JPMorgan басшысы акция нарығында 30% құлдырау қаупін болжады

JPMorgan бас директоры Джейми Даймон қор нарығында айтарлықтай түзету болу ықтималдығын 30% деп бағалады. Бұл – нарық қатысушыларының орташа болжамынан шамамен үш есе жоғары көрсеткіш. Оның айтуынша, әлем қазір геосаяси шиеленіс, мемлекеттік шығындардың өсуі және қайта милитаризация фонында белгісіздік кезеңіне қадам басып отыр. Сондықтан үкіметтердің басты басымдығы қорғаныс қауіпсіздігін күшейту болуы керек.
Егжей-тегжейі
JPMorgan басшысы Би-би-сиге берген сұхбатында нарықтағы ықтимал түзету қаупі туралы әріптестеріне қарағанда әлдеқайда көбірек алаңдайтынын айтты.
«Егер нарық мұндай түзету ықтималдығын 10% деп бағаласа, мен оны 30% дер едім. Бұл келесі жылы міндетті түрде болады деген сөз емес — мұндай нәрселерді болжау өте қиын», — деді ол. Даймон нақты мерзім атаудан бас тартты, бірақ бұл алты ай мен екі жыл аралығында орын алуы мүмкін екенін болжады. «Қазір белгісіздік деңгейі бұрынғыдан әлдеқайда жоғары», — деп қосты банкир.
JPMorgan басшысы атап көрсеткен негізгі қауіптер
Даймонның айтуынша, қазіргі басты тәуекелдерге геосаяси шиеленіс, мемлекеттік шығындардың көбеюі және әлемнің қайта милитаризациялануы жатады. Ол бұл факторлардың кез келгені дағдарысқа әкелуі мүмкін екенін, ал нарықтар мен әлем мұндай жағдайға дайын еместігін айтты.
Экономика үшін ең үлкен қатер – жаһандағы геосаяси тұрақсыздық, деді ол. Сондықтан билік органдары қорғаныс әлеуетін нығайтуға назар аударуы тиіс деп санайды.
«Кейбіреулер криптовалюта жинау керек дейді, ал мен әрдайым былай айтамын: оқ-дәрі, қару және бомба қорын жинау керек. Әлем әлдеқайда қауіпті бола түсті, мен қауіпсіздікті таңдаған болар едім», — деді JPMorgan басшысы.
АҚШ Федералдық резерв жүйесінің тәуелсіздігіне қатысты пікір білдірген Даймон, Дональд Трамптың бас банкир Джером Пауэллге бағытталған сыны мен қысымына қарамастан, ФРЖ өз тәуелсіздігін сақтап қалады деп сенетінін айтты. Алайда ол инфляцияның жоғары болуы жағдайында ФРЖ мөлшерлемелерді нарық күткендей деңгейге дейін түсіре алмауы мүмкін деп алаңдады.
Сонымен бірге, Даймон көптеген сарапшы айтып жүрген «жасанды интеллект көпіршігі» туралы пікірмен келіспейтінін мәлімдеді. Кей экономистер ЖИ нарығы 2000-жылдар басындағы дотком дағдарысын қайталауы мүмкін десе, JPMorgan басшысы мұнымен келіспейді. Оның пікірінше, жасанды интеллектке салынған инвестициялар өз нәтижесін береді, бірақ кейбір қаражаттың жоғалуы да ықтимал.








