Инвесторлар «жаңа алтынды» іздеп, басқа қымбат металдарға бет бұруда

Алтын бағасының өсуі инвесторлардың назарын күміс, платина және палладийге аударды. Олар инвестициялауға жаңа актив түрін іздеп жатыр. Алтын «қауіпсіз айлақ» ретінде танылғанымен, басқа металдардың көбі іскерлік циклмен тығыз байланысты және бағасы тұрақсыз болуы мүмкін.
Егжей-тегжейі
2025 жылдың алғашқы жартысында алтын бағасының өсімі кейінгі жарты ғасырдағы ең жылдам көрсеткіштердің бірі болды. Осыған байланысты инвесторлар күміс, платина және палладийге қаржы сала бастады. Олар да қымбаттап, табыс әкеледі деген үміт бар, деп жазады Barron’s.
Биыл қымбат металдарға арналған ірі ETF қорлары айтарлықтай өсті: активтері 101 млрд долларды құрайтын SPDR Gold Shares 24%-ға, 17 млрд долларлық iShares Silver Trust 23,3%-ға, Abrdn Physical Platinum Shares 48%-ға, ал Abrdn Physical Palladium Shares 20%-ға өскен.
Қандай тәуекелдер бар?
Соңғы үш жылда алтынның орташа жылдық табыстылығы 24% болды. Салыстыру үшін, S&P 500 индексі 18,6% көрсеткенін айтса болады. 2025 жылы күміс пен платинаның табыстылығы тіпті алтыннан да асып түсті. Алайда Barron’s «жылтырайтынның бәрі алтын емес» деген ескерту жасады. Бұл металдардың әрқайсысы – сұраныс пен ұсыныс заңымен өмір сүреді.
«Көпшілік үшін алтынның нығаюы – нақты активтерге сұраныстың қайта оралғанының белгісі. Бұл дегеніміз – баға өскен сайын басқа қымбат металдар да қымбаттауы тиіс» дейді GraniteShares компаниясының бас директоры Уилл Ринд. Оның компаниясы қымбат металдарға арналған екі биржалық қорды басқарады.
Aberdeen Investments компаниясының ETF стратегиялар жөніндегі директоры Роберт Минтер болса, былай дейді:
«Алтын күміспен мүлде салыстыруға келмейді. Көбі күмісті алтынның «кіші інісі» дейді. Бұл мені шошытады».
Алтын, негізінен, балама валюта және қорғаныс активі ретінде қолданылады. Ал басқа металдардың бағасы экономикалық циклге тәуелді. Күміс те қорғаныс құралы ретінде қарастырылуы мүмкін, бірақ оның 60%-ы өнеркәсіпте, соның ішінде күн батареяларында қолданылады. Жасанды интеллектке арналған жартылай өткізгіштер өндірісі артқан сайын күміске сұраныс өсті. Кейінгі төрт жылда сұраныс ұсыныстан асып түсті. Биыл бұл металға арналған фьючерстер 25%-ға қымбаттады.
Платина мен палладий көбіне көлік құралдарындағы каталитикалық нейтрализаторлар мен өзге өндіріс салаларында қолданылады. Кейінгі жылдары бұл металдардың бағасы тапшылыққа қарамастан тұрақты диапазонда қалды. Бірақ жағдай 2025 жылдың сәуірінде Дональд Трамп жаңа кедендік алымдарды жариялаған соң өзгерді. Қытай мен өзге елдер бұл металдарды стратегиялық қор ретінде сатып ала бастады. Нәтижесінде платина фьючерстері жыл басынан бері шамамен 50%-ға, ал палладий – 20%-ға өсті.
Сарапшылар не ұсынады?
Тауар нарығы бойынша тәуелсіз сарапшы Стерлинг Смит жаңа бастаған инвесторларға металдарды баға төмендеген кезде сатып алуға кеңес береді. Ол портфельдің шамамен 50%-ын алтын ETF құрауы керек дейді. Себебі бұл – ең өтімді нарық. Егер инвестор экономиканың болашағына сенімді болса, қалған бөлікті былайша бөлуді ұсынады: 15% – күміс, 5% – платина мен палладий, ал қалғанын алтын өндіруші компаниялардың қорларына. Мысалы, VanEck Gold Miners-ке салуға болады. Сонымен қатар, ол металлдар үлесі жалпы портфельдің 10%-ынан аспауы тиіс деп ескертеді. Өйткені бұл – өте құбылмалы активтер.
Қымбат металдарға инвестиция салатын Эдриан Дэй ұзақ мерзімді жоспарлап, тәуекелге бейтарап қарайтын инвесторларға физикалық металл мен өндіруші компаниялардың акцияларын 30% бен 70% арақатынасында біріктіруді ұсынады. Оның пікірінше, физикалық металдарға салынған инвестицияның кемінде жартысы алтын болуы керек. Күмісті азырақ алуға кеңес береді, себебі ол алтынға қарағанда құбылмалы және көбіне қысқа мерзімді серпіліспен өседі. Платина мен палладийге портфельдің ең аз бөлігін ғана бөлген дұрыс. Әсіресе, платинаны жақында ғана күрт қымбаттағаны үшін сақтықпен қарау керек, оны тек 10 жылдан астам мерзімге инвестициялағанда алған жөн дейді.








