БастыReview
Бөлісу

Интернет пен әлеуметтік желі инвестицияны өзгертті

Денис Елаховский

Денис Елаховский

Экономист, автор YouTube канала Елаховский
Интернет пен әлеуметтік желі инвестицияны өзгертті

Интернет бастапқыда инвестордың басты одақтасы болуы тиіс еді. Интернетте ақпаратқа қол жеткізу — жылдам, тегін оқу материалдары мол, брокерлік шотты бірнеше минутта ашуға болады, ал қаржылық блогтар мен арналар күн сайын инвестициялық идеялар ұсынады.

Бірақ осы еркіндікпен қоса жаңа шындық пайда болды: жылдамдық пен эмоция талдаудан гөрі маңыздырақ бола бастады. Әлеуметтік желілер білімнің көлеңкесін тудыра бастап, артық әрекетке итермелейтін және манипуляция үшін мінсіз құралға айналуда.

 «To the Moon!» 

Интернеттің инвестицияға ықпалының ең айқын мысалының бірі — GameStop, AMC және Bed Bath & Beyond компаниясының акцияларымен болған оқиға. 2021 жылдың басында Reddit сайтындағы r/WallStreetBets қауымдастығының мыңдаған қатысушысы бірдей компаниялардың акциясын бірге сатып алуға келісіп алды. Нәтижесінде бизнесінде үлкен қиындық көрген GameStop ритейлерінің акциясы санаулы апта ішінде $20-дан $500-ға жоғары шарықтады (2022 жылы өткен сплитті ескерсек, бұл ағымдағы бағада $125-ға тең). Акциялардың осындай шарықтауына тіпті Илон Маск та қатысып, сатып алушыларды «Gamestonk!!» деген ретвитімен қолдады.

Классикалық «шорт-сквиз» орын алды, салдарынан қағаз бойынша қысқа позиция ұстаған бірнеше ірі қор миллиардтаған доллар жоғалтты. Дегенмен GameStop акциясының шарықтауына қатысқандардың бәрі бірдей пайда таба алмады: агрессивті сатып алу толқыны тоқтаған соң баға тез төмендеп кетті, ал ұзын позициядан дер кезінде шығып үлгермегендер залалға ұшырады.

Сабақ алынғандай болды. Бірақ 2024 жылдың мамырында r/WallStreetBets қауымдастығындағы аңызға айналған трейдер Roaring Kitty үш жылдық үнсіздіктен кейін күтпеген жерден X (Twitter) желісіне оралды. Ол бар болғаны бір сурет жариялады: қолында джойстик ұстап, орындығынан қозғала берген ер адам — геймерлер арасында кең тараған мем, мағынасы «іске шындап кірісетін уақыт келді» дегенді білдіреді.

Бұл GameStop акциясын қайтадан сатып алу толқынын бастауға жеткілікті болды — олардың бағасы ешқандай іргелі себепсіз екі есе жылдам өсті. Ұқсас әсер 2021 жылы Reddit қолданушылары шарықтатқан басқа қағаздарда да байқалды.

Мұндай феномен тек америкалық ерекшелік емес. 2024 жылдың сәуірінде Еуропалық бағалы қағаздар және нарықтар басқармасы (ESMA) есеп жариялап, әлеуметтік желідегі көңіл-күй еуропалық акциялар бағасын классикалық БАҚ-тан да жылдам қозғай алатынын көрсетті. Әсіресе бұл компаниялардың ашықтығы төмен болған жағдайда айқын көрінеді — фактілердің жетіспеушілігінен нарық көбіне сыбыстарға сүйеніп шешім қабылдайды.

Кейде әлеуметтік желідегі қаржылық кеңестер жай ғана шудың емес, әдейі жасалған манипуляцияның жемісі болып шығады.

2022 жылдың желтоқсанында АҚШ-тың Бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссиясы Twitter мен Discord-тағы сегіз ірі инфлюенсерді шамамен $100 млн-дық pump-and-dump сызбасын ұйымдастырды деп айыптады: олар алдын ала арзанға сатып алған белгілі бір қағаздарды әдейі көтеріп, бағасы өскенде бұрын сатып алғанын нарыққа сатқан. Кейін сот айыптардың бөлігін алып тастады, бірақ кей блогерлер кінәсін мойындап, билікпен келісімге келді.

