«Қысқа ойын» фильміндегі инвестор Nvidia мен Palantir-ге қарсы бәс тіккен

Майкл Бьюрридің хедж-қоры Scion Capital 2025 жылдың үшінші тоқсанында Nvidia мен Palantir акцияларының арзандауына бәс тіккен. 2008 жылғы ипотекалық дағдарысты болжаған танымал қаржыгер ЖИ нарығында «көпіршік» пайда болды деп есептейді. Ол компаниялар бір-біріне ақша құйып, жалған өсім көрінісін жасап жатыр деген пайымда. Уолл-стрит сарапшылары Nvidia-ға әлі де сенімді, бірақ Palantir-ге қатысты көзқарастары сақ.
Егжей-тегжейі
«Қысқа ойын» кітабы мен фильмінің кейіпкеріне негіз болған қаржыгер Майкл Бьюрри жасанды интеллектке арналған чиптер өндіретін Nvidia және әскери және азаматтық мақсатқа ЖИ шешімдер жасайтын Palantir Technologies компанияларына қарсы бәс тіккен. Оның Scion Asset Management қоры бұл компаниялардың акциялары арзандағанда пайда әкелетін пут-опциондар сатып алған.
2025 жылдың үшінші тоқсанына арналған есеп бойынша, Бьюрри портфеліне Palantir-дің 5 млн акциясына $912 млн және Nvidia-ның 1 млн акциясына $187 млн көлемінде опциондар қосқан. Бұл позициялар қазір Scion портфелінің 80%-ын құрайды. Бұл Бьюридің ЖИ-ге қатысты қызығушылықтың бәсеңдейтініне сенімді екенін көрсетеді. Дегенмен бұл тек үшінші тоқсан соңындағы жағдай, қазіргі портфель құрылымы өзгеруі мүмкін.
Бьюридің жаңа «қысқа ойыны»
ЖИ саласына күмәнмен қарайтынын Бьюрри X әлеуметтік желісінде жариялаған жазбасында да көрсетті. Ол бұл жазбасында бұлтты қызметтерден түскен табыстың баяулағанын және технологиялық сектордағы инвестициялардың шамадан тыс өскенін көрсететін графиктерді келтірді. Оның айтуынша, ЖИ секторындағы компаниялар бір-біріне инвестиция салып, шексіз өсім бар деген жалған әсер қалдыруда.
Өткен аптада Бьюрри әлеуметік желідегі парақшасында нарықта көпіршік пайда болуы мүмкін екенін айтып, «кейде ең дұрыс шешім — бұл ойынды мүлде ойнамау» деді. Алайда оның ЖИ компанияларына қарсы нақты бәс тігуі бұл ойынды бастағанын білдіреді, дейді MarketWatch.
Nvidia мен Palantir акциялары не болып жатыр?
Nvidia акциялары жыл басынан бері 54%-ға қымбаттады. Соңғы үш жылдағы өсім ЖИ жабдықтарына сұраныстың артуымен байланысты. Бірақ 4 қарашада оның бағасы 1,8%-ға төмендеді.
Сарапшылар әлі де бұл компанияға сенімді. 3 қарашада Loop Capital мақсатты бағаны $250-ден $350-ге дейін көтерді, бұл акция бағасы шамамен 75%-ға өсуі мүмкін дегенді білдіреді. Сарапшы Ананда Баруа компания келесі 12–15 айда графикалық процессор жеткізілімін екі еселеуі мүмкін деді. Rosenblatt Securities те мақсатты бағаны $215-тен $240-қа көтеріп, 19 қарашада жарияланатын есеп алдында сатып алуға кеңес беріп отыр.
Palantir акциялары биыл 174%-ға өсті. Бірақ 4 қарашада акция бағасы есеп жақсы шыққанына қарамастан 7,7%-ға түсіп кетті.
Инвесторлар мен сарапшылар компанияның шамадан тыс бағалануы мен АҚШ үкіметімен келісімдерге тәуелділігіне алаңдап отыр. Себебі үкіметтің жұмысы уақытша тоқтауы мүмкін. FactSet деректеріне сүйенсек, Уолл-стрит сарапшыларының тек 24%-ы Palantir акцияларын сатып алуға кеңес береді. Көпшілігі – бейтарап рейтинг берген.
Бьюри портфеліндегі басқа өзгерістер
Үшінші тоқсанда Бьюри Halliburton мұнайсервистік компаниясы мен Pfizer фармацевтикалық алыбының акцияларына арналған колл-опциондар сатып алған. Сонымен қатар спорт киімдерін сататын Lululemon-дағы үлесін ұлғайтып, Bruker ғылыми жабдық өндірушісінің, SLM Corp қаржы ұйымының және Molina Healthcare сақтандыру компаниясының акцияларын сатып алған. Molina — қазіргі кезде Scion портфеліндегі ең ірі ұзақ мерзімді инвестиция.
Фонд UnitedHealth сақтандыру компаниясы мен Estee Lauder косметикалық бренді акцияларынан құтылған. Айта кетейік, бірінші тоқсанда Estee Lauder Бьюридің жалғыз ұзақ мерзімді позициясы болған.








