Ирандағы шиеленістен соң АҚШ әскери акциялары өсті. Бұл ұзаққа созыла ма?

АҚШ-тың қорғаныс саласындағы компаниялары аптаны өсіммен бастады. Бұл – АҚШ-тың Ирандағы ядролық нысандарға жасаған соққылары мен Тегеранның Катар мен Ирактағы америкалық әскери базаларға берген жауабынан кейінгі жағдай. Дегенмен, сарапшылар бұл өсімнің ұзаққа созылмауы мүмкін екенін ескертеді: қысқа мерзімді жанжалдар әдетте саланың ұзақмерзімді болашағын түбегейлі өзгертпейді.
Егжей-тегжейі
23 маусым, дүйсенбі күні АҚШ қорғаныс компанияларының акциялары қымбаттай бастады. Инвесторлар алдымен Ирандағы ядролық нысандарға жасалған соққыға, артынша Тегеранның Катар мен Ирактағы америкалық әскери базаларға жасаған шабуылына жауап берді, деп жазды Barron’s. Алайда нарық бұл қадамдардың алдын ала келісілген әрі қақтығыс үлкен соғысқа ұласпайды деген қорытындыға келгенде, қорғаныс компаниялары акцияларының бір бөлігі қайта арзандады.
– 22 маусым түні жасалған операцияға қатысқан жойғыш ұшақтардың өндірушісі Lockheed Martin акциялары күн ішінде 2,5%-ға дейін қымбаттағанымен, сауда сессиясы соңына қарай өсімінің көп бөлігін жоғалтты.
– Northrop Grumman қағаздары 2%-дан аса өсіп, күн соңында аз ғана өсіммен қалды. Бұл компания шығарған B-2 стратегиялық бомбалаушы ұшақтары Ирандағы ядролық нысандарға қарсы 14 дана GBU-57 бетонбұзғыш бомбаларын тастаған. Бұл – Boeing компаниясынан 2011 жылы сатып алынған осы типтегі қарудың алғашқы әскери қолданылуы болды. Boeing акциялары 1,3%-ға өсті.
– RTX компаниясының (Tomahawk қанатты зымырандарын өндіруші) бағалы қағаздары бар болғаны 0,2%-ға өсті, сауда соңында 0,6%-ға арзандап кетті.
– L3Harris Technologies акциялары 0,5%-ға, ал General Dynamics акциялары 1,3%-ға өсті.
Әскери компаниялардың акциялары әрі қарай да қымбаттай ма?
Barron’s басылымының жазуынша, қысқа мерзімді қақтығыстар әдетте әскери бюджеттің жалпы бағытын өзгертпейді.
«АҚШ-тың соққылары Қорғаныс министрлігі бюджетінің артуына саяси қолдау тудыра ма, белгісіз. Қай салаға басым қаржы бөлінетіні туралы да нақты ақпарат жоқ», – деп жазды Capital Alpha Partners сарапшысы Байрон Каллан Иранның жауабы жарияланбас бұрын, жексенбі күні.
Capital Wealth Planning сарапшысы Кевин Симпсон өткен аптада CNBC арнасына берген сұхбатында RTX акцияларын Иран-Израиль арасындағы шиеленіс жағдайында сенімді инвестиция деп бағалады. «Компанияның болашақ табысына қатысты бағасы өте тартымды – табыс мультипликаторы 17 деңгейінде. Бұдан бөлек, компания 2% көлемінде дивиденд төлейді, бұл – акцияны ұстағаныңыз үшін тұрақты табыс», – деді ол.
Алайда Симпсон жаңалыққа сүйеніп сауда жасаудың тәуекелдері барын да ескертті: «Бұл саладағы акциялар тарихи жоғары деңгейге жақындап қалды. Бағалауларды мұқият бақылау қажет». Сарапшының пікірінше, әртараптандырылған портфельде кем дегенде бір-екі қорғаныс компаниясы болуы керек.
Bernstein сарапшысы Дуглас Харнед, Пентагон операциясына дейін-ақ, Дональд Трамптың АҚШ-тың «Алтын күмбез» деп аталатын зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін дамыту жобасын саланың негізгі қозғаушы күші деп атаған. Жобаның болжалды құны – 175 млрд доллар. «Жоба толық іске аспаса да, оның жекелеген бөліктері жүзеге асады, ал компаниялар сол арқылы табыс табады», – деді Харнед CNBC арнасына. Оның болжамынша, бұл жобадан L3Harris Technologies, RTX, Northrop Grumman, Lockheed Martin, BAE Systems және Boeing сияқты ірі қорғаныс мердігерлері ұтады.
MarketWatch дерегінше:
– Boeing акциялары бойынша сарапшылардың 68%-ы «сатып алуға болады» деп санайды.
– RTX Corp бойынша – 65%.
– Northrop Grumman – 56%.
– Lockheed Martin қағаздарына қатысты көзқарас сақтықты талап етеді: сарапшылардың тек 44%-ы сатып алуға кеңес береді, ал 52%-ы оны портфельде ұстауды ұсынады.