Ал Германияда жергілікті реттеуші BaFin алаяқтар Telegram мен WhatsApp арқылы өзін «сарапшы» етіп таныстырып, инвесторлардан ақша алдап алып, лицензияланбаған платформаларға бағыттаған жағдайларды тіркеген.

Қалай болғанда да — мұның бәрі нарық үшін маңызды сигнал. Біріншіден, өзгерістердің жылдамдығы мен олардың «виралдылығы» енді толыққанды нарықтық факторға айналды. Екіншіден, реттеушілерге бұл ұнамаса да, олардың өкілеттіктері инвесторларды манипуляциялардан сенімді қорғауға жеткіліксіз.

Бірақ неге ондаған мың адам мұндай қарбаласқа өздері соншалықты тез беріліп кетеді? Жауап — психологияда.

Әлеуметтік желі секілді үлкен әрі тірі организмнің бір бөлігі екенін сезіну адамның миындағы дофамин жүйесін белсендіреді. Лайктар мен репосттар эго үшін қарапайым әрі жедел «сыйлыққа» айналады. Бұл сезімді FOMO әсері (fear of missing out — мүмкіндікті жіберіп алудан қорқу және дереу әрекет етуге ұмтылу) күшейтеді. Бұған қоса, интернет тек ақпаратқа қол жеткізуді жеңілдетіп қана қойған жоқ, сонымен бірге адамның өз құзыретін асыра бағалап, өзін алдау ықтималдығын да арттырды.

«Мен репост жасаймын, демек мен түсінемін»

Техас университетінің (Остин) зерттеушілері — Адриан Уорд, Фрэнк Чжэн және Сьюзан Бронярчик — бірқатар эксперименттерде әлеуметтік желілерде кез келген материалды репост жасаудың өзі «мен түсінемін» деген субъективті сезімді күшейтетінін көрсетті, тіпті адам мәтінді толық оқымаған болса да. Бұл жұмыстың атауы да осылай: I Share, Therefore I Know? Экспериментке қатысушылар «қаржы туралы» сілтемелерді бөліскеннен кейін тесттерде сенімдірек жауап берген, бірақ олардың нақты білім деңгейі өзгермеген. Инвестицияда бұл өте қауіпті: «қазан айының үздік 3 акциясы» туралы постты бөлісіп жібересің де, өзіңді сарапшы сезінесің.

Адриан Уордтың Тито Грилло және Филип Фернбахпен бірге жасаған тағы бір зерттеуі — Confidence Without Competence — басқа құбылысты анықтады: желіден қаржылық ақпарат іздеу адамдарды психологиялық тұрғыдан батылырақ қылып, тәуекелге бейім етеді. Экспериментте қатысушыларға қаржылық шешім қабылдамас бұрын Google-дан ақпарат іздеу тапсырылды. Іздеуден кейін олардың өзіне сенімділігі артты, бірақ объективті тесттер мұның негізсіз екенін көрсетті. Бұл «жалған батылдық» әлеуметтік желілердің виралдылығымен қосылғанда, теріс әсерлері еселенеді.

Сунву Тесса Ли мен Шерман Ханнаның 2018 жылғы NFCS (АҚШ) деректері негізіндегі зерттеуі қаржылық білім деңгейін асыра бағалайтын адамдардың зейнетақы немесе жинақ шоттарынан ақшаны ерте шешіп алу ықтималдығы жоғары екенін көрсетті (hardship withdrawals).

Франциядағы EM Normandie зерттеушілері — Дамьен Шане, Магали Трелоан және Давид Мороз — When thinking you’re good makes you dumber атты еңбегінде өзіне тым сенімділіктің шығындарына тоқталды. Қорытындысы жағымсыз, бірақ маңызды: субъективті «сараптамалық деңгей» нақты білімнен озып кетсе, адамдар жаңа нәрсеге жабық болады, өз көзқарасын растайтын ақпаратты жиі таңдайды және баламаларды елемейді. Нарықта бұл қателікке апаратын дайын рецепт.

Әлеуметтік желіден ақпарат алуды ұнататындар көбіне penny stocks (бағасы $5-тан төмен акциялар) ұстайды, ал олардың инвестициялық портфелі әртараптандырылмаған болады. Мұндай комбинация тәуекелді арттырады, бірақ оң нәтиже кепілі емес.

