Intel жаңа чип жасауда қиындыққа тап болды. Бұл TSMC-мен бәсекелестікке кедергі ме

Intel миллиардтаған доллар салған жаңа чип өндіру технологиясы сапа мәселесіне тап болды. Бұл компанияның жаңа маңызды процессор шығарудан табыс табуына қауіп төндіреді, деп жазды Reuters. Intel бұл технологиялық үдеріс арқылы чип өндіру бойынша келісімшарттарға қол жеткізіп, тайвандық TSMC-мен бәсекелесе аламыз деп үміттенген. Компания биылдың өзінде процессор өндірісін арттырмақ, бірақ Reuters дереккөздері бұл жоспардың орындалуына күмәнмен қарап отыр.
Егжей-тегжейлі
Intel 18A деп аталатын чип өндіру технологиялық процесі, компания зор үміт артқан бұл бағыт, ақаулы өнімдер үлесінің жоғары болуына байланысты үлкен кедергіге тап болды. Бұл туралы Reuters екі дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.
Intel бұл процестің өзге компаниялардан келісімшарттар алуға жол ашып, жоғары технологиялы әрі маржасы жоғары чиптер нарығындағы орнын қалпына келтіреді деп сенген. Төртінші тоқсанда компания осы 18A процесі бойынша Panther Lake атты жаңа ноутбук процессорларын жаппай өндіре бастамақ. Алайда өнім сапасының төмендігі өндірісті кеңейтуге кедергі келтіріп отыр. Reuters дереккөздерінің мәліметінше тек шағын бөлігі ғана тұтынушыларға жеткізуге жарамды болған. Агенттік сұхбат алғандардың бірі жазғы маусымда жарамды чиптердің үлесі тек 10% болғанын айтады. Компания чип өндірісінің тиімділігін арттырмайынша, өндірісті көбейте алмайды, демек, жақын арада бұл өнімдерден пайда табу да мүмкін емес, деп жазады Reuters.
Intel-дің қаржы директоры Дэвид Зинзнер болса, 10% көрсеткішін растаған жоқ. 24 шілдеде Reuters-пен сөйлескенде жарамды чиптердің үлесі «бұдан жоғары» деді, бірақ нақты сандарды атамады. Intel бұл деректерді агенттікке беруден бас тартты. «Біз yield ай сайын жақсарады деп күтеміз және жыл соңына дейін Panther Lake-ті жаппай өндіру үшін қолайлы деңгейге жетеді деп сенеміз, — деді Зинзнер. — Бірақ бұл деңгейлердің өзінде де жоғары маржа жайлы айту ерте — бізге әлі де жақсарту қажет».
Intel 30 шілдедегі мәлімдемесінде Panther Lake жобасы «толықтай кесте бойынша жүріп жатыр» деп мәлімдегенімен, yield қай деңгейде болса, өнім пайда әкеле бастайтынын нақтыламады.
Бұл неге маңызды
Reuters-тің жазуынша Intel жаңа технологиялық процесс пен Panther Lake-тің сәтті өндірісі арқылы келісімшарттық чип өндірісі бизнесіне сыртқы қызығушылықты арттырып, нарық көшбасшысы — тайвандық TSMC-мен бәсекелесе аламыз деп есептеді. Компания бірнеше ай бойы инвесторларға жаңа техпроцесті пайдалана отырып, чип өндірісін арттырамыз деп уәде берді. Intel бұл 18A техпроцесіне миллиардтаған доллар құйып, бірнеше фабриканың құрылысын бастаған және жаңғыртқан, деп жазады агенттік.
Алайда енді пайдаға қауіп төніп тұр. Reuters-тің мәліметінше бұған дейін Intel жаппай өндірісті yield 50%-дан асқан соң ғана бастаған. Ал негізгі табыс чиптердің жарамдылығы 70–80% деңгейіне жеткенде ғана түсетін. Panther Lake сияқты шағын чипте ақау көп болса, оны сату қиын, дейді агенттікке сұхбат берген үш дереккөз. Intel өндірісінің жай-күйімен таныс екі дереккөздің айтуынша төртінші тоқсанда Panther Lake іске қосылар сәтте yield-ті күрт арттыру — өте қиын міндет. Ал бұлай болмаса, Intel чиптерін маржасы төмен бағамен сатылуы немесе тіпті шығынға тап болуы мүмкін, деп ескертеді сарапшылар.
Қазіргі таңда Intel өзінің кейбір чиптерін өндіруде әлі де TSMC-ге тәуелді, деп жазады агенттік. Бұған дейін Intel егер келесі техпроцесс — 18A-ның мұрагері болып саналатын 14A бойынша сыртқы тапсырыстар ала алмаса, онда озық келісімшарттық өндіріс сегментінен толықтай кетуі мүмкін екенін де ескерткен болатын, деп еске салады Reuters.
Компания жағдайы қалай
25 шілде күні Intel Уолл-стрит күткеннен жоғары табыс болжамын жариялады. Алайда пайда бойынша болжам пессимистік болып шықты — компания бар болғаны нөлдік нәтиже күтіп отыр. Сонымен қатар Intel президент Дональд Трамп енгізгелі жатқан тарифтерге байланысты жеке компьютерлер мен ноутбуктерге арналған процессорларға сұраныс артады деп болжайды: компьютер өндірушілер жаңа алымдар күшіне енбей тұрып, қорларын толтыруда.
Екінші тоқсанда Intel-дің таза шығыны өткен жылмен салыстырғанда 80%-ға өсіп, $2,9 млрд-ты немесе бір акцияға шаққанда $0,67-ті құрады. Компания бұл көрсеткіштің талдаушылар күткен нәтижелермен салыстыруға келмейтінін түсіндірді. Себебі $800 млн көлеміндегі «қайта қолдануға келмейтін артық жабдықпен» байланысты бір реттік амортизациялық түзету енгізілген. CNBC атап өткендей, бұл түзету EPS-ті шамамен 20 центке азайтты.








