БастыЖаңалықтар
Бөлісу

IPO, шоттарды бұғаттау және Дубай: Revolut негізін қалаушының сұхбаты

Яна  Закомолдина

Яна Закомолдина

IPO, шоттарды бұғаттау және Дубай: Revolut негізін қалаушының сұхбаты

Revolut финтех-банкінің негізін қалаушы әрі бас атқарушы директоры Николай Сторонский ауқымды сұхбатында IPO-ға жоспары, компаниядағы өз үлесін арттыру туралы және Дубайға көшу жөніндегі ақпаратты фейк екенін айтты. Сондай-ақ, ол Ресей мен Беларусь азаматтары жаппай тап болған шоттардың бұғатталуы тақырыбын қозғап, Ұлыбританияның «қара тізіміне» енген кәсіпкер Олег Тиньковқа байланысты оның отбасы мүшелерінің шоттарына не себепті санкция қолданылғанын түсіндірді.

IPO алдағы 2–3 жылда күтіледі

Николай Сторонский YouTube-тағы «Это Осетинская» арнасына берген сұхбатында компания алдағы екі-үш жылда биржаға шығу мүмкіндігін әлі де қарастырып отырғанын айтты. Оның сөзінше, Revolut үшін IPO басты стратегиялық мақсат емес, керісінше дамудың аралық кезеңі саналады, ал компания осы межеге жеткенде, орналастырудың өзі жеке мақсат болудан қалады.

Revolut үшін биржаға шығудың басты себебі — беделін күшейту. Жария компания мәртебесі нарық тарапынан сенім деңгейін арттырады, деп атап өтті Сторонский.

Revolut-тағы үлесті арттыру

Сторонскийдің айтуынша, 2024 жылдан бері оның Revolut-тағы үлесі 25%-дан 29%-ға дейін өскен. Үлестің артуы компания құнының өсуіне байланған ынталандыру бағдарламасын іске асыру есебінен жүзеге асқан. Бұл жүйе Tesla-дағы Илон Масктың сыйақы тетігіне ұқсас. «Қазір менде 29% бар, ал белгілі бір мақсаттарға жетсем, оған қосымша тағы 10% аламын», — деді кәсіпкер.

2024 жылдың тамызында қызметкерлер өз акцияларын сатқан кезде финтех-банктің бағалануы $45 млрд болған. Сторонскийдің сөзінше, 2025 жылдың қарашасында Revolut жаңа бағалауға ие болып, шамамен $75 млрд-қа бағаланған. Ол сондай-ақ мамыр айында компанияға капиталға кіруге ниет білдірген ірі инвесторлар жүгінгенін айтты. Алайда, мәміле туралы ашық түрде тек жақында ғана жарияланған. Сторонский бұл жаңа қаржы тарту емес, екінші реттік орналастыру болғанын нақтылады: инвесторлар үлестерді қолданыстағы акционерлерден келісілген бағамен сатып алған. Revolut қаржыландыру раундын өткізбеген, өйткені компания табысты жұмыс істеп тұр және қосымша сыртқы капиталға мұқтаж емес, деп түйіндеді оның негізін қалаушы.

Дубайға көшу туралы

Сторонский Ұлыбританиядан Біріккен Араб Әмірліктеріне көшті деген ақпаратты «фейк жаңалық» деді. Бұған дейін, қазанда Bloomberg агенттігі салық заңнамасындағы өзгерістерге байланысты ауқатты британдықтардың елден кетіп жатқаны туралы жазған еді. Әсіресе non-domicile мәртебесінің жойылуы айтылды — бұл режим адамға Ұлыбританияда тұрып, шетелде тапқан табысынан салық төлемеуге мүмкіндік беретін.

«Менің бизнесім жаһандық. Үш ай Лондонда, үш ай Еуропада боламын. Дубайда біз 2–3 жыл бұрын ірі офис ашуды шештік, жылына үш-төрт айымды сонда өткіземін. АҚШ-та да, Латын Америкасында да — яғни ірі кеңселеріміз бар барлық өңірлерде уақыт өткізуге тырысамын», — деді миллиардер.

Сторонскийдің айтуынша, оның отбасылық офисі БАӘ-де заңды тұлға тіркеп, ресми хат-хабар үшін Дубайдағы мекенжайды көрсеткен. Осыдан кейін Revolut-тың корпоративтік жарияланымдарын бақылап отырған журналистер мекенжайдың өзгергені туралы хабарлама алған. Бизнесменнің пікірінше, дәл осы жайт мұндай жарияланымдардың пайда болуына себеп болған.

Ресейліктердің шоттарын бұғаттау

Сторонский қараша айында Ресей мен Беларусь азаматтары жаппай тап болған Revolut шоттары мен карталарының бұғатталуына қатысты пікір білдірді. Бұл тұруға ықтиярхаты (ВНЖ) немесе еуропалық паспорты жоқ адамдарға, сондай-ақ ВНЖ-сы ұзарту сатысында тұрған немесе уақытша құжаттары бар клиенттерге де әсер еткен. Ол кезде банк қолдауы мұны ЕО санкцияларының қатаюымен түсіндірген. Сторонскийдің айтуынша, Revolut тек заң талаптарын ғана емес, сонымен қатар реттеушілердің «күтілімдерін» де орындауға міндетті. Бұл күтілімдер кейде заңдардың өзінен де қатаң болып, саяси үрдістерге байланысты өзгеруі мүмкін. Банкке «қосымша нұсқаулар» түсіп тұра ма деген сұраққа ол иә деп жауап бергенімен, егжей-тегжейін ашпады. Сонымен қатар, оның сөзінше, уақытша ВНЖ-ны қолдан жасау оңай, сондықтан көптеген банктер мұндай құжаттарды негіз ретінде қабылдамайды.

«Белгілі заңдар бар, бірақ олар кейде анық емес. Реттеушілердің күтілімдері де солай. Мұндай жағдайда құжаттарды тексеру кезінде қателіктер кетуі мүмкін, ал бұл ұйым үшін тәуекел тудырады. Ал процесс код пен модельдерге негізделсе, қателік ықтималдығы төмендейді», — деді Сторонский.

Revolut Тиньковтың жұбайының шотын не үшін бұғаттады?

Сторонский Ұлыбританияның санкция тізіміне енген кезде кәсіпкер Олег Тиньковтың Revolut-тағы шоттарымен бірге оның отбасы мүшелерінің, соның ішінде жұбайының шоттары да не себепті бұғатталғанын түсіндірді. Тиньковқа қарсы санкциялар 2023 жылдың шілдесінде алынған.

Банк негізін қалаушының айтуынша, заңнама санкцияға іліккен жеке немесе заңды тұлғалардан басқа адамдарға ақша аударуға тыйым салады. Егер мұндай қаражат алдын ала аударылып қойған болса, ол қаражатты алған тұлғалардың шоттары да бұғатталады. «Мысалы, санкция салынған адамның шотында $100 болса, оның $50-ы жұбайына, $10-ы баласына аударылса, онда олардың шоттары да автоматты түрде жабылады», — деді Сторонский. Оның сөзінше, бұл талап бұрын жасалған транзакцияларға да қолданылады, өйткені ол қаражатты отбасы мүшелері өздері таппаған, санкцияға іліккен тұлғадан алған болып есептеледі.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары