БастыReview
Бөлісу

Қытай экономикасы 5% өсімге жету үшін батыл қадамдар жасауға мәжбүр

null  null

null null

Қытай экономикасы 5% өсімге жету үшін батыл қадамдар жасауға мәжбүр

2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысынан кейін Қытай қолданған ынталандыру саясаты экономикасының V тәрізді қарқынмен қалпына келуіне мүмкіндік берді. Алайда кейін үкімет неғұрлым бейтарап, тіпті қатаң макроэкономикалық саясатты ұстануға шешім қабылдады. Егер Қытай 2025 жылы көзделген өсім қарқынына қол жеткізгісі келсе, осы тәсілдерді өзгертуі қажет. Шын мәнінде, 2024 жылдың қыркүйегінен бастап Қытай макроэкономикалық саясатын айтарлықтай қайта бағыттады. Осы өзгерістердің мәні мен алдағы басым бағыттар туралы Project Syndicate басылымына арнаған мақаласында Қытайдың Дүниежүзілік экономика қоғамының бұрынғы президенті Юй Юндин түсініктеме берді.

Ынталандыру үшін елеулі мүмкіндік

Әдетте үкіметтің ынталандырушы немесе шектеуші макроэкономикалық саясат жүргізіп жатқанын екі негізгі көрсеткіш арқылы анықтайды. Олар – экономикалық өсім қарқыны (немесе жұмыспен қамту деңгейі) және инфляция деңгейі. Егер экономиканың өсім қарқыны төмен болса (және инфляция да төмен болса), ынталандыру қажет. Ал инфляция жоғары болған жағдайда шектеу шаралары қажет, бірақ бұл экономикалық өсімді тұншықтырмауы тиіс.

Осыны ескере отырып, Қытайда ынталандыру саясатын жүргізуге себеп болатын аргументтер анық көрінеді. Өндірушілер бағасының индексі (PPI) шамамен 13 жыл бойы теріс аймақта қалып отыр, ал тұтыну бағаларының жылдық индексі (CPI) де өте төмен — 2024 жылы бар болғаны 0,2% ғана болды. Қытайдың ЖІӨ өсімі 2010 жылы 10,6% болса, өткен жылы 5%-ға дейін төмендеді.

Қытай үкіметі неге бұрын ынталандыру саясатын таңдамады? Оның басты себебі – бюджет жағдайының нашарлауынан қауіптенуі. 2023 жылдың соңында Қытайдың мемлекеттік қарызының ЖІӨ-ге шаққандағы үлесі 61%-ға жақындаса, ал «кеңейтілген мемлекеттік қарыздың ЖІӨ-ге қатынасы» (жергілікті билік органдарының қарыздарын қоса есептегенде) шамамен 117%-ға жетті. Бұл көрсеткіштер дамыған елдермен салыстырғанда әлдеқайда төмен болғанымен, Қытай үшін жоғары саналады. Сондықтан үкімет бюджет тапшылығының ЖІӨ-нің 3%-ынан асуын қаламайды.

Дегенмен өткен жылдың соңында Қытайдың Қаржы министрлігі орталық үкіметтің қарыз құралдарын шығару мен бюджет тапшылығын арттыру үшін «елеулі мүмкіндігі» бар екенін мойындады. Бұл – соңғы жылдардағы риторикадан айтарлықтай алшақтық. Бұдан бөлек, қыркүйекте Қытай Коммунистік партиясы басшылығының отырысында билік өкілдері бюджет және ақша-несие саясатын «циклге қарсы реттеу» шараларын күшейтуге, сондай-ақ мақсатты өсім қарқынына қол жеткізу үшін «қажетті бюджет шығындарын» пайдалануға уәде берді.

Басқа басымдықтар

Қытайда көпшілік үшін экономикалық өсім енді бұрынғыдай басты рөл емес. Соңғы уақытта негізгі басымдық ретінде өндірістік қуаттардың артықтығын жою жиі аталады. Ал экономиканы ынталандырудың жаңа кезеңі, яғни инвестицияларды арттыру шаралары осы мақсатқа жетуді баяулатуы мүмкін деген алаңдаушылық бар. Алайда артық өндіру – бұл құрылымдық мәселе, оны ең алдымен нарықтық тетіктер арқылы шешу қажет, дегенмен белгілі бір қолдау шараларын да пайдалану мүмкін.

Дегенмен ЖІӨ өсімінің қарқыны әлі де маңызды. Биыл экономиканың 5%-дық мақсатты өсіміне қол жеткізу оңай емес. Себебі ЖІӨ өсіміне негізгі үлесті таза экспорттың артуы қосып отыр (2024 жылы бұл 1,5 пайыздық пункт болған), ал экспорт АҚШ-пен жалғасып жатқан сауда қайшылығының салдарынан айтарлықтай зардап шегуі мүмкін.

