Revolut жеке инвестициялар нарығына шығу үшін команда құрып жатыр

Лондонда орналасқан финтех-компания Revolut жеке инвестициялар нарығында жұмыс істеу үшін команда жинай бастады. Bloomberg жазуынша, сервис капиталды басқару сегментінде қызмет түрлерін кеңейтуді көздейді.
«Компания бастапқы деңгейдегі инвестициялық банк қызметкерлерін, активтерді басқарушыларды және жеке капитал бойынша кеңесшілерді іздеп жатыр. Жаңа қызметкерлер жеке нарық қорларына инвестициялауға арналған өнімдерді әзірлеумен, сондай-ақ «жеке капитал экожүйесінің бүкіл ауқымында» қорларды басқарушылармен байланыс орнатумен айналысады», делінген жарияланымда.
Revolut агенттікке пікір білдіруден бас тартты.
Бұл нені білдіреді?
Команда құру жеке нарықтардың ауқымы да, маңызы да айтарлықтай өскен кезеңде болып жатыр, деп жазады Bloomberg. Агенттіктің айтуынша, әлемдегі ең ірі биржалардың кейбірі көлемі 16 трлн доллар болатын, қарқынды өсіп жатқан жеке активтер нарығына байланған жаңа фьючерстер мен опциондарды іске қосуды көздеп отыр.
Алайда Bloomberg дерегінше, салада жеке нарықтың кей бөліктерінде актив бағаларының тым жылдам өсуі, реттеудің шектеулілігі және макроэкономикалық қысым салдарынан «шамадан тыс қызу» мен тәуекелдердің артқаны туралы алаңдаушылық жиілеп келеді.
Bloomberg мәліметінше, шамамен 70 млн қолданушысы бар Revolut қосымшасында АҚШ пен Еуропа акцияларымен сауда жасауды бұрыннан ұсынады. Ал 2024 жылғы қарашада Ұлыбританияда брокерлік лицензия алғаннан кейін, жетекші британ компанияларының акцияларымен сауданы да іске қосты.