Әлеуметтік желілер шамадан тыс белсенділікке итермелеуі мүмкін. Техас техникалық университетінің Миранда Райтер, Ди Цин және Морген Нэйшнс жүргізген зерттеуі әлеуметтік желілерден инвестициялық идея алатын пайдаланушылардың айына 10-нан астам мәміле жасайтынын көрсетті — мұндайлар 26%, ал әлеуметтік желіні қолданбайтындар — 17%. Ал мінез-құлықтық қаржы мамандары Брэд Барбер мен Терренс Одиан өткен ғасырда-ақ ең белсенді инвесторлардың тұрақты түрде индекстен қалып қоятынын анықтаған. Олар 66,5 мың брокерлік шоттың динамикасын зерттеп, комиссиялар, салықтар және кіру нүктесін таңдаудағы қателіктер кез келген «нарықты жеңу» әрекетін жоққа шығаратынын көрсетті. Енді, ширек ғасыр өткен соң, интернет бұл эффектіні күшейтті: инвестордың табиғи артық белсенділігін лайктар, мемдер мен әлеуметтік желідегі кеңестер одан әрі қоздырады.

Интернет инвесторларға қашан көмектеседі?

Маңыздысы мынау: интернеттің өзі ешқашан бізге жау емес. Егер ақпаратты дұрыс сүзгіден өткізе алсаңыз форумдар мен қауымдастықтар жаңа нәрсені үйренуге айтарлықтай көмектеседі. Әрине, интернет — құрылымданған білім алуға тамаша орта.

NBER жасаған метаанализ (33 елдегі 76 рандомизацияланған эксперимент) қаржылық сауаттылықты оқыту бағдарламалары, жалпы алғанда, оң нәтиже беретінін көрсетті: адамдардың ақшамен дұрыс жұмыс істеу туралы білім деңгейі өсіп қана қоймай, студенттердің күнделікті тәжірибесі де жақсарады. Бұған қоса, белсенді форматтағы оқыту (жаттығулар, тесттер, кері байланыс) кәдімгі дәрістерге қарағанда әлдеқайда тұрақты әсер қалдырады.

Қаржы нарығының кәсіби қатысушылары да өздерінің розничті клиенттеріне неғұрлым рационалды болуға көмектесе алады. Жақында неміс және швейцариялық зерттеушілер қаржылық робот-кеңесші клиенттерімен жүргізген полевом экспериментте бір ғана ұсақ-түйекті өзгертті: әдепкі бойынша «тұрақты» портфельді (тәуекел коэффициенті төмен) таңдауды енгізді. Нәтижесінде оны таңдаған клиенттердің үлесі бірден 23%-дан 36%-ға өсті. Яғни, брокерлік қосымшаның интерфейсі эмоция басқа жаққа жетелеген күннің өзінде, ойланған шешімге итермелей алады.

Тағы бір еуропалық эксперимент қосымшадағы «сату» экраны қалай ұйымдастырылғаны белгілі бір «диспозициялық эффектіні» азайта алатынын көрсетті — яғни инвесторлардың пайданы тым ерте бекітіп, ал залалды позицияларды тым ұзақ ұстау әдеті. Демек, тіпті батырмалар мен кеңестерді қарапайым баптау миллиондаған инвестор жиі жіберетін қателікті жоя алады.

Әлеуметтік желі әсерінің құрбаны болмаудың жолы

— Өз-өзіңізге деген сенімділікті білімнен айыра біліңіз. Мәміле жасамас бұрын өзіңізге қарапайым сұрақ қойыңыз: мен нені нақты білемін, ал нені тек әлеуметтік желі лентасынан таныдым?

— Жиі жасалатын мәмілелер жетістік кепілі емес. Керісінше — олар көбіне артық шығын мен стреске әкеледі. Аз болса да, ойластырылғаны жақсы.

— Фильтр құрыңыз. Кімді оқитыныңызды, неге сенетініңізді ойластырыңыз. Авторды, оның беделін және мүдделер қайшылығын тексеру — «паранойя» емес, ақылға қонымды қорғаныс.

— Жаңа нәрсені үйреніңіз, бірақ өзіңізден бірден үлкен серпіліс күтпеңіз. Ал егер адамдардың көбі өз білімін асыра бағалайтынын түсіне бастасаңыз — бұл қазірдің өзінде жақсы белгі.

— Жоспар құрыңыз. Нарық құлдырағанда да, өскенде де не істейтініңізді алдын ала шешіп қойыңыз. Ребалансировка стратегиялары, автоматты толықтырулар, стоп-лосс пен тейк-профиттер сіздің тұрақты қаржылық болашағыңыздың бір бөлігіне айналсын.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары