«Империя құруға» қайта оралу: Salesforce есебі туралы сарапшылар пікірі

Маркетологтарға арналған ЖИ-ге негізделген бұлтты бағдарламалық қамтамасыз ету әзірлейтін Salesforce компаниясының тоқсандық пайда мен табысы Уолл-стрит күткеннен жоғары болды. 2026 жыл мен биылғы жылдың соңына арналған компания болжамы да сарапшылар ойлағаннан оптимистік болды. Дегенмен, перспективасына қатысты пікірлер екіге жарылды: сарапшылар акция бағасы 12% төмендейді және 46% өседі деп болжады. 29 мамырда АҚШ-тағы саудада Salesforce акциялары бір айдағы минимумға дейін түсті.
Уолл-стритте Salesforce акцияларына сенбейтіндер кім?
— Salesforce есебі жарияланғаннан кейін RBC Capital сарапшысы Риши Джалурия компанияның рейтингін төмендетті: Outperform деңгейінен Sector perform – бейтарапқа ауыстырды. Сонымен қатар, RBC компания акцияларының мақсатты бағасын шамамен 35%-ға түсірді, $275-ға дейін. Бұл жаңа таргет 28 мамырдағы жабылу бағасымен салыстырғанда өзгеріссіз екенін көрсетеді.
Рейтингтің қайта қаралуы ең алдымен Salesforce компаниясының Informatica-ны сатып алу жоспарына байланысты, деп түсіндірді Риши Джалурия. Informatica — деректерді біріктіру және басқаруға арналған шешімдер жасаушы компания, ал мәміле құны $8 млрд. Бұған қоса, сарапшы компанияның ұзақмерзімді келешегіне алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, бұл келісім Salesforce-тың бұрынғы «империя құру» стратегиясына қайта оралуын білдіруі мүмкін. Мұндай агрессивті сатып алу саясаты бұған дейін де белсенді инвесторлар тарапынан сынға ұшыраған. Джалурия Salesforce-тың Informatica-ны сатып алғаннан, онымен әріптестік орнатуы тиімді болады деп есептейді.
— Bernstein сарапшысы Марк Мердлер Salesforce акцияларын сатуға кеңес беруін растады және мақсатты бағасын $255-тен $243-ке дейін төмендетті. Бұл 12% төмендеуді білдіреді. Оның айтуынша, компания тоқсанды жақсы нәтижемен аяқтағанымен, бұл бизнес көрсеткіштерінің негізді жақсаруы емес, валюта бағамының қолайлы болуымен байланысты. Informatica-ны сатып алуды Мердлер позитивті қадам деп бағалайды, бірақ бұл жалпы жағдайды түбегейлі өзгертуге жеткіліксіз.
Bernstein ескертуінше, нарық Salesforce-ты әлі де жылдам өсіп жатқан технологиялық компания ретінде бағалайды. Алайда компания негізгі бизнесінде өсу шегіне таяп қалған, бұл оның әлеуетін шектеп, акция бағасының төмендеу қаупін арттырады. Сарапшы жазылымнан түсетін кірістің баяулауы мен маржаны әрі қарай ұлғайтудың қиындайтынын болжайды.
— Citi инвестициялық банкі бейтарап (Neutral) рейтингін растады, яғни акцияны портфельде ұстауға кеңес береді. Олар «бұл есепте әркім өзіне керек нәрсені таба алады — оптимистер де, скептиктер де» деп атап өтті (Oninvest). Дегенмен, органикалық өсуге және Agentforce ЖИ агенттерін енгізу платформасының жетілуіне қатысты сұрақтар, сондай-ақ Informatica-мен жасалған мәміле аясында, сарапшылар акция бағасында айтарлықтай өзгеріс болады деп күтпейді.
Оптимистік көзқарастағы инвесторлар
— Morgan Stanley Salesforce-ке (Overweight) рейтингін сақтап, мақсатты бағасын $404-ке дейін көтерді. Бұл көрсеткіш 46%-дан астам өсім болатынын меңзейді. Сарапшылар бірінші тоқсан бойынша күшті есепті атап өтіп, компанияның дәстүрлі қызметі мен Agentforce платформасын дамыту бағыттарын келешегі зор деп санайды. «Salesforce акциялары 2026 жылға жоспарланған еркін ақша ағынының болжамына қатысты 17 коэффициентімен саудаланып жатыр және ЖИ саласындағы болашақ табыстары әлі толық бағаланбаған. Сондықтан біз тәуекел мен табыстылықтың арақатынасы позитивті деп есептейміз», — деп жазды Morgan Stanley сарапшылары.
— Piper Sandler мақсатты бағасын $20-ға көретіп, $335-ке жеткізді. Evercore ISI оны $360-қа дейін көтерсе, ал Goldman Sachs — $385-ке дейін. Үшеуі де Salesforce акцияларын сатып алуға кеңес бергенін растады.
— Bank of America да Salesforce акцияларын сатып алуға кеңесін сақтап қалды және мақсатты бағасын $350 деңгейінде қалдырды. «Бірінші тоқсан нәтижелері айтарлықтай серпінді болмағанымен, тұрақты сұранысты көрсетіп тұр. Әсіресе, Agentforce секілді жаңа әрі қуатты өнімдерді ескерсек», — делінген CNBC келтірген BofA жазбасында. Сонымен қатар, сарапшылар 2026 жылға арналған жазылу қызметінің өсуі бойынша тұрақты болжамды және жасанды интеллект шешімдерінің күткеннен жоғары сатылымын позитивті факторлар ретінде атады.
Salesforce акцияларының жай-күйі
29 мамырдағы саудада Salesforce акциялары бір сәтте 7,8%-ға дейін құлдырап, $254,5-ке төмендеді. Бұл — 23 сәуірден бергі минимум көрсеткіш.
Жыл басынан Salesforce нарықтық құнының шамамен 22%-ын жоғалтты. Соған қарамастан, сарапшылардың басым бөлігі компанияның акцияларын сатып алуға кеңес береді — 57 сарапшының 45-і осы ұстанымда, дейді MarketWatch. Тағы 10-ы портфельде ұстауды, ал тек екеуі сатуды ұсынады. Уолл-стриттің консенсус бағасы бір акция үшін $361,6-ны құрайды — бұл 28 мамыр күнгі жабылу бағасынан 31% жоғары.
Есептің негізгі деректері
Salesforce компаниясының бірінші тоқсандағы табысы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8%-ға артып, $9,83 млрд-қа жетті. Бұл көрсеткіш Уолл-стрит сарапшылары мен өз болжамынан асып түсті, деп жазады The Wall Street Journal FactSet деректеріне сілтеме жасап. Сарапшылар $9,75 млрд, ал компания ең көбі $9,76 млрд болады деп күткен еді. Түзетілген бір акцияға шаққандағы пайда 5,7% артып, $2,58-ді құрады — бұл да $2,55 болжамынан жоғары.
Сатылымның артуына ішінара бұлтты қызметтер мен жасанды интеллект саласындағы жетістіктер себеп болды — бұл бағыттағы жылдық қайталанатын жазылымдық табыс екі еседен аса өсіп, $1 млрд-қа жетті.
Salesforce екінші тоқсанға сенімді болжам ұсынып, сарапшылардың күткенінен асып түсті әрі 2026 қаржы жылына арналған болжамын жақсартты. Енді компания екінші тоқсандағы сатылым көлемі $10,11–10,16 млрд аралығында болады деп күтеді, ал сарапшылар $10,02 млрд деп болжаған еді, деп көрсетті WSJ. Акцияға шаққандағы пайда $1,80–1,82 шамасында болады деп болжануда — бұл Уолл-стриттің $1,72 болжамынан жоғары.








