Stellantis компаниясы баж салығы мен өзге де шығындар салдарынан шығынға батты

Chrysler, Fiat және Peugeot сияқты брендтерге иелік ететін Stellantis 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында күтпеген жерден шығынға ұшырағанын хабарлады. Автоөндіруші компания АҚШ президенті Дональд Трамп енгізген және жариялаған импорттық баж салығы салдарынан €300 млн жоғалтты. Сауда шектеулерінің қысымымен қатар, Stellantis АҚШ-тағы нарықтағы ықпалын да әлсіретіп алды. Нәтижесінде компания акциялары биыл шамамен үштен біріне арзандады. Енді қалпына келуі екіталай, деп ескертеді Bank of America (BofA).
Егжей-тегжейлі
Компанияның алдын ала есептеулері бойынша 2025 жылдың қаңтар-маусым айларында Stellantis €74,3 млрд табыс аясында €2,3 млрд таза шығынға батқан. Бұл — сарапшылар үшін күтпеген нәтиже. FactSet дерегін келтірген The Wall Street Journal басылымының жазуынша нарық консенсусы компания €1,24 млрд таза пайда жариялайды деп болжаған. Өткен жылы дәл осы кезеңде Stellantis €85 млрд табыс түсіріп, €5,62 млрд таза пайда алған болатын.
Компания акциялары Милан биржасында 2%-ке дейін арзандады. Нью-Йорк премаркетінде бағамдар 2,2%-ке құлдырап, кейінірек сәл де болса қалпына келді.
Компанияның айтуынша жартыжылдықтағы қаржылық нәтижеге €3,3 млрд көлеміндегі шығындар, соның ішінде қайта құрылымдау шығындары да кіреді. Америкадағы баж салығының жағымсыз әсері, сондай-ақ сәуір айында Солтүстік Америкадағы зауыттардағы өндірістің тоқтап қалуы салдарынан жіберіп алған табыстар Stellantis тарапынан €300 млн деп бағаланды.
Компания 29 шілдеде толық жартыжылдық есебін жарияламақ. Алдын ала деректерді қазір ұсыну арқылы Stellantis сарапшылар болжамы мен нақты нәтиже арасындағы алшақтықты жоюды көздеп отыр. Сәуір айының соңында компания 2025 жылға арналған қаржылық болжамынан бас тартқан еді. Бұған баж салығына қатысты белгісіздік себеп болған.
Сарапшылар не дейді
Компания жарты жыл ішінде €2,3 млрд көлемінде қолма-қол қаражат жұмсады. UBS сарапшысы Патрик Хаммелдің айтуынша бұл шығындарды жылдың екінші жартысындағы ақша ағымымен жабу екіталай. «Биыл Stellantis дивидендтері өте төмен болуы мүмкін, тіпті мүлдем төленбеуі ықтимал», — дейді Хаммел, оның сөзін WSJ келтіреді.
Stellantis қытайлық бәсекелестер тарапынан күшейген қысыммен қатар, сұраныстың төмендеуінен және Трамп енгізген импорттық тарифтерден зардап шекті. Бұдан бөлек, компания АҚШ нарығындағы орнын жоғалтқаны қатты сезілді — америкалық мұраға негізделген брендтерін өзектендіре алмады, модельдік қатарды дер кезінде бейімдей алмады және сол себепті жеңілдіктерді ұлғайтуға мәжбүр болды.
Jefferies инвестициялық банкі маусым айының соңында компанияның операциялық қалпына келу белгілерін байқағанын айтып, оның рейтингін «сатып алуға» дейін көтеріп, мақсатты бағаны €9-дан €11,5-ке дейін арттырған.
Алайда арада екі апта өткен соң Bank of America Stellantis акцияларын сатып алуға берген ұсынымынан бас тартты және мақсатты бағаны күрт төмендетіп, €16-дан €10-ға дейін түсірді. Банк сарапшыларының пікірінше Stellantis алдында шешімін таппаған көптеген мәселе бар және олар компанияның жуық арада қалпына келетініне сенімді емес. «Кейбір инвесторлар Stellantis сияқты акцияларды «таң алдындағы ең қараңғы сәтте» сатып алу қажет деп ойлауы мүмкін. Бірақ бұл сәт келді ме, әлде мүлде бола ма — бізде бұған сенімділік жоқ. Себебі автосаланың технологиялық трансформациясы жалғасуда, ал жаңа ойыншылар нарыққа еніп жатыр», — делінген BofA шолуында.
Соңғы үш айда Stellantis бойынша нарық консенсус-рейтинг «бейтарап» (Hold) күйінде қалып отыр. FactSet есебінше, Нью-Йоркте саудаланатын акциялар үшін орташа мақсатты баға — $11,33, бұл 18 шілдедегі жабылу бағасынан 23% өсімді болжайды.
Контекст
Осы аптада General Motors, Tesla және Volkswagen өз есептерін жариялайды. Ал Ford Motor, Stellantis, Mercedes-Benz пен BMW — келесі аптада. Әлемдегі ең ірі автоөндіруші Toyota Motor өз табысын тамыз айында жарияламақ.
Bloomberg-тің жазуынша Дональд Трамптың баж салығына қатысты шешімдері жаһандық жеткізу тізбегі кең автоконцерндер үшін аса қауіпті болып отыр. «Инвесторлар осы айдың басында жарияланған жаңа баждар легіне дайын болмады», — дейді CFRA Research сарапшысы Гарретт Нельсон. Ол АҚШ автоөнеркәсібіне бейтарап рейтинг беріп, оның себебі ретінде жоғары бағаларды және сауда тосқауылдарымен байланысты белгісіздікті атады.
Жапония Банкі деректерін келтірген CBT News мәліметінше жапон автоөндірушілері АҚШ-тағы автокөлік бағаларын төмендетуге мәжбүр болған. Бұл — компаниялар бәсекеге қабілетті болу үшін пайдадан бас тартып жатқанын көрсетеді. Сарапшылардың пікірінше, Toyota бұл жағдайда ең тиімді әрекет ете алады, себебі оның рентабельдігі жоғары, ал Honda-ға АҚШ-тағы өз зауыттарының болуы көмектеседі.
Еуропада жағдай одан да күрделі. VW-дің АҚШ-тағы сатылымы екінші тоқсанда 16%-ке қысқарды, ал бірінші тоқсанда, баж салығына дейін, бұл көрсеткіш 4,4%-ке өскен еді. Volvo болса, жаңа электромобильдерді өндіріске енгізудегі кідірістер мен тарифтік шығындардың артуы салдарынан $1,2 млрд шығынды есептен шығарды.
Қосалқы бөлшектерге үміт
Осы дағдарыс аясында Уолл-стрит автокомпоненттерге үміт артып отыр, деп жазады Bloomberg. Автоконцерндер билік қысымымен бағаны ұстап тұруға тырысқанмен, қосалқы бөлшек жеткізушілер өз шығындарын клиенттерге көшіру мүмкіндігін тапқан. Citigroup-тың айтуынша Еуропада жергілікті өндірушілер ұтып жатыр, әсіресе — Michelin.