Иә, Қытайдың Бас кеден басқармасының дерегіне сүйенсек, 2025 жылдың алғашқы тоқсанында таза экспорт жылдық мәнде 50% өсті. Алайда бұның себебі белгілі және уақытша сипатқа ие: америкалық импорттаушылар баж салығының көтерілуін күтіп, қытай тауарларын алдын ала көптеп сатып алған. Жыл қорытындысы бойынша таза экспорт өсімі күрт төмендеп, кейбір бағалауларға сәйкес, Қытайдың ЖІӨ өсімін кем дегенде бір пайыздық пунктке азайтады.

Экспорт өсімінің баяулауы — Қытай үшін жалғыз мәселе емес. Ішкі тұтыну табыс деңгейіне, болашақ кірісіне деген күтімге және жалпы әл-ауқатқа тәуелді. Ал кірістің баяу өсуі, тұрғын үй бағасының төмендеуі және қор нарығындағы тұрақсыздық аясында ішкі тұтынуды (яғни жиынтық сұранысты арттыру үшін қажет бағытты) ынталандыру оңай емес.

Қол жетімді деректер негізінде, мен 2024 жылдың соңында түпкілікті тұтыну ЖІӨ-нің 56,2%-ын, ал таза экспорт 3,4%-ын құрағанын есептеп шығардым. 2025 жылдың алғашқы тоқсанында әлеуметтік тұтыну тауарларының бөлшек сауда көлемі (түпкілікті тұтынудың прокси-индикаторы) 4,6%-ға артқанын ескерсек, биыл ЖІӨ өсіміне түпкілікті тұтыну мен таза экспорт шамамен 2,8 пайыздық пункт көлемінде үлес қосады деп пайымдауға негіз бар.

Үшінші элемент

Бұл жағдайда Қытай 5%-дық мақсатты өсімге тек үшінші фактор — жинақталған капитал, 2,2 пайыздық пункт үлес қосқанда ғана жете алады. 2024 жылы оның ЖІӨ-дегі үлесі 40,4% болған. Ол үшін биыл жинақталған капиталдың өсім қарқыны 5,4% болуы тиіс.

Тікелей деректердің жоқтығына байланысты бұл көрсеткішке прокси-индикатор ретінде негізгі капиталға салынған инвестициялар пайдаланылады. Оған өнеркәсіпке салынған инвестициялар (менің есептеуім бойынша, 2024 жылы 48,3%), жылжымайтын мүлікке салынған инвестициялар (19,5%) және инфрақұрылымға бағытталған инвестициялар (32,2%) кіреді. Өткен жылы өнеркәсіпке салынған инвестициялар 9,2% өсті, ал жылжымайтын мүлік саласына салынған инвестициялар 10,6% төмендеді. Егер 2025 жылы өнеркәсіпке инвестициялардың өсу қарқыны 9,2% деңгейінде сақталса (бұл мүмкін), ал жылжымайтын мүлікке инвестициялардың төмендеу қарқыны минус 0,5%-ға дейін баяуласа, онда бұл екеуінің негізгі капиталға салынған жалпы инвестиция өсіміне қосатын үлесі шамамен 3,5 пайыздық пункт болады.

Яғни, биыл негізгі капиталға салынатын инвестициялар өсімінің 5,4%-ына жетуі үшін инфрақұрылымға инвестиция көлемін 6%-ға арттыру қажет болады. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары көрсеткіш. Ал алғашқы тоқсанда негізгі капиталға салынған инвестициялар небәрі 4,2% ғана өсті.

Деректердің жеткіліксіз болуына байланысты бұл сандар нақты болмауы мүмкін, дегенмен олар Қытай алдында тұрған міндеттің ауқымын шамамен бағалауға мүмкіндік береді: инфрақұрылымдық инвестициялар өсімін айтарлықтай жеделдету қажет. Ол үшін мемлекеттік облигациялар шығарылымын едәуір арттыру — сөзсіз қажетті шарт.

Үміт күттірерлік жаңалық бар: Қытай 2025 жылға арналған бюджет тапшылығын ЖІӨ-нің шамамен 4%-ына жоспарлап отыр. Бұл — 2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысынан бергі ең жоғары деңгей. Алайда қолда бар белгілерге қарағанда, Қытай билігі жоспарлап отырған бюджеттік кеңейту шаралары жеткіліксіз болуы мүмкін. 5% өсімге қол жеткізу үшін үлкен тәуекелге баруға тура келеді.

Copyright: Project Syndicate, 2025.

www.project-syndicate.org

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары