Intel акциялары күрт өсті: сарапшы Apple-пен жаңа келісімшарттың мүмкіндігін айтты

28 қараша, жұма күнгі саудада Intel акциялары 7,7%-ға көтерілді. Бұған себеп — TF International Securities сарапшысы Мин-Чи Куоның чип өндіруші компания Apple-дің кейбір процессорларын шығару бойынша серіктесі болуы мүмкін екенін мәлімдеуі. Бұл туралы Seeking Alpha жазды.
Айтылып отырған процессорлар — M сериялы чиптер, олар MacBook Air және iPad Pro құрылғыларында қолданылады. Биыл бұл құрылғылардың жалпы сатылымы шамамен 20 миллион дана болуы мүмкін.
«Intel Apple-дің озық технологиялар бойынша серіктесіне айналуы мүмкін деген сыбыстар бұрыннан айтылып жүрген. Бірақ бұған дейін нақты белгі болмаған еді. Енді менің салалық зерттеулерім бұл мүмкіндіктің әлдеқайда айқын бола түскенін көрсетіп отыр», — деп жазды Куо әлеуметтік желідегі парақшасында (X).
Ол бұл мүмкін келісім екі компания үшін де пайдалы болатынын айтты. Apple үшін бұл — «АҚШ-та жасалған» деген Трамп әкімшілігі бастамасын қолдау, ал Intel үшін — тек кіріс пен пайда емес, символдық мәні бар тапсырыс алушыны иелену мүмкіндігі.
Куоның айтуынша, Intel жақын арада тайваньдық TSMC компаниясымен тікелей бәсекелесе алмаса да, бұл жаңалық Intel Foundry Services бөлімшесі үшін қиын кезеңнің аяқталып келе жатқанын білдіруі мүмкін.
Intel, Apple және TSMC компаниялары Seeking Alpha-ның пікір алу сұранысына әзірге жауап берген жоқ.








