БастыЖаңалықтар
Бөлісу

JDE Peet’s компаниясын сатып алғаннан кейін Dr Pepper акциялары құлдырады

Венера  Сайфутдинова

Венера Сайфутдинова

Oninvest тілшісі
JDE Peet’s компаниясын сатып алғаннан кейін Dr Pepper акциялары құлдырады

Газдалған сусын брендтерінің иесі Keurig Dr Pepper компаниясының акциялары 2020 жылдан бергі ең төменгі деңгейге түсті. Бұған BNP Paribas банкінің рейтингті төмендетуі себеп болды. Банк бұл шешімді компанияның кофе өндіруші Jacobs-ты $18,4 млрд-қа сатып алуына нарықтың теріс реакциясымен түсіндірді. Сарапшылар компания бизнесі қысымға ұшырап отыр деп санайды және акция бағасы әлі де төмендеуі мүмкін дейді, өйткені олар қазірдің өзінде шамамен 20%-ға арзандаған.

Егжей-тегжейлі

22 қыркүйекте Keurig Dr Pepper компаниясының акциялары 4,3%-ға арзандап, 2020 жылдың мамырынан бергі ең төменгі деңгейге түсті. Бұған BNP Paribas банкінің компания акцияларының рейтингін «нарықтан төмен» деп бағалауы себеп болды. Бұл – акцияны сатуға кеңес берумен тең. Банк белгілеген мақсатты баға — $24, бұл 22 қыркүйектегі жабылу бағасымен салыстырғанда 7%-дан астам төмендеуді білдіреді.

Bloomberg-тің жазуынша шешімін түсіндірген сарапшылар тобының басшысы Кевин Гранди инвесторлардың $18,4 млрд тұратын, кофе мен шай өндіретін JDE Peet’s NV нидерланд компаниясын сатып алу келісіміне теріс қарағанын айтты. Бұл компания L’OR, Jacobs, Pickwick және басқа да брендтерге ие. Сонымен қатар, сарапшылар кофе бағасының қымбаттауы мен халық тұтынатын тауарларға сұраныстың төмендеуі компания табысына қауіп төндіреді деп отыр.

«Қазіргідей кофе бағасы күрт өсіп жатқан кезде тұтыну сұранысының төмендеуі тәуекел туғызады. Сондай-ақ, мәміле жабылғанға дейін әдеттегі белгісіздік факторлары сақталып отыр (мысалы, синергияға қол жеткізу немесе керісінше, біріктіруден болатын шығындар). Сондықтан біз әлі де сақтықпен қараймыз», — деп жазды сарапшылар.

SeekingAlpha басылымы жазғандай, Гранди мен оның командасы JDE Peet’s-ті сатып алу ұсынысын тұтыну секторындағы инвесторлар ең теріс қабылдаған мәмілелердің бірі деп атады.

Тамыз айының соңында JDE Peet’s-ті сатып алу туралы жарияланған сәттен бастап Keurig компаниясының акциялары 19%-ға төмендеді. Агенттік мәліметінше, акциялар қатарынан төрт апта бойы құлдырап келеді — бұл қаңтар айынан бергі ең ұзақ төмендеу кезеңі.

Басқа сарапшылар не дейді

BNP Paribas — Keurig акцияларына «нарықтан төмен» рейтингін берген жалғыз банк және 2024 жылдың қазанынан бері оларды сатуға кеңес берген алғашқы мекеме, деп жазады Bloomberg. Агенттіктің мәліметінше қазіргі таңда компания акцияларына 14 «сатып алу», және 7 «ұстап тұру» ұсынысы берілген.

Өткен аптада Citigroup Keurig Dr Pepper акцияларының мақсатты бағасын $41-ден $37-ге төмендеткенімен, «сатып алу» ұсынысын сақтап қалды. Бұл баға акциялардың 42%-ға өсуін болжайды.

Piper Sandler де Keurig Dr Pepper акцияларының мақсатты бағасын $40-тан $35-ке дейін төмендетіп, «сатып алу» ұсынымын «нарықтан жоғары» (Overweight) рейтингпен сақтады. Бұл бағалау акциялардың шамамен 35%-ға өсуін білдіреді.

Контекст

Keurig Dr Pepper JDE Peet’s компаниясын сатып алғаннан кейін бизнесті екі бағытқа бөлмек: кофе және басқа сусындар. Жылдық жиынтық табысы $16 млрд болатын алғашқы бағыт тек кофеге шоғырланған әлемдегі ең ірі компанияға айналмақ. Бұл құрамға Keurig пен Jacobs сияқты жылдық табысы $1 млрд-тан асатын брендтер, сондай-ақ Peet's Coffee бөлшек сауда желісі кіреді. Жылдық табысы $11 млрд-тан асатын екінші компания Dr Pepper, Canada Dry, 7UP және басқа газдалған сусын брендтерін біріктіреді.

Біріккен құрылымды KDP-ның қазіргі басқарушы командасы — CEO Тим Коффер және CFO Судханшу Приадарши басқарады.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары