Ғылыми теориядан бизнеске: кванттық технологиялардағы озық small-cap компаниялар

Қазіргі заманғы компьютерлер өз чиптерінің физикалық шегіне жақындап келеді. Сол себепті инвесторлардың назары енді классикалық жүйелерден бірнеше есе қуатты болуға қабілетті кванттық технологияларға ауысты. Бір кезде тек ғылыми абстракция болып көрінген бағыт бүгінде қарқынды дамып келе жатқан ірі бизнеске айналды. Бұл салада ең ірі технологиялық алпауыттар мен венчурлік қорлар өзара бәсекеге түскен.
McKinsey сарапшыларының бағалауынша 2025 жылы кванттық есептеу саласындағы компаниялардың кірісі 1 млрд доллардан асады — бұл көрсеткішке жеке сектор мен қорғаныс индустриясында кванттық жабдықтардың енгізілуі ықпал етпек. Ал 2030 жылдардың ортасына қарай саланың жиынтық кірісі 72 млрд долларға жетуі мүмкін.
Нарықтың мұндай серпінді дамуына рекордтық инвестициялар мен технологиялық алыптардың бәсекесі түрткі болып отыр. Тек 2024 жылы кванттық стартаптар шамамен 1,6 млрд доллар венчурлік қаржы тартқан. АҚШ, Аустралия, Сингапур, Жапония және Қытай үкіметтері де кванттық технологияларды дамытуға бағытталған ірі мемлекеттік бағдарламаларды іске қосты.
Саланың көшбасшысы ретінде IBM әлі де өз орнын сақтап келеді — компания кванттық есептеулер саласындағы алғашқы пионер әрі ең ірі бұлтты экожүйенің иегері (IBM Quantum платформасында 600 мыңнан астам пайдаланушы бар). Сонымен қатар, жаңа буынның жас әрі серпінді ойыншылары да күшейіп келеді: IonQ, Quantinuum, Rigetti және PsiQuantum сынды стартаптар — осы саланың басты бенефициарларының қатарында.
Кванттық технология жарысындағы small-cap жеңімпаздар
Инвесторлардың басты назары ірі компанияларға ауады. Алайда, кванттық индустрияның көрінбейтін, бірақ аса маңызды бөлігі — small-cap санатындағы шағын компаниялар. Оларсыз бірде-бір кванттық компьютер жұмыс істей алмайды.
Міне, дәл осы «инфрақұрылымдық» ойыншылар — криостаттар, лазерлер, оптика, жабдықтар мен шифрлау жүйелерін өндірушілер — Oninvest платформасы үшін есептелген екі индекстің негізін құрады:
Quantum Small-Cap Equal Weight Index (тең өлшенген индекс),
Quantum Small-Cap Cap-Weighted Index (капитализацияланған индекс).
Аналитик Алдияр Ануарбеков бұл индекстерге кванттық есептеуге арналған компоненттерді жасайтын, өз процессорларын әзірлейтін немесе пост-кванттық криптожүйелерді сататын 12 жария компанияны енгізген. Ал IonQ, Rigetti және D-Wave сияқты кванттық компьютер өндірушілер бұл тізімге енбеген — себебі олардың нарықтық капитализациясы small-cap шегінен асып кеткен.
Индекске енген small-cap компаниялар:
Oxford Instruments — криогендік жабдық
Riber — MBE қондырғылары
CVD Equipment — NV-орталықты алмас реакторлары
LightPath — ИҚ және көрінетін оптика
Sigma Koki / OptoSigma — оптомеханика
nLight — талшықты лазерлер
Lumibird — тар сызықты лазерлер
Luna Innovations — оптикалық өлшеу құрылғылары
BTQ Technologies — пост-кванттық криптография
Arqit — QKD және PQC шифрлау
Quantum Blockchain Technologies — майнингке арналған кванттық AI алгоритмдері
Archer Materials — чиптік кубит-процессор жасау
Quantum Small-Cap Equal Weight Index 2023 жылы 11%, 2024 жылы 70%, ал 2025 жылдың басынан бері 81% өскен — бұл жылдық орташа табыстылықты шамамен 56% деңгейінде көрсетеді.
