Сауда соғысына қарамастан Қытай агросекторының акциялары күрт өсті
АҚШ компаниялары кеткенненн кейінгі ішкі тапшылық қытайлық ауылшаруашылық өндірушілерге табыс әкелуі мүмкін

Қытайда жұмыртқа, мал азығы және ауылшаруашылық өнімдерін өндіретін компаниялардың акциялары Азиядағы биржалық күйреуге қарамастан өсті. Инвесторлар Бейжіңнің АҚШ импортына қарсы жауапты тарифтерінен бұл компаниялар пайда көреді деп үміттеніп отыр.
Мәліметтер
Қытайдағы ең ірі мал азығы өндірушілерінің бірі және шошқа еті нарығында жетекші орын алатын New Hope Liuhe компаниясының акциялары Шэньчжэнь биржасында 5%-ға қымбаттады. Shanghai Menon Animal Nutrition Technology компаниясы 20%-ға өсті. Пекин қор биржасында тіркелген жұмыртқа өндіруші Suzhou Ovodan Foods акциялары таңғы сессияда 30%-ға шекті өсімге жетті. Сол биржада сауда жасайтын тұқым шаруашылығы компаниясы Henan Qiule Seeds Technology де 29%-ға қымбаттады.
Бұл өсім — Қытай нарығындағы ауқымды сатылым толқыны аясындағы сирек кездесетін жағдай. Азияда нарықтық тұрақсыздық АҚШ президенті Дональд Трамптың негізгі сауда серіктестеріне қарсы қосымша кедендік тарифтер енгізу туралы мәлімдемесінен кейін өршіді. Ал Қытай жауап ретінде бүкіл америкалық импортқа 34%-дық тариф және америкалық тауарлар мен компанияларға қатысты бірқатар тарифтік емес шаралар енгізетінін жариялады. Осы жағдайдан кейін инвесторлар АҚШ импорттаушыларының кетуінен кейін Қытайда ішкі сұраныс артады деген үмітпен жергілікті агросекторға назар аудара бастады, деп жазады Nikkei.
Талдаушылар не дейді
Қытайдың беделді брокерлік және қаржылық кеңес беру компаниясы Citic Securities 7 сәуірде ауыл шаруашылығы саласы Қытайдың АҚШ-қа қарсы жауаптық шараларынан тікелей пайда көруі мүмкін екенін айтты.
«Жаңа тарифтерден кейін америкалық соя, жүгері және сорго бағалары күрт көтерілуі мүмкін. Бұл АҚШ-тан импорт көлемінің айтарлықтай қысқаруына алып келеді», — делінген Citic талдаушыларының жазбасында, оны Nikkei келтіреді.
«34% тариф кезінде АҚШ-тың ауыл шаруашылық өнімі Қытай нарығынан мүлдем шеттетілуі мүмкін. Бұл — Бразилия мен Австралия сияқты басқа экспорттаушыларға өз үлесін арттыруға мүмкіндік», — дейді австралиялық IKON Commodities компаниясының кеңес беру жөніндегі директоры Оле Хоу, оның сөзін Reuters келтіреді.
Citic сарапшылары орта және ұзақ мерзімде Қытай басқа елдерден, мысалы, Бразилия немесе Аргентинадан сатып алуды арттыра алады деп есептейді. Бірақ қазіргі жағдайда нарықтағы көңіл күй мен ұсыныс пен сұраныс арақатынасы ішкі нарықта соя шроты және ақуызды жем бағаларын өсіреді, бұл өз кезегінде басқа ауыл шаруашылық өнімдеріне де оң әсер етеді.
Контекст
Қытайдың Қаржы министрлігі 10 сәуірден бастап АҚШ импортының барлық түріне қосымша кедендік алымдар енгізеді. Бұл шаралар наурыз айында АҚШ-тың ауылшаруашылық өнімдерінің бірқатарына 10–15% көлемінде белгіленген тарифтерді, сондай-ақ ақпанда кейбір энергетикалық және ауылшаруашылық құрал-жабдықтарына енгізілген баждарды толықтырады.
Ең көп зардап шеккен сала — агросауда. ҚХР кеден органдары америкалық C&D компаниясының сорго импорты мен тағы үш компанияның құс еті мен ет-сүйек ұнын жеткізуін дереу тоқтататынын хабарлады. Reuters агенттігі келтірген АҚШ сауда статистикасы бойынша 2024 жылы Қытайға экспортталған ең ірі тауарлар соя бұршағы, майлы және дәнді дақылдар болды — жалпы көлемі $13,4 млрд.








