БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Қытай азаматтарына Жапонияға бармауды ескертті. Қандай жапон акциялары зардап шекті?

Альберт Фахрутдинов

Альберт Фахрутдинов

Қытай азаматтарына Жапонияға бармауды ескертті. Қандай жапон акциялары зардап шекті?

Туризм мен бөлшек саудаға қатысты Жапонияның ірі компанияларының акциялары күрт құлдырады. Бұған Қытай билігінің азаматтарына дипломатиялық шиеленістің өршуі аясында Жапонияға барудан және онда оқудан уақытша бас тартуды ұсынуы себеп болды. Қытаймен саяси қатынастардағы тәуекелдердің күшеюі оған көрші елдердің экономикаларына бірнеше рет соққы әкелгені белгілі.

Егжей-тегжейлі

Токио сауда алаңындағы Shiseido косметикалық алып компаниясының акциялары сауда басталғанда 11,4%-ға төмендеп, сәуірден бергі ең нашар нәтижесін көрсетті. Don Quijote (Donki) дискаунтерлер желісін басқаратын Pan Pacific International қағаздары 9,7%-ға арзандады — бұл 2024 жылдың тамызынан бергі ең ірі құлдырау. Bloomberg-тің дерегінше бұл екі компания да қытайлық туристер арасында өте танымал.

Isetan Mitsukoshi универмагтар желісінің акциялары Токиода 12%-дан астам құлдырады, ал Tokyo Disney Resort-тің операторы Oriental Land қағаздары 5%-дан көп төмендеді. Uniqlo брендіне иелік ететін Fast Retailing акциялары 6,9%-ға арзандады, мұндай төмендеу соңғы рет шілденің ортасында болған. Sushiro суши желісін басқаратын Food & Life Companies акциялары 15%-ға құлдырап, 2017 жылы листингке шыққалы бері ең терең төмендеуді көрсетті.

Туризм секторындағы компаниялар да қысымға түсті. Мәселен, ANA Holdings әуе тасымалдаушысының акциялары 3,8%-ға төмендеді, ал Kyoritsu Maintenance қонақүй желісі 8,9% жоғалтты. Сонымен қатар Air China, China Southern Airlines және Қытайдың ең ірі туристік онлайн-сервисі Trip.com Group қағаздары да сатылымға ұшырағанын агенттік атап өтті.

Инвесторларды не алаңдатты

Инвесторлар акцияларды жаппай сата бастады, себебі Бейжің жапон жерінде қытайлықтар үшін қауіптің күшейгенін ескертті. 14 қарашада Қытай СІМ: «қазіргі кезеңде Жапонияға барудан бас тартуды» ұсынатынын мәлімдеді. Бұл зілді ескерту Жапонияның жаңа премьер-министрі Санаэ Такаитидің Тайвань төңірегіндегі жанжал кезінде әскери күш қолдану Жапонияның ұлттық қауіпсіздігіне тікелей қатер ретінде қарастырылуы мүмкін деген сөзімен тұспа-тұс келді, деп жазады Bloomberg.

Бейжіңнің бұл директивасы Жапония туризмінің қалпына келуіне қауіп төндіруде. Стагнацияға ұшыраған экономиканың санаулы өсім нүктелерінің бірі дәл осы болатын. Жапон Туризм агенттігінің мәліметінше өткен тоқсанда шетелдік туристердің шығындары бойынша қытайлықтар көш бастады, жалпы шығындардың 28%-ы олардың үлесіне тиген.

Жапония СІМ-нің Азия және Мұхит өңірі бюросының директоры Масааки Канаи 17 қарашада жағдайды реттеу үшін Қытайға аттанды, деп хабарлайды NHK. Ол Такаитидің Тайвань жөніндегі пікірінің Жапонияның ресми ұстанымынан ауытқымайтынын түсіндіруді және Пекинді екі елдің позицияларындағы қайшылықтардың халықаралық ынтымақтастыққа зиян келтірмеуін қамтамасыз етуге шақыруды жоспарлап отыр.

Сарапшылар не дейді

Bloomberg Intelligence сарапшысы Кэтрин Лим жағдай Жапонияның туризм арқылы бөлшек саудасын арттыру жөніндегі болжамдарға қатер төндіретінін айтады. Оның пікірінше Қытайда жапон тауарларын бойкоттау қаупінің өсуі Uniqlo, Asics және Muji сатылымдарына соққы беруі мүмкін.

Jefferies аналитигі Хисаэ Кавамото қытайлық тұтынушылар жапон өнімдерін онлайн-арналар арқылы сатып ала беретінін атап өтті. Оның ойынша «қазіргі сапардан бас тарту туралы ескертуден туындаған инвесторлардың алаңдаушылығы шамадан тыс болуы ықтимал».

Контекст

Bloomberg еске салғандай, Қытаймен қарым-қатынастағы шиеленіс бұған дейін де көрші елдердің экономикаларына әсер еткен. Шамамен он жыл бұрын Пекин Оңтүстік Кореяның америкалық THAAD зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін орналастыру туралы шешіміне жауап ретінде Lotte желісінің көптеген дүкендерін жапты және елге топтық турларды тоқтатты. Нәтижесінде Оңтүстік Кореяға келген қытайлық туристер ағыны күрт төмендеп, корей автоконцерндері Қытайда сату көлемінің құлдырауымен бетпе-бет келді.

Ал 2012 жылы Шығыс Қытай теңізіндегі даулы аралдар төңірегіндегі шиеленіс кезінде Қытайдан Жапонияға келетін туристер саны төрт-ақ айда екі есе төмендеген.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары