Tesla Сан-Францискода Robotaxi тестілеуін реттеушілердің рұқсатынсыз бастайды

Электромобиль өндірушісі Tesla қызметтік хабарлама арқылы қызметкерлеріне 25 шілдеде Сан-Францискода автономды Tesla Robotaxi көліктерімен тесттік сапарлар басталуы мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды Business Insider. Хатта кейбір Tesla иелеріне жаңа қызметті қолдануға шақыру жіберілетіні жазылған. Бұл сапарлар ақылы болады.
Алайда Reuters агенттігінің мәліметінше, Tesla-ның Калифорнияда автономды көлік арқылы ақылы қызмет көрсетуге рұқсаты жоқ. Сарапшылардың айтуынша, табыс көзін кеңейтуді көздеп отырған роботакси операторы алдымен реттеуші органдардың қолдауына ие болуы тиіс.
Егжей-тегжейі
Business Insider көріп танысқан 24 шілдедегі ішкі хатқа сәйкес, Сан-Францискода тестілеу демалыс күндері басталады. Алайда ол жұма күніне де шегерілуі мүмкін. Қызмет көрсетілетін аймақ Марин округі, Ист-Бэйдің үлкен бөлігі, Сан-Франциско және Сан-Хосеге дейінгі аумақты қамтиды.
Бастапқы кезеңде көліктерде басқаруға араласуға дайын жүргізуші-бақылаушылар болады. Тестілеу жабық түрде өтеді, оған тек Tesla шақырған адамдар қатыса алады. Жолаушылар сапар үшін ақы төлейді.
Ашық деректерге сүйенсек, Tesla 2023 жылдың желтоқсанында Калифорнияда 224 сынақ жүргізушіні жұмысқа алды. Сонымен қатар, автономды сынақтарға арналған 104 көлікті лицензиялап тіркеді, деп жазады Business Insider.
Лицензия мәселесі
Tesla әлі күнге дейін жолаушыларды тасымалдауға және толық автономды көлікпен ақылы сапарлар ұсынуға қажетті рұқсаттар үшін өтінім бермеген. Бұл туралы 23 шілдеде Калифорнияның реттеуші органдары Reuters агенттігіне хабарлады.
Мұндай қызметті жүргізу үшін компанияға Калифорния көлік департаментінен (DMV) және Коммуналдық қызметтер жөніндегі комиссиядан (CPUC) бірнеше рұқсат қажет. Бұл рұқсаттар қанша уақыт ішінде берілуі керектігі нақты көрсетілмеген.
Мысалы, Alphabet компаниясына тиесілі Waymo-ға Лос-Анджелес пен Сан-Франциско шығанағында роботакси қызметін ақылы етуге 2023 жылы рұқсат берілді. Бұл жетістікке жету үшін компания тоғыз жыл бойы дайындалып, 20 миллион шақырымнан астам сынақ жүріп өтті және жеті түрлі рұқсат алды.
Ал Калифорния билігінің соңғы деректері бойынша, Tesla 2016 жылдан бері автономды режимде небәрі 562 миль (904 км) ғана жүрген. Алты жыл ішінде жүргізілген шақырымдар туралы есеп те тапсырмаған.
Reuters мәліметіне сүйенсек, Tesla тек алғашқы рұқсатты ғана алған. Бұл DMV тарапынан жүргізуші отырған кезде автономды жүргізу бағдарламасын сынауға берілген рұқсат. Business Insider басылымы CPUC Tesla-ға қызметкерлерді тасымалдауға рұқсат бергенін анықтады.
Tesla бұл жағдайға қатысты Business Insider мен Reuters-тің сұрауларына жауап бермеді.
23 шілдеде инвесторлармен өткен конференц-қоңырау кезінде Tesla бас директоры Илон Маск алғашқы кезеңде роботакси жүргізуші-бақылаушымен жұмыс істейтінін айтты. Бұл жүйе Сан-Франциско шығанағы аймағында іске қосылады. Маск сондай-ақ Техас штатындағы Остинде өткен айда іске қосылған қызметте де көлік ішінде бақылаушылар отырғанын растады. Көлік маршруттан ауытқыған жағдайда қашықтағы операторлар басқаруды өз қолына ала алады.
Неге бұл мәселе тудыруы мүмкін?
Reuters агенттігі Tesla үшін ең басты кедергі – нормативтік шектеулер деп есептейді. Компания автономды қызметтерді толық іске қоспас бұрын қауіпсіздік бойынша мамандардың сеніміне ие болуы керек.
Camelthorn Investments кеңесшісі және Tesla акционері Шон Кэмпбелл агенттікке берген сұхбатында:
«Tesla роботакси қызметінде қателікке жол бере алмайды», – деді. Ол электромобильдер сатылымы негізгі нарықтардың бәрінде төмендеп жатқанын айтты. Сол себепті инвесторлардың назарын болашақ жобаларға аудару өте маңызды.
Қаржылық нәтижелерге арналған конференц-қоңырау кезінде Маск компания бірнеше штаттардан, соның ішінде Калифорния, Невада, Аризона және Флоридадан рұқсат алуға жақын екенін мәлімдеді. Ол қызметті осы жылдың соңына дейін АҚШ халқының жартысын қамтитындай ауқымда жүргізуді, ал келесі жылдың соңына қарай ел көлемінде кеңейтуді жоспарлап отыр.
Forrester зерттеу және консалтинг компаниясының жетекші сарапшысы Пол Миллер Масктың сөзіне назар аудартты. Маск роботакси қызметі халықтың жартысын қамтиды деп уәде бергенімен, бұл тек «егер рұқсаттар алынса» деген шартпен жүзеге асады.
«Бұл ескертпе маңызды. Себебі мұндай рұқсаттарды алу – ұзақ процесс», – деп нақтылады Миллер.
Кейбір инвесторлар Остиндегі қызметке қатысты нақтырақ ақпаратты да күтуде. Deepwater Asset Management басқарушы серіктесі әрі Tesla инвесторы Джин Манстер Reuters-ке берген пікірінде конференц-қоңырау кезінде нақты мәліметтің болмағанына көңілі толмағанын айтты.
Tesla қызметтің нақты қашан іске қосылатынын да, қанша көлік қатысатынын да жарияламады.
«Маск жағдайдың қалай дамитыны туралы нақты болжамдардан әдейі жалтарғандай әсер қалдырды», – деді Манстер.