Салыстыру үшін, S&P 500 биыл небәрі 14% өскен.
Ал Quantum Small-Cap Cap-Weighted Index аз тұрақтылық көрсетті: оның орташа жылдық өсімі (CAGR) кейбір әлсіз компаниялардың әсерінен 3%-ға төмендеген. Бұл контраст кванттық секторда табыстылықтың кілті жеке көшбасшыларға емес, диверсификацияланған портфельге тәуелді екенін айқын көрсетеді.
Алдияр Ануарбеков ұсынған үш ең әлеуетті small-cap компания
BTQ Technologies
Канададағы BTQ Technologies өзін «кванттыққа төзімді интернеттің» инфрақұрылым жеткізушісі ретінде танытады. Alliance Global Partners шілде айындағы есебінде BTQ-дың желілерді кванттық шабуылдардан қорғай алатын толық технологиялық базасы бар екенін атап өтті. Қазір компанияның басты мақсаты — өз өнім портфелін нарыққа шығарып, пилоттық жобалар арқылы тиімділігін дәлелдеу.
BTQ-дың әлеуеті — әлемдік криптографияның пост-кванттық стандарттарға көшуімен байланысты. Компания әзірлеген QSSN протоколы кванттық қорғалған деректер мен цифрлық транзакцияларды беру үшін халықаралық деңгейде мойындалды. Егер QSSN салалық стандартқа айналса, BTQ транзакциялық комиссиялардан тұрақты үлес ала алады.
Alliance Global Partners BTQ акцияларына Buy (сатып алу) рейтингі беріп, мақсатты бағасын $10 деп бекіткен — бұл олардың қазіргі нарықтық құнымен шамалас.
Arqit Quantum
Ұлыбританиялық Arqit Quantum — «quantum-safe» шифрлаудың алғашқы коммерциялық провайдерлерінің бірі және Ұлыбритания Ұлттық киберқауіпсіздік орталығының PQC көшу пилоттық бағдарламасына қатысушысы.
2025 жылдың қыркүйегінде Arqit Fabric Networks компаниясымен лицензиялық келісімге қол қойып, мемлекеттік пилоттық жобаларға қатысуға іріктелді. Алайда H.C. Wainwright сарапшылары компания кірісінің айтарлықтай өсуін тек 2026 жылы — $5,7 млн деңгейінде күтеді.
Компанияның қарызы жоқ, ал 2025 жылдың мамырындағы есеп бойынша $24,8 млн қолма-қол қаражат жинақталған. Arqit Quantum — киберқауіпсіздіктің кванттық инфрақұрылымның ажырамас бөлігіне айналатынына жасалған ставка.
H.C. Wainwright компания акцияларына Buy (сатып алу) рейтингі беріп, мақсатты бағасын $52 деп белгілеген. Ал 15 қазанда Nasdaq биржасында Arqit акцияларының жабылу бағасы $53,4 болды.
Archer Materials
Аустралиялық Archer Materials 2026 жылы өз кванттық чипін таныстыруды жоспарлап отыр. Стартап саланың басты мәселесін шешуге тырысады — сұйық гелийді қажет етпейтін, бөлме температурасында жұмыс істей алатын құрылғы жасау.
Егер бұл технология сәтті жүзеге асса, кванттық құрылғылардың бағасы, көлемі және энергия тұтынуы күрт азаяды. Бұл — нарық үшін нағыз серпіліс болмақ.
Archer-дің қаржылық қоры бар — шамамен $13,7 млн, және қарызы нөлге тең. MarketWatch деректері бойынша, компания акцияларына ортақ консенсус — Hold (ұстап тұру).
Қорытындылай келе, кванттық сектордың алдыңғы қатарында тұрған бұл шағын капитализациялы компаниялар — технологиялық болашақтың іргетасын қалаушылар. Инвесторлар үшін бұл сала жоғары тәуекелмен қатар, айтарлықтай табыс әлеуетін де ұсынады.








