БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Баж салығынан GM пайда көрсеткіші төмендеді: үшінші тоқсанда жағдай түзеле ме?

Венера  Сайфутдинова

Венера Сайфутдинова

Oninvest тілшісі
Баж салығынан GM пайда көрсеткіші төмендеді: үшінші тоқсанда жағдай түзеле ме?

Америкалық автокөлік өндіруші General Motors екінші тоқсанда пайдасының шамамен үштен бірге азайғанын хабарлады. Компанияның бағалауынша, Дональд Трамп енгізген баж салығы оған $1,1 млрд шығын әкелген. Соған қарамастан, GM пайда мен табыс бойынша сарапшылардың күтулерінен асып түсіп, жылдық болжамын сақтап қалды. Алайда өндіруші үшінші тоқсанда сауда тосқауылдарының қысымы күшейеді деп ескертті және бұл шығындардың бір бөлігін өндірісті қайта құру мен бағаны арттыру арқылы өтеуге тырысып жатқанын атап өтті.

Егжей-тегжейлі

General Motors компаниясының пайыз бен салықты қоспағандағы түзетілген пайдасы (Adjusted EBIT) екінші тоқсанда жылдық есеппен 32% азайып, $3 млрд-ты құрады. Компания бұл төмендеуді президент Дональд Трамп енгізген шетелдік автокөліктер мен қосалқы бөлшектерге салынған баж салығының әсерімен түсіндірді. GM бағалауынша, бұл салықтар жалпы нәтижеден $1,1 млрд «жеп қойған».

Соған қарамастан, түзетілген пайда StreetAccount сарапшылары болжаған $2,89 млрд-тан жоғары болды, деп жазады CNBC.

АҚШ-та сатылым көлемі бойынша ең ірі автокөлік өндіруші компания үшінші тоқсанда баж салығының жағымсыз әсері одан да күшті болады деп күтетінін растады, бірақ сонымен қатар жылдық болжамын сақтап қалды: сауда тосқауылдары таза пайданы $4–5 млрд-қа дейін қысқартуы мүмкін. GM мамыр айында жылдық болжанған пайдасын $10–12,5 млрд аралығына дейін төмендеткен, ал бұған дейін, яғни қаңтарда, баж салығы енгізілмей тұрған кезде бұл көрсеткіш $15,7 млрд болады деп күтілген еді. Компания бұл әсердің кемінде 30%-ын жұмсартуға мүмкіндігі бар екенін атап өтті. Осы мақсатта GM Солтүстік Америка нарығында көлік бағасын 0,5–1% көтеруді жоспарлап отыр, делінген қаржылық есеп материалдарында.

22 шілде күнгі сауда кезінде General Motors акциялары 7,4% арзандады. Бәсекелестері — Ford пен Jeep брендінің иесі Stellantis-тің акциялары да сейсенбі күні тиісінше шамамен 1% және 0,2% төмендеді.

Jeep автокөліктерін шығаратын Stellantis компаниясы 2025 жылдың екінші жартысында АҚШ-тың баж салықтары қаржылық көрсеткіштеріне айтарлықтай кері әсер ететінін ескертті. Компанияның айтуынша, жылдың алғашқы жартысында бұл салықтардан келген шығын шамамен 300 млн еуроны (яғни $350 млн) құраған.

GM есебінде тағы не айтылған?

Компания түзетілген негізде бір акцияға шаққандағы пайдасы $2,53 болғанын хабарлады. Салыстыру үшін: Bloomberg $2,33, ал CNBC келтірген LSEG деректері бойынша $2,44 деңгейінде күтілген еді. 2024 жылдың екінші тоқсанында GM бір акцияға $3,06 пайда тапқан болатын.

2025 жылдың екінші тоқсанында General Motors-тың табысы $47,12 млрд-ты құрады — бұл LSEG сарапшылары болжаған $46,28 млрд-тан жоғары.Алайда, жылдық мәнде бұл көрсеткіш шамамен 2% қысқарды: 2024 жылдың екінші тоқсанында табыс $48 млрд болған.

CNBC мәліметінше, GM-нің акцияға шаққандағы пайдасы мен табысы 2023 жылдың төртінші тоқсанынан бері алғаш рет жылдық мәнде төмендеді. Сонымен қатар, табыс бойынша тіркелген бұл құлдырау — 2021 жылдың төртінші тоқсанынан бергі ең ірі төмендеу.

General Motors-тың акционерлерге тиесілі таза пайдасы $1,9 млрд-ты құрады, бұл бір жыл бұрынғыдан 35,4% аз.

GM-нің Солтүстік Америкадағы түзетілген маржасы (пайыз бен салықты есептемегендегі) 6,1% болды, ал былтыр бұл көрсеткіш 10,9%-ды құраған еді.

Компания 2025 жылдың екінші тоқсанында 974 000 автокөлік сатқан, бұл StreetAccount болжаған 1 миллионнан аз. Электромобильдер сатылымы 46 300 бірлікті құрады.

Сарапшылар пікірі

«Баж салығы туралы жаңалықтар басым болатыны анық, дегенмен бұл нәтиже тарихтағы ең құбылмалы тоқсандардың бірінде күткеннен жақсырақ болды», — деп жазды Citi сарапшысы Майк Уорд Barron’s келтірген ескертпесінде.

CFRA сарапшысы Гарретт Нельсоннің айтуынша, инвесторлар GM жылдық болжамды көтереді деп үміттенген. Сонымен қатар, екінші тоқсанда акцияларды кері сатып алуды тоқтату шешімі де капитал қайтарымын күткен инвесторлар үшін көңілсіздік тудырған болуы мүмкін, деп жазды ол. Нельсоннің айтуынша, компания шілдеде байбекті қайта жандандырған.

GM-нің тоқсандық есебінің алдында Benchmark сарапшысы Микки Легг компания акцияларын «Сатып алу» (Buy) рейтингінде бағалап, мақсатты баға ретінде $65 көрсетті. Бұл — 21 шілдедегі жабылу бағасынан 22,6% жоғары. Ол дүйсенбі күні жариялаған аналитикалық есепте былай деп жазды: «Сауда тарифтері мен геосаяси белгісіздікке байланысты соңғы нарықтық құбылмалыққа қарамастан, GM-нің негізгі бизнесі тұрақты күйде қалып отыр. Бұған іргелі көрсеткіштердің жақсаруы, салмақты инвестициялық саясат пен стратегиялық тұрғыдан іштен жанатын қозғалтқыштар сегментінде де, электромобильдер бағытында да дұрыс орналасуы себеп болып отыр». Barron’s осы бағаны жария етті.

Жалпы, General Motors қағаздарын қадағалайтын 31 сарапшының ішінде: 16-сы «сатып алуға» (Buy және Overweight) кеңес береді, 12-сі бейтарап (Hold) ұстанымда, тек 3-еуі «сатуға» (Underweight және Sell) шақырады. Сарапшылардың орташа мақсатты бағасы 21 шілдедегі жабылу бағасынан 5,6% жоғары.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары