JPMorgan Netflix рейтингін төмендетті: стриминг енді қорғаныс активі емес пе?

JPMorgan Netflix акцияларының рейтингін төмендетті: банк олардың бағасы жақын арада өседі деп күтпейді. Бұған дейін стриминг алпауытының қағаздары инвесторлар арасында қорғаныс активі ретінде сұранысқа ие болған еді. Себебі компания АҚШ-тың сауда саясатына азырақ тәуелді саналатын. Бірақ JPMorgan пікірінше, сауда саласындағы белгісіздік азайып, макроэкономикалық тәуекелдер жұмсарған жағдайда, инвесторлардың Netflix-ке деген қызығушылығы бәсеңдеуі мүмкін.
Егжей-тегжейлі
JPMorgan Netflix акцияларының рейтингін Overweight (нарықтан жоғары) деңгейінен бейтарап Hold ұсынымына дейін төмендетті, деп жазады CNBC. Осыған қоса банк мақсатты бағасын 6%-ға көтеріп, $1150-ден $1220-ға дейін жеткізді. Жаңа таргет 16 мамыр, жұма күнгі жабылу бағасымен салыстырғанда бар болғаны 2,4%-дық өсу әлеуетін білдіреді.
«Netflix-тің стриминг саласындағы көшбасшылығы мен болашақта жаһандық телевидениеге айналу мүмкіндігіне қатысты біздің ұзақмерзімді “оптимистік” көзқарасымыз өзгеріссіз қалады», — деп жазды JPMorgan сарапшысы Даг Энмут CNBC-ге берген түсіндірмесінде. — «Алайда қысқа мерзімді кезеңде, акция бағасы күткеннен тез өскеннен кейін, біздіңше, тәуекел мен табыс арасындағы тепе-теңдік біршама қалыпқа түсті».
Netflix акциялары қазіргі уақытта тарихи максимумға жақын саудаланып жатыр. JPMorgan сарапшысы Даг Энмуттың пікірінше, компанияның 2025 жылға қатысты болжамдары жақсара қалса да, бұл нарық бағасына әлдеқашан енгізілген. Инвесторлар сауда баждарына қатысты алаңдаушылықтар аясында өткен аптада Netflix акцияларын рекордқа жетті — олардың бағасы $1196-дан жоғары көтерілді. CNBC жазуынша, Netflix бизнесі сауда тарифтеріне аз тәуелді болғандықтан, инвесторлар белгісіздік кезеңінде оны қорғаныс активі ретінде пайдаланған. Алайда Энмуттың ойынша, бұл жағдай өзгеруі мүмкін.
«Netflix акциялары бұрын қорғаныс активі ретінде қарастырылды. Алайда егер сауда тарифтері мен макроэкономикаға қатысты алаңдаушылықтар азая берсе, біз инвесторлардың АҚШ-тың сауда саясатына көбірек тәуелді болып келген басқа интернет-компаниялар мен нарық сегменттеріне ойысуын күтеміз», — деп түсіндірді Энмут.
Жаз — Netflix үшін әдетте тыныш маусым. Компания өткен аптада жарнама берушілерге арналған таныстырылымында үшінші тоқсанға қызықты контент ұсынатынын жариялағанымен, акция бағасының өсуіне түрткі болатын айқын факторлар байқалмайды. деп атап өтті JPMorgan сарапшысы.
Акциялардың жай-күйі
JPMorgan Netflix акцияларының рейтингін төмендеткеннен кейін, 19 мамырдағы сауда барысында олар 1,7% арзандап, $1171,71 болды. Соған қарамастан, 2025 жылдың басынан бері Netflix акциялары шамамен 33% қымбаттаса, S&P 500 индексі небәрі 1% ғана қосқан.
TD Cowen Netflix акцияларының мақсатты бағасын $1150-ден $1325-ке дейін көтеріп, «сатып алу» (Buy) ұсынымын сақтап қалды. Ал 16 мамыр, жұма күні Canaccord Genuity де «сатып алу» рейтингін растады және мақсатты бағасын $1200-ден $1380-ге дейін арттырды. Сарапшылар Netflix-тің жарнама бизнесін дамытуда айтарлықтай ілгерілеу бар екенін атап өтті.
Сол аптада Wolfe Research сарапшысы Питер Супино да Netflix акцияларына қатысты «Outperform» (нарықтан озық өсім күтіледі) рейтингін сақтап, таргетін $1130-дан $1340-қа дейін көтерді. Investor’s Business Daily хабарлауынша, Супино компания басшылығымен кездесуден кейін оның ұзақмерзімді өсу әлеуетіне деген сенімі артқанын жазды.
Супиноның айтуынша, Netflix-тің негізгі өсім драйверлеріне АҚШ пен халықаралық нарықтардағы жазылушылар санының артуы, қолданушы белсенділігінің өсуі, баға саясатының икемділігі және енді дамып келе жатқан жарнама бизнесі жатады. Бұл факторлар компанияның табысын онжылдық соңына дейін жыл сайын екі таңбалы төменгі деңгейде өсіріп отыруға мүмкіндік береді.
Сарапшылар Netflix акцияларына қатысты оң көзқараста қалып отыр. MarketWatch деректеріне сәйкес, 53 сарапшының басым бөлігі Netflix акцияларын сатып алуға кеңес береді: 36-сы — Buy және Overweight ұсынымдары. Тағы 15 сарапшы акцияны ұстай тұруды (Hold), ал тек екеуі ғана сатуды (Underweight) ұсынады.








