БастыЖаңалықтар
Бөлісу

«Алтыннан шаршау»: 2025 жылы 44%-ға өскеннен кейін платина раллиі жалғаса ма?

Венера  Сайфутдинова

Венера Сайфутдинова

Oninvest тілшісі
«Алтыннан шаршау»: 2025 жылы 44%-ға өскеннен кейін платина раллиі жалғаса ма?

19 маусымдағы сауда-саттықта платина бағасы 2014 жылдан бергі ең жоғары деңгейге жетті, ал жыл басынан бері металл 44%-ға қымбаттады. Нарықты жоғары сұраныс, тапшылық қаупі және инвестициялардың алтыннан платинаға ауысуы қыздырып отыр. Алайда сарапшылардың пікірі екіге бөлінуде, біреулері бұл ралли Қытайдағы зергерлік және инвестициялық сұраныс арқасында тұрақты деп есептесе, басқалары кемінде 17% түзету (құлдырау) қаупі бар екенін ескертеді.

Егжей-тегжейлі

Bloomberg хабарлағандай, 19 маусымдағы саудада платинаның спот бағасы бір сәтте 2%-дан аса өсіп, унциясы $1350-ға жетті — бұл 2014 жылғы қыркүйектен бергі ең жоғары деңгей. Агенттік бұл тоқсанды платина үшін баға өсімі жағынан рекордтық болуы мүмкін деп бағалап отыр. 2025 жылдың басынан бері платина 44%-ға өсті.

Bloomberg-тің түсіндіруінше бұл өсім күрт артқан сұраныс пен ұсыныстың шектелуін күтуге байланысты орын алуда. Қысқамерзімді тапшылықтың белгісі ретінде жедел жеткізілетін металдың фьючерстерге қарағанда қымбат саудалануы аталды.

Алтыннан «шаршау» бар ма?

Сарапшылар платинаға деген сұраныстың артуына тағы бір себепті келтіреді: ол алтынға балама ретінде қарастырыла бастады. 2025 жылдың басынан бері алтын бағасы 29%-ға өсті. Бұл кейбір инвесторларды платинаға ауысуға итермеледі, деп түсіндіреді MarketWatch-қа сілтеме жасаған Indxx өнімдер және инновациялар бөлімінің жетекшісі Вайхаб Агарвал. Ол бұл үрдісті «алтыннан шаршау» деп атады.

Сарапшының айтуынша зергерлер де металл бағасы мен тұтынушылардың талғамының өзгеруіне байланысты, әсіресе Қытайда, белсенді түрде алтыннан платинаға өтуде.

Сонымен қатар, платина биылғы баға өсімі бойынша алтын мен палладийден озып кетті. Маусым айында платина шамамен 25%-ға қымбаттаса, алтын фьючерстері 2,8%-ға, палладий – 9,4%-ға ғана өсті, деп келтіреді MarketWatch Dow Jones Market Data мәліметтерін.

Aberdeen Investments компаниясының ETF стратегиясы жөніндегі директоры Роберт Минтердің айтуынша алтын, күміс және палладий дамыған елдердегі фискалдық шығындардың жалғасуынан ұтты — бұл сол елдердің валюталарының әлсіреуіне әсер етті. Минтер үш металдың да жыл басынан бергі баға өсімін әсерлі деп бағалайды, бірақ платинаның Қытайдағы зергерлік бұйымдарға (инвестициялық мақсатта да сатып алынатын) деген сұранысы артып тұрғандықтан артта қалып қойғанын айтады.

Платина раллиі жалғаса ма?

Агарвалдың пікірінше платина бағасының әрі қарай өсуі мүмкін, себебі ол әлі де 2014 жылғы $1500 шыңынан және қазіргі алтын бағасынан ($3300+) айтарлықтай төмен. Оның айтуынша инвесторлар платина нарығынан әлі де пайда көре алады, өйткені бұл металл «ұқсас активтермен салыстырғанда әлі де төмен бағаланған».

«Бағалар тарихи максимумнан әлі де әлдеқайда төмен болғандықтан платина портфелін әртараптандырғысы келетін және қымбат металдар нарығындағы құрылымдық өзгерістер толқынын пайдаланып қалғысы келетіндер үшін тиімді мүмкіндік болуы ықтимал», — деді сарапшы.

Алайда кейбір сарапшылар бұл ралли ұзаққа созылмайды деп санайды, мысалы, Goldman Sachs Bloomberg-ке берген болжамында платина бағасы $800–$1150 диапазонына дейін түседі деп күтеді.

Платина тапшылығы қанша уақытқа созылады?

2025 жыл платина нарығында қатарынан үшінші ірі тапшылық жылы болуы мүмкін — жылдық 8 млн унция көлеміндегі нарықта тапшылық 1 миллион трой унцияға жуық, дейді Платинаға Инвестициялар жөніндегі Дүниежүзілік Кеңестің (WPIC) зерттеу директоры Эдвард Стерк (MarketWatch дерегі). WPIC болжамынша платинаның құрылымдық жетіспеушілігі 2029 жылға дейін жалғасады. Стерктің айтуынша өткен жылғы тапшылық — 992 мың унция — 2013 жылдан бергі ең терең көрсеткіш болған, ал биыл 966 мың унция деңгейінде болады деп күтілуде. Бұл тапшылыққа инвестициялардың және зергерлік сұраныстың өсуі әсер еткен.

Тапшылықты қайта өңдеу арқылы жеңілдетуге болар еді. Мәселен, платина тобына жататын металдары бар катализаторлар автокөліктерде 50 жылдан бері қолданылып келеді, дейді Leverage Shares сарапшысы Сандип Рао. Оның сөзінше қазіргі кезде қайта өңдеу әлемдік платина көлемінің тек ширегін ғана береді. Егер қайта өңдеуді ұйымдасқан түрде дамытса, бұл үлесті екі есеге арттыруға болады деп болжайды ол.

Платина тапшылығы бар ма?

Бұл мәселемен CPM компаниясының басқарушы директоры Джеффри Кристиан келіспейді. Ол тауар нарығындағы балансты есептеу кезінде сұраныс ретінде тек тұтыну мен өндірісті ескеретінін айтты, ал инвестициялық сұраныс бұл есепке кірмейді. Инвестициялық мақсатта сатып алынған тауарлар пайдаланылмайды, өз бастапқы түрінде сақталып, кейін нарықта қайта сатыла алады. Сондықтан инвестициялық сұраныстың көп бөлігі «жасырын», оны бағалау өте қиын және қателіктерге алып келуі мүмкін, деп түйіндеді Кристиан.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары