Инвестбанк Sarepta компаниясының акцияларын $0 деп бағалады. Неліктен?

АҚШ-тың HC Wainwright инвестициялық банкі Sarepta Therapeutics фармацевтикалық компаниясының акциялары бойынша мақсатты бағасын $10-нан $0-ге дейін төмендетіп, инвесторларға олардан құтылуға кеңес берді. Сарапшылардың айтуынша препаратты қабылдаған бірнеше науқастың өлімі және АҚШ-тың дәрі-дәрмек саласындағы реттеуші органымен (FDA) туындаған қақтығыс бұл акцияларды толықтай құнсыз етті.
Не болды?
HC Wainwright инвестициялық банкі, нақты айтқанда оның сарапшысы Митчелл С. Капур Sarepta Therapeutics компаниясының қаржылық келешегіне сенім жоғалтқанын мәлімдеді. Компания сирек кездесетін генетикалық ауруларға қарсы дәрі жасап шығаратын шағын капиталды биотех болып саналады. Негізгі өнімі — Elevidys препараты. Сарапшы бұл дәріден алдағы уақытта табыс түспейді деп есептейді, сондықтан «акциялардың ішкі құны жоқ» деді.
Elevidys препараты бұлшықет әлсіреуіне алып келетін Дюшенна миодистрофиясы деген тұқым қуалайтын дертке қарсы қолданылады. Пациент біртіндеп жүру, тұру, тыныс алу қабілетінен айырылады. 2024 жылдың маусымында препараттың сатылымына рұқсат берілген соң, ол компанияның негізгі табыс көзіне айналды. 2024 жылдың төртінші тоқсанында және 2025 жылдың бірінші тоқсанында ол табыстың шамамен 50%-ын құрады.
Алайда, науқастар арасында екі өлім тіркелгеннен кейін, FDA бұл препаратты сатуды ерікті түрде тоқтатуды сұраған. Бірақ Sarepta бұған көнбей, өлім жағдайлары бастапқы оң нәтижелерге әсер етпейді деп мәлімдеген. Бұл агенттікпен қақтығысқа ұласты.
Қайғылы статистика
Наурыз айында препаратты қабылдаған алғашқы науқастың өлімі тіркелді.
Маусымда екінші өлім орын алды.
Осы сәтте Sarepta акциялары 42%-ға құлдырады.
Ай соңында үшінші науқастың өлімі тіркелді, бірақ ол басқа – SRP-9004 препаратына қатысты клиникалық сынаққа қатысқан.
FDA-мен шиеленіс
18 шілде, жұма күні кешке компания FDA-ның препарат жеткізілімін тоқтату туралы сұранысын орындамайтынын жариялады.
21 шілдеде, дүйсенбі күні, шешімін өзгертіп, реттеуші талапты орындауға келісім берді.
Bloomberg-тің мәліметінше соңғы бірнеше күнде кем дегенде бес аналитик Sarepta акциялары бойынша рейтингтерін төмендеткен.
Deutsche Bank мақсатты бағаны $25-тен $9-ға дейін түсіріп, сатуға кеңес берді. Олар компанияға пациенттердің сенімін қалпына келтіруге бірнеше жыл қажет болуы мүмкін деп санайды.
JPMorgan Elevidys препаратының кейбір топтағы науқастар үшін сатылымда қала беруі мүмкін екенін айтып, бағаны $28-ден $20-ға дейін төмендетті. Олар өздігінен немесе аздаған көмекпен жүре алатын науқастар арасында өлім тіркелмегенін атап өтті. Сарапшы Анупам Рама акциялардың қазіргі деңгейден өсуі мүмкін екенін айтты, бірақ Elevidys сатылымнан мүлде алынып тасталса, бұл болжам өзгеруі мүмкін екенін ескертті.
Қаржылық күйреу
21 шілдедегі негізгі сауда сессиясында Sarepta акциялары 5%-дан астамға төмендеп, $13,32 деңгейінде саудаланды. Кейінгі сағаттарда тағы 8% жоғалтты.
Жыл басынан бері компанияның акциялары 89%-ға құлдырады.
Бұл оқиға биотехнология секторындағы тәуекелдер мен реттеуші органдармен қарым-қатынас қаншалықты маңызды екенін айқын көрсетті. Sarepta үшін бұл үлкен дағдарыс, ал инвесторлар үшін — үлкен сабақ.








