Goldman Sachs KFC иесін таңдады: ол бәсекелестерден несімен алда?

KFC, Pizza Hut және Taco Bell мейрамханалар желісіне иелік ететін Yum! Brands-тің бәсекелестерден артықшылығы бар, деп есептейді Goldman Sachs. Банк сарапшылары компания акциялары бойынша ұсынымын «бейтараптан» «сатып алуға» дейін көтеріп, инвесторларға желінің жаңа мейрамханаларды ашу жылдамдығына назар аударуды ұсынды, деп жазады CNBC.
Егжей-тегжейлі
Goldman Sachs сарапшысы Кристин Чо Yum! Brands-ке берген бағасын «бейтараптан» «сатып алуға» дейін көтерді. Бұл ретте, ол акциялардың мақсатты бағасын $167 деңгейінде сақтап қалды, бұл котировкалардың 16% өсуін болжайды.
4 маусымдағы саудада KFC, Pizza Hut және Taco Bell иесінің акция бағасы айтарлықтай өзгерген жоқ — күнді $144 деңгейінде аяқтады.
Yum-ның артықшылығы неде?
Чоның айтуынша, Yum! Brands бәсекелестерге қарағанда белсендірек дамып келеді. Бірінші тоқсанда өсімнің негізгі драйвері KFC желісі болды: ол әлем бойынша 528 жаңа мейрамхана ашты — бұл бренд тарихындағы алғашқы тоқсандар бойынша екінші ірі көрсеткіш саналады. Қытай компания үшін негізгі нарық болып отыр: жыл сайын ашылатын жаңа нүктелердің 50–60%-ы дәл осы елге тиесілі.
«Сонымен қатар, компания басшылығы Taco Bell халықаралық желісін үш есе ұлғайтуды жоспарлап отыр — 2024 жылғы 1150 мейрамханадан 2030 жылға қарай 3 мыңнан астам нүктеге дейін. Бұл ашылулардың 40%-дан астамы брендтің төрт негізгі нарығында — Ұлыбритания, Испания, Аустралия және Үндістанда жүзеге асады. Сондай-ақ Франция, Польша, Германия, Оңтүстік Африка, Түркия, БАӘ, Грекия, Ирландия және Швецияда да мейрамхана ашу жоспарланған», — деп жазды Чо CNBC келтірген жазбасында.
Сарапшы франчайзингтің жоғары үлесі мен бизнестің географиялық әртараптандырылуы Yum-ды макроэкономикалық тұрақсыздықтан сақтануға көмектесетінін атап өтті. Халықаралық нарықтағы белсенділік АҚШ-тың сауда саясаты аясында мүмкін болатын бойкоттарға қатысты алаңдаушылық туғызғанымен, шетелдік тұтынушылардың АҚШ-қа деген көзқарасы әзірге Yum-ның табысына әсер еткен жоқ, деп атап өтті Goldman Sachs сарапшысы.
Ол Taco Bell брендіне ерекше назар аударып, оны «қолжетімді тамақ сегментіндегі бірегей көшбасшы» әрі тұтынушылардың жоғары адалдығына ие бренд деп атады. «Yum тұтынушылық сұраныстың әлсіреуінен және ішкі нарықтағы бәсекенің күшеюінен (Әсіресе брендтері төмен табысты тұтынушыларға бағытталғанын ескерсек) толық сақтандырылмағанымен, Taco Bell бұған дейін де қатаң бағалық бәсеке жағдайында бірнеше рет жоғары нәтижелер көрсеткен», — деп жазды Чо.
Taco Bell АҚШ-тағы позициясын қолжетімді бағадағы тұрақты ұсыныстар арқылы нығайтуды жалғастырады, деп күтеді ол.
Бәсекелестердің жағдайы қалай?
Жыл басынан Yum акциялары 7,3% өсті, бұл McDonald’s-тен сәл төмен — оның акциялары 7,5%-ға нығайған. Екі компания да Burger King иесі Restaurant Brands International-ды басып озды — оның акциялары небәрі 4,5% өскен.
3 мамырда McDonald’s табысы төмен тұтынушыларды тарту үшін мәзірге тауық еті қосылған Snack Wrap роллын қайта енгізетінін жариялады. Snack Wrap — бұл KFC-нің твистеріне ұқсас өнім. Jefferies сарапшыларының пікірінше, танымал өнімнің қайта оралуы ішек инфекциясы тарағаннан кейінгі төмендеген қарқынды қалпына келтіруге көмектесуі мүмкін. Компания 2025 жылы шамамен 2,2 мың жаңа мейрамхана ашуды жоспарлап отыр, соның ішінде 1,6 мыңы дамушы нарықтарда, оның 1 мыңы Қытайда орналасатын болады. Алайда компания сол тоқсан ішіндегі желі өсімі туралы нақты дерек жарияламады. 2024 жылы мейрамханалар санының таза өсімі (жабылғандарын алып тастағанда) 1,65 мыңды құрады.
Restaurant Brands International желісі 2025 жылдың бірінші тоқсанына арналған есебінде жаңа мейрамханалар саны бойынша нақты дерек келтірмеген.
Алайда тоқсан қорытындысы бойынша жалпы желі өткен жылмен салыстырғанда 3,3% өсті, бұл жылдық есеппен алғанда (тоқсандарға бөлмей есептегенде) 1 мың мейрамханаға өсуді көздейді.
Өткен жылы Yum желісі 4,5 мың мейрамханаға өсті. Алайда Yum! Brands акцияларын қадағалап отырған сарапшылардың көпшілігі әлі де күтуші ұстанымда: LSEG деректеріне сәйкес, 30 сарапшының 23-і Yum акцияларын «ұстауға» кеңес береді, қалған 7-еуі — «сатып алуға» ұсынады. Ал «сату» деген бағалау мүлде жоқ. Уолл-стриттің консенсус бағасы — $160,4, бұл KFC, Pizza Hut және Taco Bell иесінің қағаздары 11%-дан астамға өседі дегенді меңзейді.








