«Инвесторлар сабасына түсті»: америкалық акциялар рекордпен өскеннен кейін құлдырады
Қормнарығындағы құлдырау Ақ үйдің Қытайдан импортталатын тауарларға жалпы салық мөлшері 145%-ға жететінін растағаннан кейін күшейе түсті

АҚШ-тың қор нарығы 10 сәуірде рекордтық өсуінен кейін кері шегінді. Президент Дональд Трамптың «қарымта» салықтардың бір бөлігін 90 күнге шегеру туралы мәлімдемесінен кейін де инвесторлар алаңдаушылықтарын сақтап қалды. Себебі Қытай үшін салықтардың жалпы мөлшерін 145%-ға дейін арттыру экономикалық белсенділіктің баяулауына әкелуі мүмкін деп хабарлайды CNBC.
Толығырақ
— S&P 500 индексі 10 сәуірдегі сауда-саттық нәтижесінде 3,5%-ға төмендеді. Алдыңғы күні ол 2008 жылдан бергі ең үлкен өсімді көрсеткен болатын.
— Технологиялық сектордағы Nasdaq Composite индексі күні 4,3%-ға төмендеп аяқталды. Алдыңғы күні 12,2%-ға өскен еді. Индекстегі негізгі шығынды «Керемет жетілік» акциялары алып келді: Apple (-4%), Tesla (-7%), Nvidia (-6%), Meta Platforms (-7%).
— «Көк фишкалар» индексі Dow Jones Industrial Average сауда-саттықтың жабылу кезінде 2,5%-ға төмендеді. Алдыңғы күні ол 7,9%-ға өскен болатын.
— Шағын капиталдандыруы бар компаниялардың Russell 2000 индексі 4,3%-ға төмендеді және ол әлі де «аю нарығында» тұр. Қазір бұл индекс қарашадан бергі ең жоғарғы мәнінен 25%-ға төмендеген.
— Доллар 2022 жылдан бері ең нашар күнін бастан өткерді, деп жазады Bloomberg.
Қор нарығының құлдырауы АҚШ үкіметінің Қытайдан импортталатын тауарларға салынатын жалпы салық мөлшерін 145% деңгейінде растағанынан кейін күшейді. Бұл жаңа 125%-дық тарифті және бұрын енгізілген 20%-дық қосымша алымды қамтиды. 10 сәуірде акциялардың сатылымы алдыңғы күні байқалған рекордтық өсімді ішінара азайтты: S&P 500 индексі 9%-дан астамға көтеріліп, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі үшінші ең үлкен күндік өсімді көрсетті.
Нарықтағы жағдайға не әсер етті
Баж салықтарының тоқтатылуы алғашында нарықта оптимизм тудырғанымен, көптеген инвесторлар қалпына келу әлі алыс деп санайды. Қытайдан келетін импорт үшін салынатын ставка тарихтағы ең жоғары деңгейде, деп көрсетеді Morgan Stanley.
«Пауза көмектеседі, бірақ белгісіздікті жоймайды», — деп атап өтті Morgan Stanley-дің АҚШ бойынша бас экономисі Майкл Гейпен.
«Инвесторлар ақылға келді, — деді SimCorp қолданбалы зерттеулер бөлімінің директоры Мелисса Браун CNBC-ге. — Басты мәселе — белгісіздік. Бүгінгі күнге Қытай үшін ставка 145%-ды құрайды, ал ертең бұл басқа сан болуы мүмкін. Мұндай жағдайда қай деңгейдің ең төменгі немесе ең жоғары екенін болжау өте қиын — оқиғалар да, инвесторлардың көзқарасы да тым жылдам өзгереді».
Қазір АҚШ-та импортқа салынатын негізгі салықтар:
— Қытайдан әкелінетін барлық тауарларға 145%;
— Алюминий, автомобильдер және USMCA келісіміне кірмейтін Канада мен Мексикадан әкелінетін тауарларға 25%;
— Қалған барлық импорттық тауарларға 10%.








