Қояндар мен ғылыми догма: Медицина саласындағы Нобель сыйлығы туралы не білу керек?

2025 жылғы физиология және медицина бойынша Нобель сыйлығы Мэри Э. Брункоу, Фред Рамсделл және Симон Сакагучиге берілді. Олар иммундық жүйенің жұмысын зерттеп, аутоиммундық және онкологиялық ауруларды емдеуге, сондай-ақ ағзаларды трансплантациялауды жеңілдетуге жол бастайтын жаңалықтар ашты. Ғалымдар сипаттаған бұл механизм — перифериялық иммундық толеранттылық деп аталады.
Өзін-өзі уландыру қорқынышы
Адамның иммунитеті — ағзаны қорғайтын қуатты жүйе. Ол күн сайын вирустар мен бактериялармен күреседі, ісік жасушаларының пайда болуын тежейді және бізді өлімнен сақтайды. Егер балада иммундық тапшылық болса, яғни қорғаныс жүйесі жұмыс істемесе, арнайы емсіз ол екі жасқа жетпей шетінеуі мүмкін.
Иммунитеттің негізін түсінуге алғаш үлес қосқан ғалымдар — орыс және француз биологы Илья Мечников пен неміс иммунологы Пауль Эрлих. Олар бұл үшін 1908 жылы Нобель сыйлығын алды.
Бірақ қызық жағдай: Эрлих ғылымды алға жылжытқанымен, өз беделімен ұзақ жылдар бойы аутоиммундық ауруларды зерттеуге кедергі болды. Ол алғашқылардың бірі болып, иммундық жүйе өз ағзасына қарсы шабуыл жасай ала ма деген сұрақ қойды. Тәжірибе жасап, мұндай нәрсе болуы мүмкін емес деген қорытындыға келді. Өйткені ол ағзаның өзін-өзі жоюы деп түсінді. 1906 жылы шыққан «Иммунитет зерттеулері» кітабында бұл құбылысты «өзін-өзі уландырудың қорқынышы» (латынша horror autotoxicus) деп атады.
Эрлих дұрыс айтқан — ағзаның өзін қорғау тетіктері бар. Бірақ, өкінішке қарай, кейде олар бұзылады. Мұны ғалымдар тек жарты ғасыр өткен соң ғана дәлелдей алды.
1950 жылдары америкалық ғалым Ноэль Роуз қояндардың иммундық жүйесін зерттеп, таңғаларлық нәтижеге тап болды. Ол қоян иммунитетінің өз қалқанша безіндегі ақуызға, яғни тиреоглобулинге қарсы әрекет етіп, безді шабуылдайтынын байқады. Яғни, иммундық жүйе кейде өз ағзасын қате «жау» деп қабылдап, зақымдай алады.
Бұл жаңалықты жариялау қиын болды. Себебі «ұлы Эрлих» аутоиммундық аурулар болмайды деген еді. Бірақ Роуз бен оның жетекшісі Эрнест Витебски бірнеше мәрте экспериментті қайталап, шындықты дәлелдеді. Осылайша ғылымда жаңа кезең басталды: аутоиммундық аурулар бар екені расталды.
«Бұл — волчанка!»
«Доктор Хаус» телесериалында кейіпкерлер әр бөлімде дерлік «волчанка» диагнозын айтады. Бұл жүйелі қызыл жегі деп аталатын аутоиммундық ауру — ол әртүрлі тіндер мен мүшелерді зақымдайды және белгілері жиі шатастырады. Сериалда бұл ауру 30 реттен астам айтылып, тек бір рет қана расталған.
Волчанка сериалда әзіл ретінде қолданылғанымен, шын өмірде ол өте қауіпті. Диагнозды қою қиын, себебі белгілері әр адамда әртүрлі. АҚШ-та шамамен 1,5 млн адам, ал әлемде 5 млн адам осы аурумен өмір сүреді. Олардың 10–15%-ы асқынудан ерте қайтыс болады.
Оксфорд университетінің мәліметі бойынша, қазіргі кезде аутоиммундық аурудың 80-нен астам түрі бар: ревматоидты артрит, 1-типті диабет, шашыранды склероз және басқалары. Ұлыбританияда халықтың шамамен 10%-ы осындай аурулардың біріне шалдыққан. АҚШ-та 2020 жылы шамамен 20 млн адам осындай дертпен өмір сүрген.
Оксфорд ғалымдары аутоиммундық аурулардың нақты себебі әлі де түсініксіз екенін айтады — оған тұқым қуалаушылық пен қоршаған ортаның әсері қатар ықпал етуі мүмкін.
Аутоиммундық аурулар жыл сайын көбейіп келеді. Аутоиммундық аурулар қауымдастығының президенті Молли Мюррейдің мәліметінше, жыл сайынғы өсу қарқыны 3–12% шамасында. Бұл аурулар «эпидемия деңгейіне» жетіп отыр.
Қазір мұндай дерттерді толық емдеу тәсілі жоқ. Тек белгілерді бақылауда ұстау мүмкін — мысалы, 1-типті диабет кезінде инсулин қабылдау сияқты. Сол себепті иммундық жүйенің табиғатын зерттеу өте маңызды.
Нобель лауреаттарының жаңалығы
2025 жылғы Нобель сыйлығының иегерлері иммундық жүйенің қорғаушы жасушаларын — реттеуші Т-жасушаларды (T-reg) ашты. Олар иммундық жүйенің өз ағзасына қарсы шабуыл жасауына жол бермейді.
1980-жылдары ғалымдар Т-жасушалар тимус деп аталатын мүшеде жетіледі деп есептеген. Бұл жерде ағзаға зиян тигізуі мүмкін Т-жасушалар жойылады. Бұл — орталық иммундық толеранттылық. Бірақ жапон ғалымы Симон Сакагучи ерекше жағдай байқады: тимусы алынған кейбір тышқандардың иммунитеті әлсіреудің орнына, керісінше, өз ағзасын шабуылдай бастады.
Сакагучи иммундық жүйеде ерекше жасушалар бар деп болжады — олар иммундық реакцияны реттеп, өз тіндерге қарсы шабуылды тоқтатады. 1995 жылы ол осындай жаңа типтегі жасушаларды анықтады және оны реттеуші Т-жасушалар деп атады. Бұл процесс кейін перифериялық иммундық толеранттылық деп аталды.
Кей ғалымдар оған алғашында сенген жоқ. Бірақ АҚШ-та Мэри Брункоу мен Фред Рамсделл аутоиммундық аурумен ауыратын «scurfy» тышқандарын зерттей отырып, FOXP3 генін тапты. Бұл ген зақымданғанда адамдарда сирек кездесетін IPEX синдромы пайда болады.
Сакагучи мен оның әріптестері кейін дәлелдеді: FOXP3 реттеуші Т-жасушалардың дамуын басқарады. Бұл жасушалар иммундық жүйенің шамадан тыс реакциясын тежеуге көмектеседі және вирустар мен бактерияларға қарсы күрес аяқталған соң иммунитетті «тыныштандырады».
Реттеуші Т-жасушаларға әсер ету аутоиммундық және аллергиялық ауруларды емдеуге, сондай-ақ ағза мүшесін трансплантация кезінде кері қабылдауды азайтуға көмектесуі мүмкін. Сонымен қатар, ісікке қарсы иммундық реакцияны күшейту үшін осы жасушаларды тежеу әдістері де зерттеліп жатыр.
Clinicaltrials базасында қазіргі уақытта реттеуші Т-жасушаларды зерттейтін 187 клиникалық сынақ тіркелген. Олардың бір бөлігін Рамсделл теңқұрылтайшысы және кеңесшісі болып табылатын SonomaBio компаниясы жүргізіп жатыр. 2023 жылы SonomaBio ірі биотехнологиялық компания Regeneron-мен серіктестік орнатты.
Айтпақшы, Фред Рамсделл Нобель сыйлығы туралы жаңалықты бірден білмеген. Ол сол кезде интернетсіз демалыста, Айдаходағы тауда жаяу сапарда жүрген екен. Үміттенейік, ол үйге жаңа идеялармен оралып, аутоиммундық ауруларға қарсы дәрі табуға көмектеседі. Мұндай ем шынымен де адамзатқа қажет.








