БастыЖаңалықтарSmall Caps
Бөлісу

Grupo Aeroméxico IPO-сы: Мексикалық әуетасымалдаушының акциялары саудаға шықты

Яна  Закомолдина

Яна Закомолдина

Grupo Aeroméxico IPO-сы: Мексикалық әуетасымалдаушының акциялары саудаға шықты

Freedom Finance клиенттеріне арналған сауда жүйесінде алыс бағыттарға кең фюзеляжды әуе тасымалдарын жүзеге асыратын Grupo Aeroméxico компаниясының бағалы қағаздары бойынша алдын ала сауда басталды. Компания банкроттан кейін екінші рет биржаға шығып отыр және қосарлы листинг өткізуде — Нью-Йорк (NYSE) және Мексика қор биржаларында. Акциялар 6 қарашадан кейін AERO тикерімен қолжетімді болады.

Егжей-тегжейлі

Мексикалық Grupo Aeroméxico IPO нәтижесінде 222,8 млн доллар тартты. Компания 11,7 млн акцияны әрқайсысын 19 доллардан орналастырды — бұл бастапқы белгіленген баға ауқымының ортасы. Reuters-тің келтірген мәліметіне сәйкес осылайша компанияның нарықтық құны шамамен 2,77 млрд долларға бағаланды.

Apollo Global Management қолдауындағы Aeroméxico Нью-Йорк және Мексика қор биржаларында қосарлы листинг өткізді. NYSE аясында компания 73,94 млн жай акцияға сәйкес келетін ADR (American Depositary Receipts) сатты, ал акционерлер, соның ішінде Apollo, 43,3 млн акцияға баламалы депозитарлық қолхаттарды ұсынды, деп хабарлайды Bloomberg.

Мексикалық листинг кезінде компания 7 млн акция, акционерлер — 20,46 млн акция сатты.

PAR Investment Partners жеке орналастыру аясында 25 млн доллар көлемінде акция сатып алуды, оларды IPO бағасынан 5% жеңілдікпен алуды жоспарлаған.

Aeroméxico-ның 20% үлесіне ие Delta Air Lines өз акцияларын төрт жыл бойы сатпауға келісім берді.

Индерайтерлер ретінде Barclays, Morgan Stanley, J.P. Morgan, Evercore ISI және Apollo Global Securities жұмыс істеді.

Неге қосарлы листинг өткізілді?

Aeroméxico алғаш рет 2011 жылы Мексика қор биржасына шығып, 2022 жылға дейін саудаланды. Бірақ банкротқа ұшырағаннан кейін жүргізілген қайта құрылымдау аясында компания делистинг жасады, деп еске салады Reuters.

2024 жылы компания қайтадан жария нарыққа шығу жоспарын жариялады, бірақ Мексикадағы сайлаудан кейінгі нарық құбылмалылығы бұл процесті біршама кешеуілдетті.

Бұл жолы NYSE-ні таңдау компанияның халықаралық бағытын және Delta Air Lines-пен ұзақмерзімді серіктестігін көрсетеді, деп жазады Capital.com. Нью-Йорктегі листинг институционалды өтімділікті тереңдетуге, долларлық капитал тартуға, әуе флоты мен маршруттарын кеңейтуге және жаһандық инвесторлар назарын аударуға мүмкіндік береді.

Бұл — АҚШ биржаларына шығуға ұмтылып жатқан LATAM Airlines және Copa Holdings секілді латынамерикалық компаниялар арасындағы кеңейіп келе жатқан тренд.

Компания несімен ерекше?

Grupo Aeroméxico 1934 жылы құрылған.  Ұлттық әуекомпания ретінде жолаушылар және жүк тасымалының жаһандық желісін басқарады, 22 елдегі 50-ден астам қаланы байланыстырады. Басты хабтары — Мехико және Гвадалахара әуежайлары.

1959 жылы компанияны Мексика үкіметі ұлттандырды, ал 2007 жылы Citigroup бастаған инвесторлар консорциумы оны шамамен 250 млн долларына сатып алды.

2025 жылғы 30 маусымдағы мәлімет бойынша Aeroméxico Мексика ішкі және халықаралық жолаушылар нарығының 36,3%-ын иеленді.

Әуефлоты — 158 ұшақ (негізінен Boeing 737 MAX және 787-9 Dreamliner), бұл оны Латын Америкасындағы ең жас әрі үнемді парктердің біріне айналдырады.

2025 жылдың екінші тоқсаны бойынша табыс — 1,31 млрд доллар (2024 жылдың 2-тоқсанындағы 1,39 млрд доллардан аз), таза пайда — 68 млн доллар (бір жыл бұрын — 242 млн доллар).

Компания SkyTeam альянсының негізін қалаушылардың бірі (оның құрамында 18 халықаралық әуекомпания бар).

Листинг Дональд Трамп әкімшілігінің Delta Air Lines-пен альянсты бұзу туралы шешіміне қатысты сот дауы аясында өтіп жатыр, деп еске салады Bloomberg.

Нарық не дейді?

2025 жылы АҚШ авиациялық секторы қалпына келу белгілерін көрсетуде, бұл инвесторлар сенімін арттырады, дейді Capital.com.

Егер Aeroméxico табысты сақтай алса және баға саясатын ұқыпты жүргізсе, инвесторлардың қызығушылығына ие болып, Латын Америкасы үшін жаңа бағдар болуы мүмкін.

Листингтен кейінгі акция бағасы: саладағы фундаменталды көрсеткіштерге, макроэкономикалық жағдайға, өсім стратегиясының тиімділігіне тәуелді болады.

Мексиканың 2025 жылғы болжамды ЖІӨ өсімі — 2,8%, тұтынушылық сұраныс жоғары деңгейде. Күшті песо жанармай және лизинг шығындарын долларлық тұрғыда азайтады, бірақ мұнай бағасының құбылмалылығы әлі де қауіп тудырып отыр. 2026 жылға қажетті жанармайдың шамамен 50%-ы хеджделген.

Бәсекелес бюджеттік әуекомпаниялар — Volaris және Viva Aerobus ішкі нарықтың 70%-ын иеленіп отыр. Дегенмен Aeroméxico-ның артықшылығы — кең маршруттық желі және премиум сервис.

Freedom Finance аналитигі Алем Бектеміровтің айтуынша, Aeroméxico акцияларының әділ құны шамамен 20,26 доллар, бұл IPO бағасынан 6,7% жоғары.

Негізгі тәуекелдер қатарында жанармай бағасының және қолжетімділігінің құбылуы, сыртқы факторлар: індеттер, қауіпсіздік бұзылуы, терроризм, табиғи апаттар.

Контекст

Мексика қор нарығы біртіндеп қайта жандануда. Шілдеде соңғы жеті жылдағы ең ірі IPO — Fibra Next; Қыркүйекте Grupo Nutrisa SA de CV компаниясы Grupo Herdez холдингінен бөлініп, биржаға шықты.

Freedom клиенттері Aeroméxico акцияларын АҚШ биржалары ашылмай тұрып, ерте премаркетте сатып ала алады. Сауда Астана уақытымен 15:30–16:30 аралығында басталады. Қатысу үшін AERO тикерін басыңыз.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары