Goldman Sachs Estee Lauder акцияларының рейтингін көтерді

Goldman Sachs люкс санатындағы косметика өндірушісі Estee Lauder компаниясының акцияларына берген бағасын көтерді. Енді банк оларды «сатып алуға» кеңес береді және бағасы шамамен үштен біріне өседі деп күтеді. Банктің пікірінше, компания әлсіз нәтижелер кезеңінен шығып, бизнес стратегиясын жаңарту арқылы оң нәтижелерге жете бастады. Сонымен қатар, өсімнің қосымша көзі ретінде Қытайдағы сұраныстың қалпына келуі мен Amazon сияқты жылдам дамып жатқан онлайн-платформаларда сауданы кеңейтуі аталады.
Егжей-тегжейі
CNBC хабарлауынша, Goldman Sachs Estee Lauder қиындықтарды сәтті еңсерді деп санайды және инвесторларға оның акцияларына назар аударуға кеңес береді. Банк рейтингті «ұстап тұрудан» (Hold) «сатып алуға» (Buy) дейін көтерді және мақсатты бағаны бір акция үшін 115 доллар деп белгіледі. Бұл — 10 қазандағы жабылу бағасынан шамамен 31 пайыз жоғары.
«Біздің есебіміз бойынша, компания табысын арттыруды биылғы бірінші қаржы тоқсанында (қыркүйекте аяқталды) бастайды. Ал 2027 қаржы жылына қарай EBIT рентабельдігі екі таңбалы деңгейге оралады», - деді Goldman Sachs сарапшысы Бонни Херцог.
13 қазандағы сауда кезінде Estee Lauder акциялары шамамен 8,4 пайыз өсті. 2025 жылдың басынан бері олардың бағасы 23 пайыздан астам көтерілді.
Өсімнің негізгі себептері
Херцогтың айтуынша, Goldman Sachs Estee Lauder бизнесінің жақсаруы компания жүзеге асырып жатқан стратегиялық қадамдармен байланысты деп есептейді.
«Жаңа стратегия тұтынушыға бағытталған және нарыққа жаңа өнімдерді тезірек шығару қағидасына негізделген. Бұл компанияны икемдірек етеді. Соңғы жылдардағы әлсіз нәтижелердің басты себебі – дәл осы икемсіздік болды», — деді ол.
Сондай-ақ Херцог Қытайдағы сұраныстың қалпына келуі де Estee Lauder акцияларына қолдау болатынын айтты. Компания басшылығы бұл елдегі жағдайдың жақсара бастаған алғашқы белгілерін маусым айында-ақ байқаған. Сарапшының пікірінше, бизнесін Азияның басқа дамушы нарықтарына әртараптандыру бұл әсерді күшейтеді.
Ол сонымен қатар компанияның тез өсіп келе жатқан сату арналарына — косметикалық дүкендер, сондай-ақ Amazon және TikTok Shop платформаларында брендтерді іске қосу бастамаларына жоғары баға берді.
«Маңыздысы — компания басшылығы бұл платформаларды жаңа медиастратегияның негізгі бөлігі ретінде қарастырады. Олар брендтерге деген сұранысты күшейтуге көмектеседі, себебі тұтынушылардың көпшілігі косметиканы дәл осы жерден іздейді», — деді Херцог.
Сарапшының есебінше, жаңартылған мақсатты баға Estee Lauder акцияларының қазір төмен бағаланғанын көрсетеді. Компания акциялары шамамен EV/EBITDA = 18 деңгейінде саудаланып жатыр, ал кейінгі бес жылдағы орташа көрсеткіш шамамен 24 болған.
«Estee Lauder 2019 жылғы деңгеймен салыстырғанда табысы азайғанымен, кірісі сол шамада қалды», — деп қорытындылады ол.
Басқа сарапшылар не дейді?
13 қазанда MarketScreener хабарлағандай, Deutsche Bank Estee Lauder акцияларының мақсатты бағасын 100 доллардан 103 долларға дейін аздап көтерді және «сатып алу» (Buy) ұсынымын сақтап қалды. Бұл бағалау шамамен 17 пайыз өсу әлеуетін білдіреді.
MarketWatch дерегіне сүйенсек, Estee Lauder акцияларына қатысты 27 сараптамалық рейтинг бар. Олардың 16-сы — «ұстап тұру» (Hold), 7-сі — «сатып алу» (Buy), 1 — «жоғары үлес» (Overweight), ал екі сарапшы — «сату» (Underweight және Sell) ұсынымдарын берген.








