Қытайдағы инвесторлар белсенділігі кейінгі алты айдағы ең жоғары деңгейде

Қытай қор биржаларындағы сауда көлемі жарты жыл ішіндегі максимумға жетті. Бұл инвесторлар оптимизмінің өскенін және раллидің жалғасуы мүмкін екенін көрсетеді. Shanghai Composite негізгі индексі қазаннан бері алғаш рет рекорд жаңартса, технологиялық ChiNext қаңтардан бергі ең үлкен күндік өсімін көрсетті. Дегенмен, акциялардағы ралли аясында қарыз нарығына қысым күшейді. Ұзақмерзімді мемлекеттік облигацияларға фьючерстер кейінгі төрт айдағы минимумға түсті.
Егжей-тегжейі
Сәрсенбі, 13 тамызда Қытайдың құрлықтық биржаларындағы сауда көлемі 2,15 трлн юаньға (300 млрд $) жетті. Бұл 21 ақпаннан бергі ең жоғары көрсеткіш. Ол кезде қытайлық Deepseek стартапы жасанды интеллект саласында серпіліс жасағаннан кейін тәуекелді активтерге сұраныс күрт артқан еді. 2 трлн юаньдық межеден асу нарықта «бұқалардың» үстемдігін білдіреді, деп жазады Bloomberg.
Кейінгі айларда қытайлық акциялар өсіп келеді, ал жоғары жергілікті өтімділік бұл раллиді әрі қарай қолдауы мүмкін, деп болжайды агенттік. Shanghai Composite индексі 13 тамызда сауда барысында 8 қазандағы тарихи максимумнан да жоғары көтерілді. Ал Шэньчжэнь биржасында технологиялық және қарқынды дамып келе жатқан компаниялардың акцияларын қадағалайтын ChiNext индексі 3,6%-ға өсті. Бұл қаңтардан бергі ең жақсы нәтиже.
Өсу көптеген секторларға әсер етті, деп қосады Finimize. Құрлықтық Қытайдың ең ірі және өтімді компанияларын қамтитын CSI300 индексі және Nasdaq-қа ұқсас қытайлық STAR Market 50 индексі де технологиялық, жартылай өткізгіш және сақтандыру компаниялары акцияларының өсуі аясында көтерілді.
Неліктен акциялар нарығы өсіп жатыр?
Bloomberg мәліметінше, Қытайдың акциялар нарығы экономикалық баяулау мен кейбір салалардағы шектеулерге байланысты ұзақ әлсіз кезеңнен кейін қалпына келуде. Сауда белсенділігінің артуы жаһандық инвесторлар көңіл-күйінің жақсарған сәтіне тұспа-тұс келді: Bank of America сауалнамасы қор басқарушылардың Қытайдың келешегіне сенім арта бастағанын және Пекиннің дефляцияға қарсы шараларына үміт артатынын көрсетті. Банк сарапшыларының бағалауынша, Қытай қазір аймақтағы инвестициялық тартымдылық бойынша Жапониядан кейін екінші орында.
Сонымен қатар, тұтынушылық несиелерге субсидиялардан бастап, Тибетте ірі гидроэлектростанция салу сияқты инфрақұрылымдық жобаларға дейінгі мемлекеттік қолдау шаралары нарыққа серпін берді, деп жазады Finimize.
Тағы бір оң фактор — Қытай мен АҚШ арасындағы сауда «бітімінің» ұзартылуы, бұл жергілікті ынталандырулар күшейген сәтте сыртқы тәуекелдерді азайтты. Осы жағдайларда жергілікті брокерлер қазіргі өсімді өткен «бұқа» циклдерімен салыстырып, жоғары ішкі өтімділік алдағы айларда бағалардың өсуін жалғастыра алады деп санайды.
Ал облигациялар нарығында не болып жатыр?
Акциялардағы ралли аясында қарыз нарығы қысымға ұшырады: бейсенбі, 14 тамызда 30 жылдық мемлекеттік облигациялар фьючерстері 0,7%-ға дейін төмендеді, ал апталық құлдырау 1,5%-ға жетті. Bloomberg дерегінше, ING Bank сарапшысы Линн Сун облигациялар нарығын, мысалы, базалық мөлшерлемені төмендету секілді қадамдар қолдай алатынын айтады.
Облигациялар нарығына қысым жасайтын тағы бір фактор — іргелі көрсеткіштердің әлсіреуі: шілдеде қытай банктерінің негізгі кредит беру көрсеткіші соңғы 20 жылда алғаш рет қысқарды, жалпы кредиттік өсім баяулады.
Контекст
Қытайдың қор нарығы ұзақ уақыттық қысымнан кейін қалпына келуде. Ақпанда қысқа мерзімді өсімге Deepseek компаниясының жасанды интеллект саласындағы технологиялық серпілісі себеп болды. Бірақ бұл тренд ұзаққа созылмады, деп жазады Bloomberg.
Financial Times мәліметінше, Deepseek әзірлеген терең оқыту моделі өнімділігі жағынан батыстық жетекші LLM-дерге (Large Language Models — ірі тілдік модельдер) тең, бірақ оны үйрету әлдеқайда арзанға түскен. Бұл қуатты ЖИ іске қосылып, америкалық көшбасшылармен бәсекелесе алады деген үміт тудырды және қысқа мерзімді раллиге түрткі болды.
Нарықтар бұған қатты реакция берді: Nvidia секілді технологиялық алыптардың акциялары ондаған пайызға арзандап, сектордың жиынтық капитализациясы 1 трлн доллардан астамға қысқарды. Алайда эйфория тез басылып, инвесторлар әлсіз кредиттік өсім мен Қытайдың ақша-несие саясатының белгісіздігі сияқты іргелі тәуекелдерді қайта бағалауға көшті.








