Иран АҚШ-тың Таяу Шығыстағы әскери базаларына зымыран атқылады. Акциялар өсуде

Кейбір сарапшылар Иранның шабуылын «жақсы жоспарланған қадам» деп бағалап отыр.
Иран АҚШ-тың Таяу Шығыстағы әскери базаларына қарай зымырандар ұшырды. Шабуыл Катар мен Ирак аумағына жасалған, деп жазды Axios. Тегеран жексенбіде Иранға жасалған шабуыл кезінде АҚШ қолданған бомбалар санына сәйкес зымыран атылғанын мәлімдеді. Катар тарапы АҚШ базасының шабуылға дейін эвакуацияланғанын, сондықтан қаза тапқандар мен жараланғандар жоқ екенін хабарлады. АҚШ қор нарығындағы индекстер қайта өсе бастады, ал Brent маркалы мұнай бағасы 6%-ға төмендеді. Bloomberg бұл жағдайды Таяу Шығыстағы ахуалды ушықтырмайтын келісілген қадам ретінде бағалады.
Егжей-тегжейі
Иранның Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі жоғарғы кеңесі шабуылды растады және зымыран санының АҚШ жексенбі күнгі соққы кезінде қолданған бомбаларымен бірдей болғанын мәлімдеді, деп жазады Reuters. Тегеранның айтуынша, АҚШ-тың әскери базалары Катарда қалалардан және тұрғын аймақтардан алыс орналасқан, сондықтан «достық және бауырлас» ел – Катарға қауіп төнбеген.
Катар шабуылды айыптап, халықаралық құқық шеңберінде тікелей жауап қайтару құқығын сақтайтынын жеткізді. Бұл туралы елдің премьер-министрінің кеңесшісі және Сыртқы істер министрлігінің өкілі жариялаған мәлімдемеде айтылған. Катардың әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері зымырандарды сәтті тосып, жойғанын мәлімдеді. Доха барлық әскери әрекеттерді дереу тоқтатуға және келіссөздерге оралуға шақырды. Катар билігінің мәліметінше, АҚШ әскери базасы алдын ала эвакуацияланған, сондықтан шабуылдан ешкім зардап шекпеген. Мұны АҚШ үкіметінің өкілі де растады, деп хабарлайды Bloomberg.
The New York Times-тың жазуынша, Иран шабуыл басталардан бұрын Катарды ескерткен. Сонымен қатар Тегеран АҚШ-ты да бірнеше сағат бұрын хабардар еткен, деп мәлімдеді Reuters-ке Таяу Шығыстағы екі жоғары лауазымды дереккөз. Катар зымырандар ұшырылғаны туралы ақпараттар тарамай тұрып, әуе кеңістігін жапқан. Reuters-тің мәліметінше, Ирак, Бахрейн және Кувейт те ұшуларды уақытша тоқтатқан.
Axios-қа пікір білдірген израильдік дереккөздің айтуынша, Катарға кем дегенде он зымыран және Иракқа бір зымыран атылған. Бірақ Reuters әскери дереккөзі Катардан басқа ешбір АҚШ базасына шабуыл болмағанын хабарлады. Катар астанасы Дохада бірнеше жарылыстың даусы естілген. Bloomberg жазғандай, бір куәгер сегіз жарылысты естігенін айтқан, алайда олардың әуеде, жерге түскеннен кейін немесе ПВО жүйесінің әрекетінен болғаны белгісіз.
Ирактағы АҚШ базасында әуе шабуылынан қорғану жүйесі іске қосылған, деп хабарлайды Reuters әскери дереккөздерге сілтеме жасап. Ал Бахрейннің Ішкі істер министрлігі әуе дабылы қосылғанын және азаматтарға жақын маңдағы қауіпсіз орынға баруға кеңес берілгенін мәлімдеді.
АҚШ президенті Дональд Трамп, Қорғаныс министрі Пит Хегсет және Бас штаб бастығы Джон Кейн Катардағы жағдайды бақылап отыр, деп хабарлады Reuters Ақ үйдегі дереккөзге сүйене отырып. Axios дерегінше, Ақ үй мен Пентагон Ирактағы АҚШ базасына төнуі мүмкін қауіп туралы да хабардар.
Onyx Capital компаниясының талдау бөлімінің жетекшісі Харри Чилингирян Bloomberg-ке берген пікірінде: «Бұл әрекет жақсы жоспарланғандай көрінеді: Иран бос жатқан базаға шабуыл жасайды, әуелі ескерту береді, әуе кеңістігі жабылады, халыққа қауіпсіз жерге бару нұсқамасы беріледі. Осылайша Иран бет-бейнесін сақтап қалады және Ормуз бұғазына жақындамайды», — деді. Bloomberg дереккөзіне сәйкес, АҚШ пен оның одақтастары шабуыл болатыны жайлы алдын ала хабар алған және оны күткен.
Нарықтағы жағдай
— 23 маусымдағы сауда кезінде АҚШ-тың негізгі биржалық индекстері құбылып отырды: сауда басында өсе бастаса, Катардың әуе кеңістігін жабуы жайлы жаңалықтар шыққаннан кейін төмендеді. Бірақ Иран шабуылы туралы хабар тараған соң индекстер қайта қалпына келе бастады. S&P 500 индексі уақытша оң аймаққа өтіп, кейін қайта төмендеді, артынан тағы көтеріле бастады. Nasdaq Composite индексі шамамен 0,2%-ға өсті.
— Brent маркалы мұнай бағасы Иран шабуылы туралы ақпарат тараған соң күрт төмендеді: бір баррель бағасы шамамен 6%-ға құлдырап, 73 доллардан төмен түсті.
— VIX нарықтық құбылмалылық индексі, яғни Уолл-стриттің «қорқыныш индексі», уақытша 8,5%-ға секірді. Бұл көрсеткіш Израильдің Иранға қарсы әскери операциясы басталғалы 20 пункттен жоғары қалыпта. Мұндай көрсеткіш көбіне белгісіздік кезеңін көрсетеді.
Контекст
Иран 22 маусымға қараған түні АҚШ өз аумағындағы үш ядролық нысанға шабуыл жасаған соң жауап қайтаратынын ескерткен. Wall Street Journal басылымы жазғандай, Иран ресми мәлімдемелерінде зардапты аз көрсетуге тырысқан. Басылым Тегеран АҚШ-тың өңірдегі әскери базаларына немесе елшіліктеріне шабуыл жасауы мүмкін деген болжам келтірген.
АҚШ президенті Дональд Трамп Иран тарапынан кез келген жауап әрекеті АҚШ-тың жаңа шабуылымен ұласады деп ескерткен.
«Иран АҚШ-қа қандай да бір жауап қайтаратын болса, оған бүгінгіден де күшті соққымен үн қатамыз», — деп жазды Трамп 22 маусым күні Truth Social әлеуметтік желісінде.
Bloomberg Economics жексенбі күні Тегеран тарапынан шектеулі жауап беру ықтималдылығын жоғары деп бағалады. «Иран жауапты мұқият жоспарлауы мүмкін. Мысалы, 2020 жылы АҚШ соққысынан жоғары шенді ирандық генерал Касем Сулейманидың қаза табуынан кейін болған жағдайды еске алыңыз. Ондай жауап кезінде АҚШ-қа шабуылдың уақыты мен орны алдын ала хабарлануы мүмкін. Бұл Ирактағы нысандар мен базаларды эвакуациялауға мүмкіндік береді. Америкалықтар арасында қаза тапқандардың болмауы Дональд Трампқа жағдайды ушықтырмай, керісінше, бәсеңдету жолын таңдауға мүмкіндік береді», — деп жазды сарапшылар. Олар бұл сценарий жүзеге асса және Израильмен қақтығыс жалғаса берсе, мұнай бағасы бір баррель үшін 80 доллар шамасында болатынын болжаған. Ал қарсыластық тоқтаса, ол 70 доллардан төмен түсуі мүмкін. Алайда Иранның қатаң жауабы мен қақтығыстың кеңеюі Brent мұнайының баррелін 130 долларға дейін қымбаттатуы ықтимал.
Жаңарту: бастапқы хабарламада Катар бағытында кемінде алты зымыран атылғаны айтылған. Бұл ақпарат кейін Axios бастапқы деректерін жаңартқаннан соң түзетілді.








