Goldman Sachs Peloton акцияларын сатып алуды ұсынды. Компания дағдарыстан шшықты ма?

Goldman Sachs премиум санаттағы спорттық жаттығу құрылғыларын өндіруші Peloton компаниясының мықты тоқсандық есебінен кейін акцияларына берген ұсынымын жақсартты және енді оларды сатып алуды ұсынады. Талдаушылардың айтуынша компания өзінің электронды платформасын табысты ақшаға айналдыру жолын тауып, менеджмент пен стратегияны жаңартып қана қоймай, сату көлемінің төмендеуін еңсере алған. 8 тамыздағы саудада Peloton акциялары 11%-дан астамға өсті.
Егжей-тегжейлі
Goldman Sachs талдаушысы Эрик Шериданның айтуынша Peloton компаниясының ұсынған қаржылық нәтижелері инвесторлардың едәуір бөлігі күмәндарын сейілтті. Ол компания акцияларының рейтингін бейтарап деңгейден «сатып алу» деңгейіне көтерді. Сондай-ақ Шеридан мақсатты бағасын $7-дан $11,5-ке дейін арттырды, бұл 7 тамыздағы жабылу бағасынан 61% өсу әлеуетін білдіреді.
«Жалпы алғанда, біз Peloton-ды жаңа менеджменті бар, платформаны дамыту мен монетизациялауға бағытталған жаңа бастамалары бар, алдағы бірнеше жылда салынған капиталдан жоғары қайтарым алуға мүмкіндігі бар компания ретінде көреміз», — деп жазды Шеридан CNBC келтірген жазбасында. 2024 жылдың соңында Peloton-да бас директор ауысты. Компанияны Apple Fitness+ қызметін құруға қатысқан Apple-дің бұрынғы топ-менеджері Питер Стерн басқарды.
Goldman Sachs-тың айтуынша егер Peloton жаңа стратегиясы бойынша қосымша түсініктеме берсе, бұл келесі 12–18 айда инвесторлардың акцияға деген сенімін арттырар еді. Шеридан Peloton-ның 2026 қаржы жылының ортасында жиынтық кірісінің қайтадан өсу әлеуетін көріп отыр, ал жылдың екінші жартысында бұл өсім жылдамдап, компанияны «болжамдарды қайта қараудың тұрақты цикліне» әкелуі мүмкін. Оның оптимизмі сондай-ақ Peloton-ның шығындар мен капитал құрылымын оңтайландыру, өнімдерді пайдалану сценарийлерін кеңейту және оларды нарықта жылжыту стратегияларын жетілдіру жұмыстарына байланысты, деп жазады CNBC.
8 тамыз, жұма күнгі саудада Peloton акциялары бір сәтте 11,5%-ға дейін өсіп, $7,9-ға жетті. Акциялар күрделі кезеңнен кейін қалпына келуде. 2025 жылдың басынан бері олар сатылымның төмендеуі мен төлемді жазылушылар санының азаюы аясында 13%-ға төмендеді. Бұл — пандемия кезіндегі сұраныстың шарықтау шегінен кейінгі құлдырау. Дегенмен, былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда, акция бағасы қазір 153%-ға қымбат.
Peloton есебі
4-тоқсандағы нәтижелерін Peloton 30 маусымда аяқталған 2025 қаржы жылының төртінші тоқсаны бойынша жариялады және олар Уолл-стрит күткен негізгі көрсеткіштерден асып түсті. Атап айтқанда, компания бір акцияға $0,05 күтпеген таза пайда көрсетті, ал FactSet сауалнамасына қатысқан аналитиктер бір акцияға $0,07 шығын болады деп болжаған еді, деп жазады Barron’s. Былтыр осы кезеңде Peloton бір акцияға $0,08 шығын тіркеген.
Өткен тоқсанда Peloton табысы 5,7%-ға азайып, $606,9 млн-ды құрады, бірақ бұл Уолл-стриттің $580 млн консенсус-болжамынан жақсырақ нәтиже.
Компания сондай-ақ $100 млн көлемінде жаңа шығындарды қысқарту жоспарын жариялады, оның бір бөлігі қызметкерлер санын 6%-ға азайту есебінен жүзеге асады.
Сонымен бірге Peloton 2026 қаржы жылының бірінші тоқсанына арналған болжамға алаңдаушылық білдірді: онда сатылымның жылдық есепте шамамен 9%-ға төмендеуі күтіледі, яғни бұл өткен тоқсанмен салыстырғанда құлдырау қарқынының күшеюін білдіреді, деп жазады Investing.com.
Басқа талдаушылардың пікірі
Telsey Advisory Group сарапшысы Дэйна Телси тоқсандық есептен кейін Peloton Interactive акцияларына бейтарап рейтингін (Market Perform) және $8 мақсатты бағасын сақтап қалды. Позитивті өзгерістерге қарамастан, Телси Peloton басшылығы табыс туралы телефон конференциясында жаңа өнімдер мен баға көтеру стратегиялары жайлы нақты мәлімет бермегенін атап өтті. Оның айтуынша компанияның жазылушылар санының төмендеу үрдісін тоқтата алатынына күмәндар сақталып отыр. Сондай-ақ сатылымды арттырудың айқын жоспарының болмауы және қымбат тауарларға тұтынушылар шығындарының қысымы жалғасуда.
30 шілдеде, есеп жарияланбас бұрын, UBS те Peloton акцияларының рейтингін бейтараптан «сатып алуға» дейін көтеріп, мақсатты бағасын бірден 47%-ға арттырды — $11-ге дейін. Инвестбанк тоқсандық көрсеткіштерге қатысты оптимистік болжам жасаған. UBS талдаушысы Арпине Кочарян Peloton-ның трафик және белсенді қолданушылар саны бойынша деректерінің жақсарғанын, бұл компания жазылушылар базасының тұрақтануына нұсқауы мүмкін екенін айтты.
MarketWatch-тың деректеріне сәйкес Уолл-стриттегі сарапшылардың пікірі екіге бөлінген. 21 талдаушының ішінде 10-ы сатып алуды (Buy және Overweight), 10-ы ұстауды (Hold) ұсынады. Тек бір аналитик қана сатуды (Sell) ұсынады. Консенсус мақсатты баға $9,2 болып отыр, бұл бейсенбі күнгі жабылу бағасынан 29%-ға жоғары.








