkets зерттеу компаниясының дерегінше, үшінші деңгейдегі («eyes-off» — жүргізуші жолды бақыламайтын) автономды көліктер нарығы 2025 жылғы 291 мың данадан 2035 жылы 8,7 млн-ға дейін өседі.Жылдық орташа өсім шамамен 40%-ды құрайды.
Tesla мен оның қытайлық бәсекелесі BYD-тен бөлек, жүргізушіге көмек көрсету және автономды жүргізу жүйелерін Mercedes-Benz (Drive Pilot — Германия мен АҚШ-тың Невада штатында мақұлданған), BMW (Highway Assistant), Ford (BlueCruise), Stellantis (STLA AutoDrive платформасын әзірлеуде), Toyota (Teammate — Жапонияда сынақта), Honda (Honda Sensing Elite — Жапонияда сертификатталған), сондай-ақ қытайлық XPeng, Xiaomi және NIO компаниялары да дамытып жатыр.








