Gucci сатылымы төрттен бірге қысқарды, Kering дағдарысты бастан кешіруде

Франциялық Kering холдингі өзінің басты бренді – Gucci-дің сатылымының екінші тоқсанда 25%-ға төмендегенін хабарлады. Жалпы компанияның кірісі 15%-ға азайды. Люкс тауарларға деген сұраныстың әлсіреуінен бөлек, нарықты қарыз көлемінің күрт артуы да алаңдатып отыр. Қазіргі шақта Kering-тің қарызы 2022 жылмен салыстырғанда төрт еседен артық. Gucci мен Saint Laurent брендтерінің бұрынғы тартымдылығын жоғалтуы – компания үшін басты қиындыққа айналған. Тіпті бұл жағдай сарапшылардың айтуынша, сауда соғысы мәселелерінен де маңызды.
Егжей-тегжейі
Kering құрамындағы негізгі бренд – Gucci-дің кірісі 2025 жылдың екінші тоқсанында 25%-ға қысқарып, 1,46 млрд еуроға дейін төмендеді. Бұл – бүкіл топ кірісінің жартысына жуығы. Бұл деректерді Kering 29 шілдеде жариялады. Уолл-стрит сарапшылары кірісті 1,47 млрд € болады деп болжаған еді.
Gucci – люкс тауарларға сұраныстың төмендеуінен ең көп зардап шеккен брендтердің бірі. Бұл жағдай бренд ішінде де, Kering ішінде де тұрақсыздық тудырды. Сонымен қатар, Gucci кейінгі үш жылда екінші рет дизайн тұжырымдамасын қайта қарастырып жатыр. 2022 жылдың соңында брендтен Алессандро Микеле кеткен болатын. Оның басшылығында 2015–2019 жылдар аралығында сатылымдар үш есеге жуық артқан. Алайда уақыт өте келе оның эксцентрлік идеялары тұтынушыларды жалықтырған. Оны алмастырған Сабато Де Сарно тек екі жыл жұмыс істеді. Енді жаңа креативті директор – бұрын Balenciaga-ны басқарған Демна Гвасалия әлі алғашқы топтамасын ұсынған жоқ.
Kering-тің жалпы кірісі де 15%-ға қысқарып, 3,7 млрд € болды. Бұл да сарапшылар күткен 3,96 млрд € деңгейінен төмен. Француз холдингі, құрамында Saint Laurent және Bottega Veneta брендтері бар, барлық өңірлерде сатылым азайғанын айтты. Әсіресе Жапония мен Азия-Тынық мұхит аймағында төмендеу байқалады.
Компания төрағасы әрі бас директоры Франсуа-Анри Пино нәтижелердің көңіл көншітпейтінін мойындады. Бірақ Kering дағдарыстан шығу жолында жоспарлы жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. Ол: «Иә, қазіргі көрсеткіштер – біздің шын әлеуетімізден алыс. Бірақ соңғы екі жылда жасалған кең ауқымды жұмыс Kering-тің жаңа даму кезеңіне берік негіз қалады», – деді есеппен бірге жарияланған мәлімдемесінде.
Инвесторларды не мазалайды?
CNBC тілшісі Third Bridge сарапшысы Янмэй Танның сөзін келтіріп: «Kering қатал шындықпен бетпе-бет келіп отыр: Қытай мен АҚШ – қысым астында», – деп жазды.
Соңғы екі жылдағы сатылымның төмендеуі мен өсудің баяулауынан кейін инвесторлар Kering-ке қысым көрсетуде. Олар компаниядан өсімді қалпына келтіріп, қарызды азайтуды талап етіп отыр. 2025 жылдың ортасында Kering-тің таза қарызы 2023 жылдың соңындағы 10,5 млрд еуродан 9,5 млрд-қа дейін төмендеді. Бұл көбіне жылжымайтын мүлік сатылымының есебінен болды. Алайда қазіргі қарыз көлемі 2022 жылғы деңгейден төрт еседен астам артық. Сонымен қатар, Kering бөлшек сауда желісінің құрылымын қайта қарап жатыр. 2025 жылдың соңына дейін 80 дүкенді жабуды жоспарлауда.
HSBC сарапшылары Financial Times-қа берген пікірінде: «Қарыз көлемінің артуы инвесторлар арасында алаңдаушылық тудырды», – деп айтты. Олардың айтуынша, бұл – сәтсіз бірігу және жылжымайтын мүлік операцияларының салдары. Kering бутиктері орналасқан ғимараттар осы операцияларға байланысты болған. Бұған қоса, өткен жылы пайыздар мен салықтарға дейінгі пайда 50%-ға төмендеген. Сарапшылардың болжауынша, бұл көрсеткішке қысым 2025 жылы да сақталады.
Renault-тан келген жаңа бас директор қандай қиындықтарға тап болады?
Kering кейінгі екі жылда нарықтық құнының шамамен 60%-ын жоғалтты. Осыған байланысты компания маусымда Renault-тың бұрынғы басшысы Лука де Меоны жаңа бас директор етіп тағайындады. Ол қыркүйекте жұмысын бастайды. Оның басты міндеті – люкс тауарлар сегментіндегі құлдырау аясында холдингті түбегейлі қайта құрылымдау. Бұл құлдырау Қытайдағы сұраныстың азаюымен және негізгі нарықтардағы инфляциялық қысыммен байланысты.
Bernstein сарапшысы Лука Сольканың айтуынша, де Мео Kering-тің операциялық көрсеткіштерін жақсартып қана қоймай, өсіп келе жатқан қарыз жүктемесімен күресіп, басқару моделін де қайта құруы тиіс.
Сонымен қатар, жаңа қауіптер қатарында ЕО-дан АҚШ-қа экспортқа салынатын 15% және 20%-дық жаңа баж салығы да бар. АҚШ нарығы Kering кірісінің 20%-дан астамын қамтамасыз етеді. Қаржы директоры Армель Пулу компанияның бұл әсерді баға түзетулері арқылы азайтуға тырысатынын айтты. Оның бір бөлігі қазірдің өзінде жүзеге асқан. Ол: «Күзде екінші баға көтерілуі мүмкін», – деп ескертті. Сонымен бірге, сарапшылар люкс секторында бағаны бірнеше рет көтергеннен кейін одан әрі арттыруға мүмкіндік қалмағанын айтып отыр.
Уолл-стриттегі сарапшылардың ойынша, Kering үшін басты міндет – сауда тәуекелдерін еңсеру емес, брендтердің, әсіресе Демна Гвасалия жетекшілік ететін Gucci-дің беделін және тартымдылығын қалпына келтіру. Third Bridge сарапшысы Янмэй Тан: «Kering-тің басты проблемасы – баж салығында емес, өнімнің қалаулы болуында. Hermès секілді брендтер бағаны көтеріп, сұранысты жоғалтпайды. Ал Saint Laurent пен Gucci әзірге ондай нарықтық қуатқа ие емес», – деді.
Barclays сарапшысы Кэрол Маджо: «Менің ойымша, Gucci-ді қайтадан мықты брендке айналдыру үшін тосын әрі тың идеялар қажет», – деп отыр.








